Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:15

Санжар Боқаев екі бап бойынша тергеліп жатыр

Боқаев
Фото: ашық дереккөз

Қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр.

- ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармақ – аса ірі көлемдегі алаяқтық;

- ҚК 340-бабы 3-бөлігі 1-тармақ – адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ағаштарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау.

«2026 жылғы 19 наурызда Алматы қаласының тергеу сотының қаулысымен Боқаевқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», - делінген хабарламада.

Еске салайық, 18 наурызда Алматыда қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Бокаев ұсталған болатын. Оның ұсталу сәті түсірілген бейне кейін әлеуметтік желілерде тарады.

Бұған дейін Бас прокуратура оның жалған ақпарат таратып, қоғамда теріс пікір қалыптастырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеген. Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев әлеуметтік желілерде қоғамдық саябақ аумағында ағаштардың заңсыз кесілуі және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлануы туралы бейнематериалдар жариялаған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол бұл әрекеттерді өзі ұйымдастырып, қаржыландырған.

«Ол табысы төмен адамдарды тартып, оларға ақша беріп, ағаш кесу мен мүлік ұрлауды тапсырған», - делінген ресми мәліметте.

Сонымен қатар, блогер аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке де ілінген.

Еске салсақ, 2025 жылдың тамызында Санжар Боқев Алматы қаласының орталығынан жаңа дерлік тротуар плиткаларының жеке үйлерге әкетілуі мүмкін екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, жұмысшылар бюджет қаржысына алынған плиткаларды алып, арнайы техникамен тиеп, жеке нысандарға жеткізген. Сол кезде белсенді полиция шақырып, материалдарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсыратынын мәлімдеген.

Бұған дейін Боқаев Instagram желісінде АҚШ-қа кеткенін және бизнеспен айналысып жүргенін айтқан еді. Ол қоғамдық қызметтен шаршағанын, бірақ маңызды тақырыптар бойынша пікір білдіруді жалғастыратынын мәлімдеген.

2025 жылдың қараша айында Instagram желісінде Санжар Боқавтың, журналист Вадим Борейконың және Асхат Ниязовтың аккаунттары өшірілген болатын. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бұл аккаунттардың қолжетімсіз болып, барлық контенттің жоғалып кеткенін хабарлаған.

Бұған дейін ішкі істер министрі Ержан Сәденов Боқаевқа қатысты бақылау жүргізілгенін жоққа шығарған. Оның айтуынша, блогерді сыртқы ұқсастығына байланысты басқа адаммен шатастырып, кейін босатқан болуы мүмкін.