Санжар Сейіткәрімұлы: Өзегі мықты адам ғана қарсы тұрады

Елімізде веб сериалдардың көбеюімен жастар арасындағы біраз проблемалардың басы ашылып жатқандай көрінеді.
2020 жылы көрерменге жол тартқан «Шекер» сериалы жастар арасындағы психотроптық заттарға тәуелділік проблемасын көтерді. Мефедрон, скорость, героин секілді заттардың ел ішінде жасырын жолдармен таралып жатқанына да осы сериалдар көзімізді жеткізген болатын. Мұның бәрі есірткінің, нашақорлықтың басы екенін енді-енді түсініп келе жатырмыз. Осы тұрғыда нарколог маман Санжар Сейіткәрімұлына сауал жолдадық.
– Жастар арасындағы жеңіл наркотиктік заттардың көбеюіне не әсер етіп жатыр?
– Субмәдениет деген термин бар. Оны жұрттан, ортадан ерекшелену үшін пайда болған мәдениеттің түрі десек болатын шығар. Қазіргі жастар осы субмәдениетке қызығып, ортадан ерекшелену мақсатында психотроптық заттарға әуестеніп жүр. Олар сыртқа өздерін керемет етіп көрсеткісі келіп, әлгіндей заттардың тұрақты тұтынушыларымен араласқанына мәз. Ал ондай заттардың тұрақты тұтынушылары – әр салада, әсіресе өнер саласында толып жатыр. Бірақ бұл әуестіктің соңы немен бітеріне көздері жетпейді. Бұл препараттар адам психикасын бұзып, шизофринияға, паранояға ұрындырарын білмейді.
– Жеңіл наркотик есірткінің ауыр түрлеріне жеткізе ала ма?
– «Ұрлықтың басы тауықтан басталады» деген әзіл-шыны аралас сөз бар ғой. Есірткіге тәуелділік шынында осылай біртіндеп қалыптасады. Әуестік ұлғайған сайын адамнан ұят пен ар кетеді. Жеңілінен ортаға, сосын ауырына ауысады. Бірақ нарколог мамандар тәуелділіктің ешқайсысын жеңіл немесе ауыр деп бөле қарастырмайды. Тәуелділіктің қай-қайсысы болса да – ауыр жағдай. Сонымен бірге кез келген тәуелділік туғызатын зат – қоғам үшін проблема.
– Синтетикалық есірткілердің зияны турасында айтып берсеңіз…
– «Скорость» деп аталатын синтетикалық есірткіні мысалға келтірейін. Ол өңделген сынаптың ең соңғы қалдығынан жасалады. Орталық жүйке жүйесінің жұмысын бұзып, адамдарда параноиктік ойларға бастайды. Галлюцинация шақырады. Бұл нағыз шизофринияның галлюцинацияларына ұқсайды. Егер қабылдаған адамның бойында осы ауруға икемділік болатын болса, ол бір-ақ уақытта саудан салға айналуы мүмкін. Жалпы паникалық, суицидтік аурулардың бәріне дерлік осы синтетикалық заттар себепші болады.
– Жастар арасындағы бұл тәуелділікпен мемлекет, денсаулық сақтау ұйымдары қалай күресіп жатыр. Өз тарапыңыздан қандай күрес жолдарын ұсынар едіңіз?
– Расы керек, мемлекеттің бұл зиянды заттармен қалай күресіп жатқанын білмеймін. Бірақ адам өзімен-өзі күреспесе, мемлекет тарапынан жасалған көмек көмектеспейді. Сондықтан адамдағы өзін басқара алатын қабілетті қалыптастыруымыз керек. Бұл зиянды әдеттерге өзегі мықты адам ғана қарсы тұра алмақ.
Санжар мырзаның сөзінен аңдағанымыз, бұл дертпен әр адам, әр азамат күресуі тиіс. 2022 жылғы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында еліміздегі синтетикалық есірткінің үлес салмағының күрт өскенін айтып өтті. 2019 жыл мен 2022 жылдар арасында заңсыз айналымнан тәркіленетін синтетикалық есірткі он есе өскенін де президент сөзінде атап айтты.
Елімізде есірткісіз қоғам құру мақсатында жыл сайын акциялар өткізіліп жататынын және мемлекеттік нашақорлықпен күресу стратегиясының бары да белгілі. Биыл ІІМ Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстырды. Онда бірнеше бағыт қамтылған:
– есірткі ахуалын тереңінен талдау және оның даму тенденциясы;
– есірткі айналымын бақылау саласында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
– жаңа сын-қатерлерге және қазіргі заманғы есірткі қылмысындағы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру;
– нашақорлықтың алдын алу, емдеу және есірткіге тәуелді адамдарды оңалту жүйесін өзектендіру;
– есірткінің және прекурсорлардың заңды айналымын және осы салада сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
– халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
Бір сөзбен айтқанда, таралудың неше түрлі жолдары табылған наркобизнеспен дәл сондай әртүрлі жолдармен күресу де қолға алынады. Бұл алдағы уақытта өз жемісін береді деген сенімдеміз.