Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:30

Сапаров бидаймен алысып қалды

Айдарбек Сапаров
Фото: ашық дереккөз

Қазір ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты «жайылымдық жер мәселесін шеше алмады, субсидияны одан ары қиындатып жіберді, ауылға арзан несие апару жайына қалды» деп сынайтындар көп.

 Министрдің соңғы екі жылда белсене кіріскен егістіктерді әртараптандыру реформасын да «халықты нансыз қалдыратын жоба» деп есептейтіндер бар.

Сапаров ауыл шаруашылығы министрлігін басқаруға келгенде бірқатар реформалар легін ұсынған. Соның ішінде жайылымдық жерлер мәселесін біржақты ететіндей уәделер берілген. Министрлік тарапынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрландыруға және конкурстарды автоматты түрде өткізуге арналған платформалардың жұмыс істейтіні айтылған. Ведомство бұл платформалар арқылы жайылымдық жерлер мен мал басына қатысты мәліметтерді орнынан қозғалмай-ақ көруге болады деп мәлімдеген. Алайда қазір бұл платформалар мүлдем жұмыс істемей тұр. Тіпті министрлік платформаның нақты қашан іске қосылатынын да айта алмайды. Ауылдағылар бәз баяғыдай, мал жаятын жер таппай жүр.

Негізінде, елдегі жайылымдық жерлердің проблемасына үкімет 2016 жылдан бері қатты «назар» аударып келеді. Нақ осы жылы Қазақстанда «Жайылымдар туралы» жаңа заң қабылданған. Содан бері тоғыз жыл өтті. Ол аралықта ауыл шаруашылығы министрлігінде төрт министр ауысып, әлгі заң сегіз мәрте өзгеріске түсті. Ондағы төрт өзгеріс соңғы екі жылда енгізілген.

Зерттеу материалдары бойынша 2020 жылы елдегі 179,9 миллион гектар жайылымның 48 миллион гектары немесе 26,4 пайызы қатты тозған. Соның ішінде 27 миллион гектар – «тапталған жайылымдар», ал 21 миллион гектары – елді мекендердің айналасында мал жаюға мүлде «жарамсыз жерлер». Одан бері бес жыл өтсе де өзгерген ештеңе жоқ. Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов биыл жыл басында тапталған жайылымдардың көлемі сол баяғы 27 миллион гектар, жарамсыз жерлердің де үлесі қаз-қалпында екенін мәлімдеген. Ал «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының 2024 жылы таратқан деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы жайылымдық жерлердің 87,2 пайызы нашар және өте нашар күйде. Қанағаттанарлық жағдайда тұрған жайылымдардың үлесі – 10,2 пайыз, жақсы күйде – 2,1 пайыз, өте жақсы күйде – небәрі 0,5 пайыз.

Міне, бұл деректер жағдайдың министр айтып жүргендей «бақылауда» емес екенін байқатып тұр.

Бидайды мәртебесінен айыру өзімізге қауіп

Министрлік биылдан бастап бидай өсіретіндерге беретін субсидия көлемін де азайтқан. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 23,7 млн гектар алқапқа егілсе, соның ішінде ұнның шикізаты саналатын бидайға небәрі 13 млн гектар ғана жер тиген. Салыстыратын болсақ, елімізде бидай 2024 жылы 16,6 млн гектарға егілген. Былтыр соның өзінде бидайдың егістігі 2023 жылға қарағанда 5,1 пайызға қысқарған. Биыл тағы да шектеліп қалды. Министрлік бидай егістігін азайту әрі қарай жалғасатынын, мемлекеттің бұған ерекше мән беріп отырғанын айтып жүр.

Ал экономика ғылымының докторы профессор Жаңабай Алдабергеновтің сөзіне сүйенсек, биыл майлы дақылдар – 3,4 миллион гектарға (өткен жылмен салыстырғанда 0,5 млн гектарға артық), малдың жемазықтық дақылдары – 3,3 млн гектарға (114 мың гектарға артты), дәндік жүгері – 167,5 мың гектарға, көкөніс-бақша дақылдары – 222,3 мың гектарға егілген. Былтыр бидай алқабы 750 мың гектарға, биыл 187 мың гектарға қысқарған. Ал мал азығы мен майлы дақылдар алқабы күрт ұлғайып, 3,3 миллион гектарға жеткен. Енді мына мәселеге назар аудару керек. Биыл ұн тартушылар отандық бидайсыз қалатынын жария етті. Өйткені дәстүрлі түрде тек бидай ғана егетін Орталық және Солтүстік өңірлердің өзі бидай егуден бас тартуда. Өйткені бидай өсіретіндерге берілетін субсидия азая бастаған, осыдан барып бидайдың сапасы төмендеп, саудасы азайған. Енді диқандар бидайдан босаған алқаптарға мол табыс әкелетін майлы және бұршақ дақылдарын көбірек егуге тырысуда. Әсіресе Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы жергілікті фермерлер бидайдың үлесін 25 пайызға дейін азайтып, оның орнына күнбағыс, рапс, зығыр еккен.

«Бидай елде өсірілетінін негізгі дақыл мәртебесінен 2021–2023 жылдары айырыла бастады. Осы аралықта ауыл шаруашылығы министрлігі егістіктерді әртараптандыру саясатын ұстанады. Үкімет те майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындарды қолдап келеді. Олардың өнім өндіру қуаты 2025 жылы 5 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде. Ал енді бұл зауыттардың бәрі шикізатты қажет етеді. Сондықтан кәсіпорындар бір-бірімен бәсекелесіп, жарыса жүріп майлы дақылды егістік алқабынан өзі алып кетуге дайын. Піскен майлы дақыл астығына зауыттар ұтымды баға ұсына бастады. Нәтижесінде, 2024 жылы күнбағыстың 1 тоннасының құны 130 мың теңге тұрса, 2025 жылдың көктемінде 230 мың теңгеге дейін шарықтады. Ал 1 тонна бидайдың бағасы былтырғы жыл соңында 95 мың теңгеге дейін құлады.

Қазір Қазақстанның майлы дақылдарын Қытайдан бастап, алыстағы араб елдері сатып ала бастады. Бұған министр Сапаров мақтанып жүр. Бірақ мұның артында үлкен проблема тұрғанын министрлік аңғарар емес. Егістікті әртараптандырамыз деп бидай өндірушілер үкіметтік қолдаудан қалыс қала берсе, Қазақстанда бидай ең қат өнімге айналады. Бұдан ұн тапшылығы туындап, нанның бағасы қымбаттайды. Шенеуніктер елдегі бүкіл егістіктен бидайдың еншісіне 25 пайызды ғана қалдыруды мақсат етіп отыр. Жалпы егіс алқабының, яғни шамамен 24 миллион гектардың 25 пайызы 6 миллион гектар болады. Ал Қазақстан халқын ұнмен және ұннан жасалатын өнімдермен қамтитын кәсіпорындар жыл сайын 6 миллион тоннадан артық бидайды қажетсінеді. Бұл қазіргі 20 миллион халықтың сұранысы. Болашақта халықтың саны өсетінін ескерсек, Қазақстанға шынымен де өзін бидаймен, ұнмен қамтамасыз ете алмай қалу қаупі туындайды», – дейді экономист.

2 трлн теңгенің өзі қайда, ізі қайда?

Жаңабай Алдабергенов көп жылдан бері азық-түлік қауіпсіздігі проблемасын да айтып жүр. Негізгі ұсынысы – тауар өндірушілерді ірілендіру, мемлекеттің қатысы бар кооперациялық шаруашылықтарды құру. Ол үкімет­­­­­тің бағаны нарық реттейді деген шешімі жауапкершіліктен жалтару деп есептейді. Қымбаттап жатқан өнім­нің бәрі – агроөнімдер. Былтыр тіпті отандық фермерлердің жүгерісі, алдыңғы жылы пиязы мен қырыққабаты өтпей, шіріп кетті. Биыл картоптың бағасы өсіп кетпесе екен деп отырмыз.

«Жылда осы мәселе. Демек, салада мемлекеттік реттеу жоқ, менеджменттік қабілет төмен. Мысалы, ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік азық-түлік тізіміндегі 19 азық-түлік санын көбейтуді неге ойламайды?! Алдымен осы тізімді әртараптандырса мәселе біртіндеп шешіле берер еді. Біздің министрлер көрші елдің арзан өнімін әкеліп, нарықты толтыруды жөн көреді. Оларға әйтеуір, баға қымбаттамаса, халық шуламаса болды. Ал мұның артында өзіміздің өндіріс тұралап жатады. Сондықтан бұл салаға ғылыми тұрғыдан келіп, ғылым мен өндірісті ұштастыру керек. Қазір министр Сапаров егістікті әртараптандырамыз деп белсеніп жүр. Алайда топырақтың құнарын жақсартып, тұқым шаруашылығын жолға қойып алмай бұл сала әртараптанбайды. Олай істемеген жағдайда, мұның бәрі бекерге қаражат шашу болып шығады».

Біз де өз тарапымыздан ауыл шаруашылығы министрінің атына е-Өтініш платформасы арқылы сауал жолдадық. Осы уақытқа дейін жайылымдық жер мәселесін шешу үшін нақты не істелді? Жаңадан заң қабылданып, ол заңға бірнеше мәрте өзгерістер енгізілсе де мәселе неліктен шешімін таппай жатыр? Азып-тозған ауыл шаруашылық жерлерін қалпына келтірмей жатып, министрлік қалай егістіктерді әртараптандырғысы келеді? Бұдан бөлек, неліктен жыл сайын отандық агрөнімдердің бағасы күрт қымбаттауына жол беріліп жатыр? Олардың қайсыбірін ұтымды сатудың орнына неге тонналап шірітіп алып жатырмыз?

Жалпы, елде осы уақытқа дейін қыруар қаражат бөлініп, бірнеше рет реформаланған сала – ауыл шаруашылығы. «Қазақстан – аграрлы мемлекет» дегенді желеу етіп, бұл саланы жандандыру үшін бірнеше бағдарлама бойынша жұмыс істедік. Соңғы бес жылда бұл салаға бюджеттен 2 трлн теңгеден астам қаражат бөлініпті. Бірақ егістік пен жайылым таппай әлі жүрміз.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