Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 21 Маусым 2023

Сандық технология сот жүйесін жетілдіре ме?

None
None

Еліміз соңғы жылдары электронды қағаз айналымына бет бұрып, заманауи технологияларды қолданысқа енгізуге елеулі түрде бет бұрды.

Нәтижесінде көптеген қызметтер автоматтандырылып, жемқорлықтың жолы кесіліп, қоғамда ашықтық пен жариялылық қағидалары үстемдік құра бастады. Қазақстандықтардың көптеген қызметтерді үйденалуына жол ашылды. Әсіресе еліміздің цифрлы жүйеге бет бұруының игілігін карантиндік кезеңде анық сезіндік.

Халық әлеуметтік ара-қашықтықты сақтай отырып, қажет еткен қызметтерді үйде онлайн алып, цифрлы жүйенің қолжетімділігі арта түсті. Әсіресе сот саласының цифрлы технологияларға жедел түрде бет бұруы сот пен халықтың арасын жақындата түсіп, карантиндік кезеңде де сот отырыстарының кейінге шегерілмей дер кезінде сот шешімдерін шығарып отыруына жол ашты.

Сот төрелігін уақытылы әрі сапалы түрде жүзеге асыру сот қызметінің басты мақсаты екенін ескерсек, елді әбігерге салған карантиндік кезеңде де сот қызметінің жүрісінен жаңылмауы саланың заман сұранысына сай толық бейімделіп үлгергенін аңғартса керек. Сондықтан сот жүйесінің дер кезінде заманауи технологияларға бет бұруының игілігін пандемиялық кезеңде анық сезіндік дей аламыз. Қазіргі таңда осы жүйенің қоғам үшін пайдасы дәлелденгендіктен әлі күнге онлайн сот жүйесі жалғасын тауып жатыр. Тараптар сот отырысына онлайн қатысып, уақытын үнемдеуге мүмкіндік ашылып жатыр.

Сот жүйесінің жұмысын жеңілдеткен заманауи технологиялар халық тарапынан да жоғары баға алуда. Күн өткен сайын сервисті пайдаланушылар оның ыңғайлылығы мен тиімділігіне орай ризашылықтарын білдіруде. Дегенмен сот саласының мамандары аталмыш жүйелерді оңтайландырып, халыққа ыңғайлап, жаңғырту үстінде. Соның дәлелі бұл сервистердің мобильді нұсқасы іске қосылып, қолданысқа енгізілуде. Өйткені қазір халық қолындағы ұялы телефон арқылы көп ісін бітіріп, мобильдік байланысты белсенді қолдануда. Соған орай қазіргі таңда процесс қатысушыларына сот отырысының орны мен уақыты туралы СМС-хабарлама арқылы хабардар ету механизмі іске қосылған. Алдын ала арнайы хабарламаның келуі процеске қатысушыларға уақытын жоспарлауға, сот отырысына кешікпеуіне мүмкіндік береді. Жаңа технологиялардың қайсысы болмасын сот жүйесін жүйелеуге мүмкіндік бере отырып, барлық процестерді айқын және түсінікті етуге, құжаттармен жұмыс істеу кезінде адам факторын азайтуға, халықтың сотқа деген сенімімен арттыруға, сот қызметтерін қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Саланы қағазбастылықтан арылтып, сол арқылы хат пен құжат тасу қызметіне кететін шығындарды азайтуға септігін тигізуде. Электронды құжат түрінде сақталған сот істері де саланың архивтендіру кезіндегі жұмысын жеңілдетуде. Жүйедегі бұл өзгерістердің тиімділігін ең алдымен сала қызметкерлері сезінді. Осы орайда саланың қазанында қайнаған маман Әуезов аудандық сотының судьясы Қалима Дуанбекова «Саланың цифрлануының игілігін ең алдымен сот саласының қызметкерлері сезінді. Мәселен, бұрын сот шешіміне наразылықтар көп болатын. Ал қазір саладағы көп қызметтің цифрлануы, автоматтандырылуы сала жұмысына деген сенімді арттыра түсті. Сот шешіміне наразылық статистикасының төмендеуі-ақ бұл жүйенің қаншалықты қоғам үшін пайдалы, халық сеніміне лайық екенін аңғартады. Мәселен, қазір судьялар істерді таңдап ала алмайды. Судьяларға істер жүйе арқылы автоматты түрде бөлініп беріледі. Яғни саладағы жемқорлықтың да алдын алуға сандық технологияның өз ықпалы болды» дейді.

Саладағы жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беріп, ашықтық әкелген, уақыт пен қаржыны үнемдеуге жол ашатын заманауи технологиялардан алдағы уақытта да күтер игілігіміз көп.

Тегтер: