Санаткерлік болмыс

Біз студент болған өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында қазақтың қаламгерлік, сыншылық өнерінде ерекше бір жарқын серпілістер өтіп жатты.
Асқар Сүлейменұлы, Зейнолла Серікқали, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали сияқты жасы отызға да жетпеген кілең бір сайыпқыран ағаларымыз әдебиетке жаңа леп әкеліп, елді елең еткізді. Бәрі де терең білім иелері. Қолтаңбалары айрықша, стильдік сөз саптаулары сұрапыл, шығармаларды шыңыраулата талдайтын шеберліктерін айтсайшы. Олардың сөзден жасын ойнатқан мақалалары жазуға талабы бар талай жастың көкірегінде ұшқын ұялатты. Сол ағаларымыз секілді жаза алсақ қой деген армандаулардың әсері болар, Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетінде оқитын студенттер арасында да жазу-сызуға үйірсектік кәдімгідей байқалатын. Сондайда көбіне-көп төңіректейтініміз жастар газеті – бүгінгі «Жас Алаш» басылымы еді. Өнер тақырыбын қозғаған екі-үш мақаламыз жарық көргеннен кейін, қол жетпес армандай сол газет, 1969 жылдың көктемінде, бесінші курста оқып жүрген біз пақырды қызметке шақырғанда сенер-сенбес күй кешкенім әлі есте.
Содан жастар газетінде табан аудармастан 20 жыл 10 ай жұмыс істеппін. Бір қарағанда едәуір ұзақ мерзім. Ал мен үшін, бұл кезең – жұрналшылық өнердің тылсым сырларына терең баулитын үздік бапкер-басылымның қилы-қилы сабақтарына қаныққан, қолтаңбамыздың қалыптасуына, қаламгерлік үрдіске қол созуға мүмкіндік әперген тәлімді де жемісті жылдар болған еді. Тарихы сонау 1921 жылдан басталып, аты замана тезiне сай әртүрлi: «Жас Алаш», «Өртең», «Жас қайрат», 1927 жылдан «Лениншіл Жас» деп аталғанымен, бұл басылым қазақтың талай-талай жұрналшы, қаламгер толқынның ұстаханасына айналудан бiр танған жоқ. Әрі жастар газетiнiң ең бiр дүрiлдеген, 300 мыңдық қалың оқырманына арқа сүйеген шағы – өткен ғасырдың жетпiсiншi, сексенiншi жылдардағы біз істеген кезеңге дөп келіпті. Алдындағы алпысыншы жылдарда Шерхан Мұртаза сынды ұлы редактор қанатын қомдатқан дүбiрлi жұрналшылық өнер бәйгесiн, Сейдахмет Бердiқұлұлындай сергек санаткер-редактор одан әрi дүрілдетіп әкеткен жастар газетінің, киiздей тұтасқан қазақ оқырманның тiлек-талабымен кемел үйлескен, өзара тығыз байланыс құрған жылдары еді ол.
Сол кездерде газеттегі шығармашылық ахуал қандай еді, шіркін. Кілең қаламы албырт, ізденгіш жандардан құралған жұрналшылар қауымы өз жазғандарын оқылымды ету үшін неше алуан стильдік, көркемдік талпыныстарға баратын. Әдетте тақырыбы тартымды емес деп есептелетін өндіріс, шаруашылық, жастар ұйымдары туралы дүниелердің өзін де түрлендіре орындаудың бар амалдары қарастырылатын. Жақсы орындалған дүниелерге бәрі бір кісідей қуанып, әрқайсысы да сондай үздік материалдар жазуға ұмтылып, өзара шынайы бәсекеге түсетін.
