Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:20

Санкциядан қорықпайтын төрт әкім, бір министр, бір елші

1
Фото: Жас Алаш коллаж

2022 жылы Украина жеріне басып кірген соң онсыз да «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болып жүретін Ресей өркениетті әлемнен оқшаулана түсті. Сансыз санкцияның шырмауында қалған Кремльге көршілері ғана көмек көрсетіп, демеп келеді.

 Бірақ олардың өзі ашықтан-ашық көмек қолын созуға батпайды, жасырын жолмен, түрлі айламен санкцияны айналып өтуге тырысады. Сол қатарда Қазақстан да Ресейдің «тасадағы флотына» айналды деген болжам бар.

Ресми Астана Мәскеудің санкциядан жалтаруына көмектеспейміз, соғыста қолданылатын тауарларды шекарамыздан өткізбейміз деп уәде берген. Бірақ бұл уәденің толық орындалып отырғанына Батыс жұрты аса сенбейді. Еуроодақтың Санкцияларды жүзеге асыру жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Қазақстанға келген сапарында Астана Ресейге қатысты кей шектеуді сақтамай отырғанын айтқан.

Халықаралық аренадағы өрісін тарылтып алған Мәскеу Қытай, Иран сияқты ниеттес серіктеріне, Қазақстан, Беларусь сияқты аса жақын достарына және Орта Азиядағы өзіне кіріптар елдерге арқа сүйеп отыр. Былтыр 26 желтоқсанда өткен Еуразия жоғары экономика кеңесінде Ресей президенті Владимир Путин ЕАЭО елдеріне қарата «Біз бір-бірімізге жақын бола түстік» деп, емірене сөйлеген. Путин бұл сөзді бізді жақсы көргенінен емес, қиын сәтте қорыққанынан болса да қолдау көрсететін қолғанаттары ретінде айтқаны белгілі. Кремль бұрын қанатының астында болған, қазір тәуелсіз мемлекет болса да бұрынғы орталықтан кіндігін үзіп кете алмай жүрген Қазақстан сияқты елдерді уысынан шығарғысы келмейді. Соғыстың алғашқы жылдары жұрт арасында «Ресейдің Қазақстанға ықпалының азайып жатыр» деген иллюзия пайда болған. Бірақ нақты жағдай мұндайдың мүмкін емес екенін көрсетіп отыр.

2024 жылғы Қазақстанның сыртқы саудадағы басты серіктесі Ресей болды. Жалпы импортымыздың – 30,5 пайызы, экспорттың – 11,7 пайызы солтүстіктегі көршімізге тиесілі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 27,7 млрд долларға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, соғысқа дейінгі 2021 жылы бұл көрсеткіш 25 млрд долларға жетеқабыл болған. Яғни Астана мен Мәскеу арасындағы сауда соғыс басталғаннан бері өсіп кеткен.

Әрине, байырғы серіктес ретінде екі ел арасындағы әдеттегі сауданың артуына ешкім шектеу қоя алмайды. Бірақ сарапшылар осы сауда айналымының ішінде Ресейдің соғыс машинасына көмектесетін қос мақсаттағы тауарлар болуы мүмкін деп болжайды. Қазақстанда тіркелген кейбір компанияның Мәскеуге қос мақсаттағы тауар тасымалдайтыны анықталып, Еуроодақ пен АҚШ оларға санкция салған. Мысалы, 2024 жылдың басында Қазақстанда тіркелген Elem Group және DA Group компаниясы санкция тізіміне енді.

Төрт әкім әскери жабдық шығаратын зауытпен сауда жасап жүр

Ақпан айының аяғында Ресейдің «Ростек» мемлекеттік корпорациясы Екатеринбургте орналасқан «Швабе» холдингіне қарасты «Орал оптикалық-механикалық зауытының» 2024 жылғы сауда есебін жариялады. Зауыт былтыр бір жылда 2 211 дана бағдаршам құрылғысын сатыпты. Ең қызығы, олардың өнімін Ресейдің өз облыстарына қарағанда Қазақстан қалалары екі есе көп алады екен.

«2024 жылы Ресей өңірлеріне – 717 бағдаршам, Қазақстанға – 1 494 бағдаршам саттық, ал соңғы үш жылда сегіз мыңнан аса құрылғы саудаладық», – дейді «Швабе» бас директорының орынбасары Лев Борисов.

«Ростек» таратқан ақпаратқа сенсек, Қостанай, Павлодар, Өскемен және Ақтөбе қаласы Екатеринбургтен бағдаршам сатып алыпты. Зауыт 2022-2024 жылдар аралығында өз еліндегі бірқатар облысқа және Қазақстан мен Қырғызстанға өнім жеткізіп жүр екен.

Ресейден бағдаршам сатып алғанда не тұр демеңіз, егер өндіруші халықаралық дау-дамайға қатысы жоқ қарапайым зауыт болса, біз де сөз шығындамас едік. Бірақ «Ростек» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіретін «Швабе» холдингіне 2022 жылғы маусымда АҚШ, сол жылы желтоқсанда Еуроодақ санкция салған. Яғни Қазақстанның 4 қаласы тұтас Еуропа мен АҚШ-тың кәріне ұшыраған компаниямен сауда жасап отыр.

Бағдаршам соғысқа қатысы жоқ азаматтық өнім екені анық. Бірақ оны өндіретін «Орал оптикалық-механикалық зауытында» шыққан өнімдердің 13 пайызы ғана азаматтық мақсатқа арналған. Зауыт әскери техникаға арналған жабдықтармен танымал. Мысалы, зауытта Ресейдің жауынгерлік ұшақтары мен тікұшақтарына арнап оптика-локация станциясы және әскери кемелер мен жерде жүретін техникаларға арналған оптикалық-электрондық жүйелер шығады.

