Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 27 Қаңтар 2024

Сандро Боттичеллидің «Венерасы»

Сандро Боттичелли "Венера"
Фото: из открытых источников

2023 жыл шымылдығын өнерсүйер қауым үшін күтпеген жаңалықпен жапты.

Италияның Оңтүстігінен ұлы қылқалам шебері Сандро Боттичеллидің соңғы жұмыстарының бірі саналатын «Сәби құшқан Мадонна» кенебі табылды.

Неаполь карабинерлері мәдени мұрасын қорғау бөлімінің қызметкерлері жарты ғасыр іздеуде болған туындының Граньяно қаласындағы бір әулеттің шаңырағында сақталып келгенін хабарлаған. Өнер жақұтының болжамды құны $109 млнды құрайды. Бізге мәлім ақпарат бойынша, автор суретті 1470 жылы Рим-католик шіркеуінің тапсырысымен салған. Көлемі 58х80 сантиметрлік ағаш кенепте шебер Әулие Мәриам мен сәби Ғайсаны темперамен бейнелеген. Туынды 1900 жылдардың басында Санта-Мария-ла-Карита шіркеуінде ілулі тұрған. Оған дейінгі мекені болған орын өртеніп кетіп, бірақ картинаны құтқарып қалғандар табылған.

«Сәби құшқан Мадонна», Сандро Боттичелли
«Сәби құшқан Мадонна», Сандро Боттичелли

1982 жылы Италияда аса қуатты жер сілкінісі салдарынан шіркеу Боттичелли мұрасын ресми түрде Сомма әулетіне тапсырады. Біраз жылдар бойы жергілікті үкімет картинаның күтіміне қарасып келген, бірақ уақыт өте оның жағдайын қадағалауды тоқтатқан. Кейін сурет жоғалған өнер туындылары тізіміне енген екен. Граньяно қаласының қазіргі мэрінің ықпалымен архив материалдары зерттеліп, кенептің Сомма әулеті үйінде екені анықталған. Қазір «Мәриам мен Ғайса» реставрацияға дайындалып жатыр. Одан кейін шедевр Неаполь ұлттық мүзейлерінің біріне қойылады. Бұл ғажап жаңалық. Дегенмен Сандро Боттичелли десе, көпшіліктің көз алдына оның «Венерасы» келері анық. Өнерден хабары жоқ адамның өзі автордың тегін білмесе де, туындыны өмірінде бір көрген.

Сандро Боттичелли
Сандро Боттичеллидің болжамды автопортреті

Сөзсіз «Венераның жаралуы» — өнер тарихындағы ұлы картиналардың бірі. Сандро Боттичелли 1482-1485 жылдар аралығында жазған бұл туынды XV ғасырдағы италиялық көркемсурет дәуірінің символына айналғаны рас. Сурет осы мифологиялық циклге жататын «Көктем» және «Паллада мен кентавр» сынды Лоренцо ди Пьерфранческо Медичи тапсырысы бойынша арнайы салынған.

«Венера
«Венераның жаралуы», 1482-1485 жылдар

Картинаға арқау болған Овидийдің «Метаморфозалары». Әдеби ориентирлер қатарында Анджело Полицианоның «Станстар» поэмасы да бар. Ол өзі Боттичеллидің замандасы һәм Медичиді жағалаған неоплатоник ақындардың бірі болатын. Егер біз Полицианоны хас сөз зергері десек, Боттичелли теңдессіз қылқалам шебері. Ал неоплатонизм — антика мен христиан діні арасындағы мәдени байланысты табуға талпынған философиялық ағым. Оның әсіре гүлденген шағы осы Қайта өрлеу дәуіріне келеді. Картинаның неоплатонизмге сай трактовкасына тоқталатын болсақ: Венераның жаралуы — ізгілік пен рухани көркемдік символы, өмірдің қозғаушы күші саналатын махаббаттың бүршік жаруы.

