«Сапалы адами капиталды дамыту мәселесіне көз жұмуға болмайды» – Тоқаев
Тоқаев қазақстандық әйелдерді Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады.
Шара барысында президент сапалы адам капиталы туралы айтты.
Президенттің айтуынша, егер референдум барысында мақұлданса, «Халықтық Конституция» жобасы мемлекеттіліктің жаңа инновациялық архитектурасын қалыптастырып, жасанды интеллект пен толық цифрландыру дәуірінде Қазақстанның тұрақты дамуының берік әрі ұзақмерзімді негізіне айналуы мүмкін.
— Технологиялық серпіліске қол жеткізу үшін ең алдымен сапалы адами капитал қажет екені айқын. Бұл маңызды міндет мемлекет қызметінің іс жүзінде барлық саласына, соның ішінде әлеуметтік саясатқа және иммиграциялық реттеуге жаңаша көзқарас қалыптастыруды талап етеді.
Тағы да қайталап айтамын: технологиялық даму бағытында нақты ілгерілеуге жету үшін сапалы адами капиталды қалыптастыру және дамыту мәселесімен түбегейлі айналысу қажет, бұл мәселеге көз жұмуға болмайды. Өз кезегінде бұл әлеуметтік саясатқа, оның ішінде иммиграция саласына қатысты жаңа тәсілдерді қайта қарауды және әзірлеуді талап етеді.
Әлем түбегейлі өзгерді, әрі бұл үдеріс алдағы уақытта да күшейе береді. Енді Қазақстанға да өзгеру уақыты келді. Әйтпесе бізге өте қиын болады, – деді Президент.