Байқап отырғандарыңыздай, зауыттың жаман атағынан ат үркеді. Ендеше, соғысқұмар елдің соғысқұмар компаниясымен сауда жасауға Құмар Ақсақалов, Асайын Байханов, Нұрымбет Сақтағанов және Асхат Шахаров қалай тәуекел етіп отыр? Олар бұл әрекеттері Қазақстанды екінші деңгейлі санкцияға ұрындыруы мүмкін екенін білмей ме? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін аталған төрт облыстың әкімдігіне ресми сауал жолдадық (ресми жауап келсе, газетіміздің алдағы сандарында жарияланады).

Абаев пен Әріновтің тікұшағы

Жақында Қазақстан Ресейдің Бурятия Республикасынан тікұшақ пен шағын ұшақтар сатып алуы мүмкін деген ақпарат тарады. Мұндай әңгіме Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевтың 11 ақпандағы Бурятияға сапары кезінде айтылды. Қазақстандық шендімен кездесуден кейін аймақ басшысы Алексей Цыденов Астана «Улан-Удэ авиациялық зауытында» шыққан ұшақтар мен тікұшақтарды сатып алуға ниетті екенін айтқан.

«Улан-Удэде авиациялық зауыты» «Вертолёты России» холдингіне қарайды. Зауыттың өзіне де, холдингке де Еуропаның барлық елі және АҚШ, Канада, Жапония, Жаңа Зеландия, Швейцария, Аустралия санкция салған. Яғни мұндай кәсіпорынмен сауда жасағандар екінші деңгейлі санкция қаупіне ұшырайды.

Кейін Қазақстан қорғаныс министрлігі мен сауда және интеграция министрлігі отандық БАҚ-қа «Улан-Удэ авиациялық зауытымен» сауда жасау жоспары жоқ екенін хабарлады. Руслан Жақсылықов басқаратын министрлік аталған кәсіпорыннан 2022 жылдың ақпан айынан бері ештеңе сатып алмапты. Ал Арман Шаққалиев санкция тізіміндегі компаниямен байланыс орнату қауіпті қадам екенін айтып отыр.

Бірақ төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мұндайдан қорықпайтын сияқты. Былтыр күзде ол құтқару қызметінің тиімді жұмысы үшін Ресейден тікұшақ сатып алу жоспары бар екенін айтқан. Министрлік лизинг арқылы 3 дана Ми-8 АМТ және 4 дана Ка-32 тікұшағын сатып алуға ниетті. Бұл екеуі де Ресейде шығатын техника. Әрінов елде төтенше жағдай болса, тікұшақ ауадай қажет екенін алға тартып отыр.

Ресей мен Қазақстан арасында мұндай сауда-саттық аз емес. Батыс елдері мұның көбін байқап, назарда ұстап отырған болуы мүмкін. Яғни біздің елге де санкция қаупі бар. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ Ресейді тізерлету үшін оның өзіне ғана емес, «тасадағы флотына» да қысым жасауды жоспарлап отыр.

«Санкцияға ұшыраған компаниядан бағдаршам сатып алу немесе тікұшақ алу Қазақстанның екінші деңгейдегі санкцияларға ұшырауына себеп болуы әбден мүмкін. Сондықтан мұндай саудадан сақ болған жөн. Бірақ соғыс басталғаннан бері Батыс мемлекеттері Қазақстанға экономикалық шектеу енгізген жоқ. Мұның ең басты себебі – Астананың Мәскеуге көмектесіп жатқанын дәлелдейтін нақты айғақ жеткіліксіз болып отыр. Өйткені екі жақ та мұндай сауданы жасырып, көзге түспеуге тырысады. Оны жасыруға да мүмкіндік мол, мемлекеттік органдарда қатаң иерархия бар, ақпарат сыртқа шыға қоймайды. Ал жеке кәсіпкерлер мен қарапайым адамдар бәлеге қалудан қорқып, ештеңе айтпайды. Жасырын сауданы анықтап беретін азаматтық қоғам екі елде де әлі қалыптаспаған», – дейді тәуелсіз сарапшы Қуаныш Еділханов.

Ақпанның аяғында Еуроодақ Ресейге бағытталған 16-шы санкциялар пакетін жариялады. Тізімге 48 жеке және 35 заңды тұлға енген. Арасында Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті делінген Қазақстан, Үндістан, Қытай, БАӘ, Сингапур, Түркия және Өзбекстан компаниялары бар. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, санкцияға ілінген Қазақстанның екі компаниясы Ресейге станок жеткізген.

Сондай-ақ қаңтарда Жапония үкіметі жариялаған Ресейге қарсы санкция тізіміне де қазақстандық компаниялар енді. Жапон билігі Ресейге шектеу енгізілген заттарды жеткізді деген күдікпен Қазақстан, БАӘ, Қытай, Қырғызстан, Тайланд және Түркия қатарлы 6 алты елдің 31 ұйымына санкция салды.

Мұндай жағдайлар алдағы уақытта көбейе түсуі мүмкін. Өйткені Батыс елдері Мәскеудің санкцияға мойымай, ұзақ уақыт соғысып жатқанына Қазақстан сияқты аралық елдерді кінәлап отыр. Демек Еуроодақ Кремльге шын шүйліксе, қосақ арасында кетіп қалуымыз әбден мүмкін. Ресейге салынған санкцияның жанама әсеріне әрең шыдап отырған Қазақстан экономикасы мұндайға мүлде дайын емес.

Қуаныш Қаппас