Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:44, 05 Тамыз 2021

Сапархан Омаровтан құтылмадық-ау...

None
None

Әй, оның жүрген жері жұт боп шықса қайтеміз? Бір ай бұрын президент Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты лауазымынан босату туралы сөз қозғады.

Аштықтан мал қырылып, түйелер қағаз шайнап кеткен кезде…

      «Биыл жемшөппен қамту қаншалықты маңызды екенін бәріміз түсіндік. Қолайсыз күн райы мен тиімсіз болжау салдарынан Маңғыстау мен Қызылордадағы ахуал ушығып тұр. Маңғыстау облысында қырылған мал саны 3000-ға жетті. Министрлік пен әкімдіктер тиісті шаралар қабылдамады. Нақты және бірізді жұмыс жүргізілмеді. Солардың кінәсінен ауыл шаруашылығы шарасыз күйге түсті. Кері байланыстың жоқтығынан фермерлер тікелей менен көмек сұрауға мәжбүр болды. Әрине, қуаңшылық – табиғи құбылыс, оны жақсы түсінемін. Мұндай қиын жағдайда жауапты министрлік тез арада жедел және шешімді түрде әрекет етуі керек еді. Бірақ министрлік бұл шаруаны атқара алмады. Сондықтан осы салаға жауапты адам – министр Сапархан Омаров отставкаға кетуі керек», – деген еді Тоқаев үкімет жиынындағы сөзінде. Сосын, іле-шала Ақорданың баспасөз қызметі Тоқаевтың жарлығымен ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені жөнінде ресми ақпарат таратты.

       Омаров министр лауазымына 2019 жылғы ақпан айында тағайындалған еді.

       Сол Сапархан кеше ғана «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы лауазымына сайланды. «Тағайындалды» деудің орнына «сайланды» деп құтылған болды.

Қызық, Тоқаев қуып жіберсе де, бұлар неге жауапты салаларға қайтып келіп алады? Президент қызметінен босатып жіберген Тараз қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Досаев жауапты қызметке тағайындалғаны үшін Бердібек Сапарбаевтың өзі сөгіс алғанына да қарамады-ау.

       Сапархан Омаров депутат та болды, есеп комитетінде де отырды. Министр де болды. Қатырған түгі жоқ. Азық-түлікке жауапты мекемені қиратып кетсе қайтеміз? Сонда кім жауап береді? Омаровтан басқа адам табылмады ма?

Құтылмадық-ау...

Тегтер: