Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 21 Қыркүйек 2024

«Сапалы, шыншыл шығармалар жазайық»

Бердібек Соқбақпаев
Фото: Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бердібек Соқпақбаевтың журналистік қызметі, мерзімді басылымдарда істеген жылдары туралы көп айтыла бермейді.

Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені классик қаламгер «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» сияқты шығармалары арқылы оқырман жүрегіне өшпестей орнықты. Сондықтан да көпшілік Соқпақбаевты жазушы ретінде жақсы таниды. Алайда Соқпақбаев та сол кездегі ақын-жазушылар сияқты мерзімді басылымдарда жұмыс істеп, күн көрді. Республикалық «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында қызмет етті. Біз бүгін жазушының «Жұлдыз» журналында жарияланған екі мақаласы туралы сөз қозғамақпыз. Мұндағы басты ойымыз, Соқпақбаевтың әдеби ұстанымы қандай болды? Оны сол тұстағы әдебиеттің қандай мәселелері толғандырды, қатарлас, өкшесін басқан жазушылардың шығармашылығы жөнінде не айтты деген сұрақтарға жауап іздеп көру. 

«Жұлдыз» журналының 1964 жылғы №12 санында Б.Соқпақбаевтың «Прозаның жас таланттары» атты мақаласы жарияланады. Жазушы онда қазақ прозасы туралы айта келіп: «Қазіргі қазақ әдебиетінің көшінде шеру тартып бара жатқан төрт ұрпақ, төрт буын бар деп жүрміз. Оның біріншісін әке буын, екіншісін аға буын, үшіншісін орта буын, төртінші – ең кенжесін – жас іні буын деп атауға болатын тәрізді. Біздің бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы осы ең соңғы буын – жастар жайлы, жас прозаиктер жайлы», - деп сабақтайды.

Енді Соқпақбаев айтып отырған 1960-жылдары әдебиет табалдырығын аттаған «жас талаптар» кім дейсіз ғой. Міне, мыналар: «...Жас буынның ішінде прозаиктер деп аталатын топ – салмағы басым топтың біреуі. Оның жасақтарын сапқа тізіп санасақ, бүтін бір тізім жасалады: С.Жүнісов, Б.Тоғысов, Р.Тоқтаров, Қ.Ысқақов, А.Нұрманов, Ә.Тарази, Ш.Мұртазаев, Е.Досбаев, М.Сүндетов, С.Бердіқұлов, тағысын тағылар». Бүгінде қазақ әдебиетінің қара нарына айналған бұл тізімдегі жазушылар сол кездің өзінде бірнеше кітап шығарған, жұрт назарына іліккен, қазіргі аяқ алысынан-ақ болашақта айтулы сөз зергері болатынын танытқан жазушылар еді. Алайда Б.Соқпақбаев соңынан ерген жас жазушылардың шығармашылығына аса бір байыппен қарап, олардың жазғандарын барынша шын жанашырлықпен талдап, таразылайды. Жастардың басты ерекшеліктерін де, кемшіліктерін де бүкпесіз сөз етеді. Ең бастысы – әдебиеттің әділ сөзін айтады.

Мысалы, жас буынның теориялық білімінің мығым екенін, ізденгіштігін олардың басты қасиеті есебінде атайды. Сөзіне мысал ретінде Ә.Таразидің «Эверест Галуаның өмірі» атты повесін келтіреді. Әрі «...маған бұл повесть жаңашылдығымен, автордың өзіндік жазушылық бетін айқын тануымен қатты ұнады» деп бағалайды. Б.Соқпақбаев ойын бұдан ары жалғап, жас қаламгерлердің шындықты қаламына серік еткеніне сүйсінеді. Осы тұста жазушының өзі де өмір бойы шындықты шығармаларына арқау еткені, өмірден, қоғамнан әділдік, шындық іздегені есімізге түседі. Бұл ойымызды оның: «Шындық жоқ жерде әдебиет жоқ. Романтизм, сентиментализм, пессимизмнің барлығының төркіні – реализм, барлығының анасы реализм, яғни шындық» деген пайымы нақтылай түседі.

Соқпақбаев бұдан ары А.Нұрмановтың «Арайлы таң» деп аталатын кітабына тоқталады. Мұнда да А.Нұрмановтың қалам сілтесіне сүйсінеді, әсіресе оның диалог құрудағы шеберлігін баса айтады. Кейіпкерлердің сөздері «...олардың ауыздарынан шыққан бойда кітап бетіне түсе қалғандай жанды, тірі» деп сипаттайды. Дегенмен жазушы бұл мақаласында жас қаламгерлерді сыпыра мақтай бермейді, олардың азды-көпті кемшіліктерін айтып және оның себебін талдап түсіндіреді.

Мысалы, Ш.Мұртазаевтың «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» деп аталатын повестерін талдайды. Сонда жазушының басты кемшілігі есебінде характер ашудағы олақтығын әрі тіл қолданысын атап өтеді. Сондай-ақ: «бірінші повесіне қарағанда соңғы повесінен оның жазу өнеріне төселіп, жетіліп келе жатқаны байқалады. «Бұлтсыз күнгі найзағайдың» композициялық құрылысы ширақ, негізінен жеңіл оқылады, шиқандай болып қолдан боялған қуыршақ адамдар емес кейіпкерлері» деп тұжырады. Бір байқағанымыз, Соқпақбаев жас жазушылардың кем-кетігін айта тұрып, олардың болбыр, босаң тұстарын барынша ширатуға күш салады. Не жетпей тұр, кемшіліктің кілтипаны қайсы деген сұрақтарға нақты жауап береді.

Айталық, Т.Дәуренбековтің «Сыр балалары» атты повесі жөнінде былай дейді: «Мұндағы аталған бай, кедей, жетім бала жайларын біз осы сарынды талай кітаптардан оқығанбыз. Танаш соған не қосты? Біз білмейтін нені паш етті! Бұған жауап беру қиын. Кейіпкерлерді топтауда, тартыс құруда «Сыр балалары» схематизмнен де сау емес». Шығарманы дәл осылай жіктеп, талдау, оның кемшін тұстарын тамыршыдай дөп басып тану да талант емес пе? Әсіресе жазушының «Кітап соңынан кітап шығару жақсы. Бірақ мақсат тек сол ма? Шебер бір істеген бұйымын қайталап істей бермес болар. Қалай да соны жаңартуға, жетілдіруге, бірінен-бірін әрі өзгеше әрі әдемі етіп шығаруға тырысатын болар. Танаш тәрізді авторларға сақтанатын бір жай бар, ол – творчестводағы асығыстық, салақтық, аз ізденушілік» деген пікірі әлі де өзекті. Арада 62 жыл өтсе де, Соқпақбаевтың «асығыстық, салақтық, аз ізденушілік» дегені қолына қалам ұстаған жасты адастырмайтын темірқазығындай көрінері анық.

«Жұлдыз» журналының 1962 жылғы №4 санында «Әркімнің бір ойы бар...» деген айдармен қаламгерлердің әдебиет турасындағы ойы жарияланады. Негізгі сауал әдебиеттің ендігі бағыты қалай болуы керек дегенге саяды. Бұған профессор Бейсенбай Кенжебаев, жазушылар Бердібек Соқпақбаев және Өтебай Қанахин жауап береді. Бердібек Соқпақбаевтың жауабы «Сапалы, шыншыл, шығармалар жазайық» деп аталады. Жазушы сөзін бірден «Әдебиетке сан емес, сапа қажет. Тек сапа қажет! Шығып жатқан кітаптардың санымен әдебиет жасалмайды, сапамен жасалады» деп ширығыңқы басталады. Бұдан жазушының ішкі күйінішін, жанын қамықтырған ойларын анық байқауға болады. Әсіресе кітаптың санын арттыра бергеннен сапа жақсармайтынын, әдебиет тек шынайы шығармалармен ғана әдебиет екенін шегелеп айтады.

Енді әдебиет қалай болуы керек деген сұраққа былай жауап береді: «Әдебиетті жасайтын ешкімнің, ешқандай құбылыстың бет-жүзіне қарамай жазылған (әрине, үлкен жазушылық жауапкершілікпен жазылған) шығармалар. Біз соған жету үшін талпынып, еңбектенуіміз керек». Бұл негізі жазушының шығармашылық жолдағы берік ұстанымы іспетті. Соқпақбаев «ешкімнің, ешқандай құбылыстың бет-жүзіне қарамай» шығарма жазды. Боямасыз, шынайы жазды. Өзге қалам иелерінен де соны талап етті. Әрі мұндай батыл ойларын баспасөз бетінде үнемі айтып отырды. Тіпті кейде білек сыбанып, пікірталастың ортасына түсті. Біз мұны Соқпақбаев істеген «Жұлдыз» журналының, сондай-ақ сол кездегі «Қазақ әдебиетінің» ескі тігінділерін ақтарғанда көзіміз жетті. Алайда Соқпақбаевтың әр жылдары жазған әдеби мақалалары, әдебиетке қатысты айтқан ойлары ескі газет, журнал тігінділерінің ішінде сарғайған күйі әлі жатыр. Осы уақытқа дейін жазушының кітаптарына енбеген...

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