Бұл картинаны бір жағынан «Медичи династиясы хақындағы ода» деп интерпретациялауға да болатын шығар. Себебі солардың мәдени ықпалы мен талантты дипломатиялық шешімдері арқасында Флоренция махаббат пен көркемдік мекеніне айналған-ды. Флоренцияда билік құрған әулеттің резиденциясында жұбайлардың жатын бөлмесін сәндеп тұрғандықтан бұл картина «жаралғаннан» жарты ғасыр уақыт өткенше көпшілік назарына ұсынылмаған екен. Суретшінің 4 жыл өмірін алған туынды 50 жылдай «қылуетте күн кешкен». Демек, осынша уақыт бойы кенепте Венера кейпіне енген Симонетта Веспуччи бейнесі де беймәлім күйі қалды. Сандроның бұл қызға ғашық болғаны сонша, Сұлу Симонетта деген есіммен өнер тарихына мәңгіге жазып кетті. 23 жасында бақилық болған арудың жүзін соңғы демі қалғанша жадында сақтап, туындыларында бейнелеп отырған.

Көне грек аңызына сай, Афродита теңіз көбігінен жаралған. Кенепте Махаббат Құдайы алтын бақалшықтан қара жерге шықпақ боп сәл аялдаған. Батыс желінің символына айналған Зефир оның жолына гүл үрлейді. Жерорта теңізінде жел Батыстан көктем мезгілінде соғады екен. Демек, Махаббат та осы мезгілде жаралған. Өнертанушылар Боттичелли Венерасының нәзік жүзі Мадонна бейнесін еске салады десе, сымбатының көне грек мәнерінде бейнеленгенін айтады. Сикстин капелласына фрескалар жазып, Інжіл сюжеттерін бейнелеген суретші үшін жалаңаш сұлба жазу күнәмен тең дерсіз, бірақ осылайша флоренциялық шебер антика мен христиандық сұлулық идеалдарын бір кенепте тоғыстырған. Сол себепті де оның Венерасы эротикалық ләззат пен тән сұлулығынан гөрі, пәктік пен кіршіксіз тазалықтың символы. Бұған оның жүзін төмен түсірген күйі балғын денесін ұзын алтын шашымен жабуы дәлел.

Шебер кенепте тағы 3 кейіпкер бейнелеген. Венераны фиалка гүлдеген жағалауда Зевс пен Фемиданың қыздарының бірі Ора Талло күтіп тұр. Олимп қақпасын күзетушінің қолында Махаббат Құдайын орауға арналған мата бар. Жоғарыда атап өткен Зефир екеуара жан мен тән үйлесімін тапқан жұбайы Флораны құшағына алған. Миф сюжетіне сай оның демі бар дүниені құлпыртып жібереді екен. Гомер де ол көктем әкеледі деп жазған.

Сөз соңында айтарымыз, Сандро Боттичеллидің бұл шығармасында әр деталь жасырын символика мен терең мәнге ие. Кенептегі діни иконография мен өзара ұтымды композициялық шешімдер флоренциялық суретшіні әлі де құпиясы ашылмаған хас шеберлер қатарына қосады. Ал оның «Венерасы» сан ғасыр өтсе де талайды есінен тандырар қауқарға ие. 2018 жылы Батыстың ақпарат көздері 70 жастағы италиялықтың Венера сұлулығына тамсанып, талып қалғанын жазды. Ол Ботичеллидің картинасын көргеннен кейін инфаркт алған.

Оқиға Флоренциядағы Уффици галереясында болған. Бір жақсысы, жақын жерден дәрігерлер табылып, оған алғашқы көмек көрсетілген. Осыдан кейін азамат жергілікті ауруханаға жеткізіліпті. Дәл осындай оқиға 2016 жылы да тіркелген. Боттичеллидің «Венерасы» нағыз өнер жақұты екеніне енді қандай дәлел керек?!

Айымгүл Мақсұтқызы