Санасыздар стратегиялық қателік жасап жүр

Алматыға кіре беріс жолдың бәрінде экологиялық посттарды самсатып қойды. Ел билігі түтіні нормадан асатын көлік жүргізушілеріне 10 АЕК айыппұл салатын заңын әлдеқашан қабылдап қойған.
Бұл деген бақандай, 30 мың теңге. Екінші рет ұсталғанның айыппұлы 60 мың теңгенің үстінде. Бұл ашығын айтқанда, қара халықты тонау.
Ескі көлікпен жүрген адамның ондай ақшаны айыппұл түрінде төлейтін жағдайы қайдан болсын? «Әке-көке», деп жалынып, жағдайын айтып жылап, парасын беріп, жоқ жерден жемқорлықтың жалауын желбіретіп жатырмыз.
Біздің елде түтіндейтін, ескі-құсқы көлікпен кім жүреді? Өкініштісі сол, жағдайы жоқ, бала-шағасын әрең асырап, таксилетіп, күн көретін қалың қазақ жүреді. Қала сыртында тұратын қайран қазақ күн сайын экологиялық посттардағы полицейлерге жем боп жатыр. Халықтың әл-ауқатын көтерудің орнына, жығылғанға жұдырық боп, кедей қазақты қысып жатыр. Бұл үлкен стратегиялық қателік. Тұрмысы төмен халыққа қарсы жасалған жүйелі қастандық.
Қазақ даласының экологиясын улап жатқан шын зиянкесті дәл тапқан екен! Өйткені Қазақстандағы заң әзірлейтін министрліктер, ол заңдарды қабылдайтын депутаттар қара қазақтың тіршілігімен таныс емес. Өтірікті шындай қылып, қалай сайрау керектігін түсінеді, ал кедей қазақтардың өздерінің жанында қаншалықты кедей екенін түсінбейді. Егер түсінсе, төбе шаштары тік тұратын шығар.
Өлсе де әділ сайлау өткізбейтін, жалпы, өзіне зияны тиетін ешбір шындық пен әділдікті қабылдамайтын, бастан-аяқ жемқор жүйемен біте қайнасқан биліктегі іші-сырты лас адамдардың ел экологиясына шын жаны ашиды дегенге сенесіз бе?! Ел тағдырына, жоқшылықтан көз ашпаған қара қазақтың мұң-зарына отыз жыл бойы жаны ашымағандар енді экологияны ойлай қалыпты.
Кеше қала сыртындағы бір экологиялық постта жилет киіп тұрған арық жігіт ескі көлікпен таксилетіп келе жатқан қазақты тоқтатыпты. «Түтініңіз нормадан асады, құжатыңды әкел-дағы, іште отырған инспектордың алдына бар», депті. Күйініп кеткен шарасыз жүргізуші «айыппұлыңды жаза бер» деп, сыртқа шығып, күтіп тұрса, семіздіктен жарылайын деп, әрең отырған инспектор планшетімен айыппұл рәсімдеуге де ерінсе керек, «бір жолға ауызша ескерту» деп, жүре бер, депті. Сонда дүйім депутаттың пыш-пыш болып қабылдаған заңы қайда қалды? Полицейдің өзі кедей қазақтың жұпыны ұсқыны мен жаман көлігіне бір қарап, жаны ашып тұрса, ендеше, бұл бір жаман, жайсыз, халыққа қарсы, ақылға сыймайтын заң болғаны ғой? Ана жақта Смайыловтың үкіметі халықтың әл-ауқатын көтереміз деген түрлі жоба-бағдарламаларын ұсынып жатыр, мына жақта сол үкіметтің солақай заңдары халықты қанап, соңғы ақшасын сорып жатыр.
Халыққа тікелей көмек жасағысы келсе, «Қазақстан халқына» деген ұрлық ақша жиналған қордағы босқа жатқан миллиардтарды дәл жаңағы ескі-құсқы көлікпен жүрген кедей-кепшікті тоқтатып, шетінен неге бермейді?!
Қаралы қаңтардан кейін көшеге шыққан наразы топтардың экологиялық посттарды бүлдіріп-зақымдап кеткеніне қарап, бұл биліктің басына бірдеңе жетіп, ойланатын шығар десек, бұлар посттарды қайта жөндеп, тозған қазақты тағы езгілеп жатыр екен.