Осы орайда бұл газеттің әртүрлі жұрналшылық өрістерге еркін шыға алатын жан-жақты мүмкіндігінің, сол кездегі басқа басылымдарда шектеулі болғанын еске сала кеткен де жөн сияқты. Себебі жариялылыққа құрсау салынған әміргершілік кезеңдерде өзге күнделікті газеттер (олар негізінен партиялық басылымдар болғаны белгілі) жоғарғы жақ нұсқаған тақырыптар төңірегіндегі мәселелерді ғана көрсететін мәжбүрліктен, содан туатын ресмиліктен көп аса алмай жатты. Ал жастар газетінің өзін еркіндеу сезініп, қилы-қилы ізденістерге баруы, көбіне сыйымды, кешірімді саналатындай көрінуші еді. Ол әрдайым шектелушіліктен қашып, ұлтымыздың жоғалып кетпей сақталып қалуы, тіліміздің бұлдырсыз болашағы үшiн, халқымызға, жастарымызға қажет деп табылатын кез келген мәселені ортаға тарту мен жолын тауып жеткізуді, қиын да болса қисынын келтiрiп қозғап отыруды мақсат тұтты. Бұрын да айтқаным бар, сол кездерде ол, ұлтымыздың рухани танымының іргелі бір шаңырағы, керек кезінде арнаулы: тарих, өнер, мәдениет, этнография, педагогика ж. т. б. басылымдар атқаруға тиіс жұмыстарды да шамасы келгенше иығымен қоса көтеретін әмбебап санаткер ретінде байқалды. Оны басқа баспасөз құралдарынан өзгешелетіп, талай жыл бойы халықтың сүйікті газеті ретінде танытқан бітім-болмысы да міне осындай төл ерекшеліктерінен бастау алса керек.
Ол жылдарда жастар газетінде мақаласы, өлеңi мен әңгiмесi жарық көрген адам сол күнi бүкiл қазақ оқырманына танымал боп шыға келетiн. Себебi жастар газетiн жаздырып алмайтын үй сирек едi. Егер газеттiң әр санын үш адам оқиды дейтiн қарапайым есепке салғанның өзiнде, оны әр күн сайын миллиондай адам оқи алатын. Оны iссапарларда болған кездерiмiзде анық байқайтынбыз. Сенiң газет бетiнде қандай мақалаларың жарық көргенiн өзiңнен бетер анық бiлетiн, қай жұрналшының не жазып жүргенiн, газетке шыққан әртүрлi мақалаларға пiкiрлерiн жосылтып айтып отыратын оқырмандар жиi ұшырасатын. Редакцияға күн сайын қап-қап хат келiп жататын. Сол хаттармен бiрге қаламының қарымы бар қабiлеттi жастардың туындылары жететiн. Олардың талпыныстарына газет тарапынан қолдау бiлдiрiлiп, жазғандары жарық көретiн. Жастар басылымымен тығыз байланыс құрған олардың талайы, болашақта өздерi де осы ұстахана көрігінде шыңдалған бесаспап жұрналшыларға айналатын.
Өз басым әуелгі еңбек жолымның сан түрлі талпыныс пен ізденіске кең мүмкіндік әперетін осы газетте басталғаны үшін, тағдырыма мың да бір рақмет айтудан еш жалыққан емеспін. Өйткені менің азды-кемді шығармашылығымның өрбуі мен қалыптасуына бұл басылымның тигізген әсері айрықша. Мәселен, әу баста газеттегі «Аққу» эстетикалық клубы аясында жарияланған эсселерді жазуға машықтануымыз, біртін-біртін, бейнелеу өнері тарихының Жаңаша дәуіріне төлбасы болған постимпрессионизм ағымын зерделеу тақырыбына жүйелі түрде ұласты. Сол бағыттың өкілдері Сезанн, Ван Гог, Гоген сынды қылқалам шеберлері мен олардың ізбасарларының сырбаз туындыларын қазақ оқырманына кеңінен таныту мақсаты – бізді Мәскеу мен Петербордың әйгілі бейнелеу өнері мұражайларына, Париждегі атақты Лувр мен Импрессионистер музейіне арнайы сапар шектірді. Постимпрессионизм ағымы – болмыс көріністерін талай ғасыр бойы мызғымай келе жатқан қағидалардан да бөлек тәсілдермен көркем бейнелеуге болатынын, өмірді дәл өз қалпындағыдай айна қатесіз көшіру, бірден-бір шынайы шындық еместігін дәйектеген жаңашыл бағыт еді. Ол ұстанған әдіс бойынша, суретші бейнелемек нысанын өз түйсігімен, сезімімен қалай қабылдаса, солай кескіндегені жөн. Яки, бірінші кезекте кейіпкердің ішкі тебіренісін, ой-сана бұлқынысын, табиғаттың жай көзге байқала бермейтін құпия тылсымын, тіршіліктің тепсініп, дөңбекшіген демі мен лебін пайымдауға мән берілуі тиіс. Жаңаша дәуір өнерінің жарқын шеруін бастаған осы постимпрессионизм ағымы әлемдік бейнелеу өнерінде жиырмасыншы ғасырдың басында өркен жайған көптеген модернистік бағыттардың туындауына тікелей ықпалын тигізді. Әуелі «Аққу» клубы бойынша ықшамдалып жарық көрген сол эсселердің бәрінің толық нұсқасы кейіннен «Буырқанған бояулар» (1981 ж.) атты кітабымыздың сүйегін құрады.
«Әдеп әлемі» (1982 ж.) кітабы да сол жастар басылымында жүргеніміздің арқасында жүзеге асқан шаруа. Бұл тақырыпқа қатысты дүниелер әу баста газет бетінде жастарды әдеп, этикет тәлімдеріне баулу мақсатын көздейтін тізбекті мақалалар түрінде жарияланып тұрды. «Жалын» баспасынан түскен ұсыныс бойынша, оны кітап етіп дайындау барысында, қазақтың әдеп салттары мен халықаралық этикет талаптары кеңінен сабақтастырыла қарастырылған еңбек дүниеге келді. Сол сияқты «Шоқан ізімен» (1977 ж.), «Жасын-тағдыр жарқылы» (1987 ж.) атты кітаптарымыз да Шоқан Уәлихановтың 140 және 150 жылдықтарына орай, жастар газеті тарапынан ұйымдастырылған арнайы экспедициялар нәтижесінде туындаған еді. Яки, бір жағынан газет шаруасы бітіп, екінші жағынан жеке шығармашылық жобалар да қатар атқарылып жатты. Әрі ұлы ғалым ғұмырына қатысты осы кітаптарымыз шыққаннан кейін Шоқан тұлғасы ылғи да бір бүйірімізді түрткілеп жүретін тақырыпқа айналған.
Алайда одан кейінгі жылдарда «Ана тілі» газетін ашу, оның бағыт-бағдарын бір жүйеге түсіру және ежелгі тарихымызға қатысты басқа ізденістерге кірісіп кетуімізге байланысты, жиырма жылдай уақыт шоқантану тақырыбына мойын бұруға мұрша келе қоймаған. Әйтсе де Шоқан өміріне қатысты деректерді жинай жүру еш толастаған емес. Бір күні ұлы ғалымға арналған мұрағатымды қарап отырсам, талай дүниенің басы құралып қалыпты. Содан кейін тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл өтіп, кешегі кер заманда бүркеулі боп келген көп құпияның беті ашылса да Шоқан ғұмырнамасының қазақ қаламгерлері тарапынан толыққанды түрде қолға алынбаған жағдайы ойға келген. Азат заман оқырманы үшін шын Шоқанның бейнесін неге қазақтың өзі соныдан келіп жазбай отыр. Шоқанның Кенесары көтерілісіне қатысты бірқатар жайттарды зерттегені, Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы көзқарастары болғаны сияқты мәселелерді бұрынғы отар кезімізде айту мүмкін емес еді ғой. Неге тым-тырыс қалдеміз. Ақыры осы кемшілігіміз, біздің белді бекем буғызды. Кейінгі онжылдықтар жүзінде ашылған соны тарихи, мұрағаттық деректермен толықтырылып, феномен ғалымның қилы тағдыры мен оның заманына қатысты бұрын беймәлім боп келген көптеген тұстарға жаңаша барлау жасалынған, көлемі 40 баспа табаққа жетеқабыл «Шоқан» атты тарихи-ғұмырнамалық роман-эссе кітабымыз (2009 ж.) дүниеге келді. Сол шығарма 2015 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен орысшаға аударылып, тұсаукесері Мәскеу қаласында өтті... Ал бұл айтылғандардың бәрінің әлқиссасы, біз қызмет еткен кездердегі жастар газетінің, жазам деген құлшынысы бар жұрналшыға мол мүмкіндіктер ұсына алатын санаткерлік болмысының төл ерекшелігінен тұма бастауын тапқаны, сірә, ұмытыла ма?...
Жарылқап Бейсенбайұлы,
жастар газетінің 1969-1989 жылдардағы қызметкері