Сапаров Еуропаға хат жаза ма, Ауғанстанға керуен жібере ме?
Еуроодақ Қазақстан астығына баж салығын енгізуі мүмкін.
Биыл жыл басынан бері Еуропа елдерінде Еуропа одағының саясатына қарсы фермерлердің наразылық акциясы жиі өтіп жатыр. Тіпті қаңтар айында Германия, Францияда өршіген шаруалардың ереуілі Брюссельге дейін жетті. Шаруалар Еуроодақ басшыларынан ауыл шаруашылығы саласын қолдауды талап етті. «Бақылаусыз импорт түбімізге жететін болды» деген олар Еуроодақтың «еркін сауда» туралы келісіміне де қарсы. Украинаның халықаралық агрохолдингтерінен еуропалық нарықтарға ауыл шаруашылығы өнімдерінің келуі, Еуроодақтың Киевпен жеңілдетілген сауда режимін ұзарту туралы келісімі де шаруалардың көңілінен шықпай отыр.
Бірақ шаруалары ширығып жатса да Еуроодақ енді Ресей мен Беларусьтен енетін астық импортына баж салығын енгізуге дайындалып жатыр. Астықтың тоннасына 95 еуро, сондай-ақ майлы дақылдар мен олардың өнімдеріне нарықтағы құнына байланысты 50 пайыз баж салығын салу көзделген. Еуроодақтың бұл қадамы – Ресейге салынған санкциялардың салқыны тиіп кетіп жүрген Қазақстанға, оның астығына қалай әсер етеді?
Қазақстан Ресей аумағы арқылы Еуропа елдеріне астық экспорттайды. Қазақстан мен Еуропа арасында астық саудасын, оның ішінде бидай экспортын ұлғайту еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің басты жоспарларының бірі. Бұл ретте аталмыш министрлік «Қазақстан 2022 жылы Еуропаға 183,3 мың тонна бидай экспорттады. Ал 2023 жылы 189,65 мың тонна бидай экспорттады. Еуропадағы біздің бидайды негізгі сатып алушылар Италия (82%), Польша (6%), Латвия және Мальта (әрқайсысы 3%). Сондай-ақ Грекия, Ұлыбритания, Швейцария және Финляндияға экспорттың аз көлемі барады. Болашақта экспорт көлемін екі еселеу жоспарда бар» деп есеп берген.
Уәделер кейде орындалады, кейде орындалмайды. Біздің жағдайда көбіне ұмыт болады. Бірақ сыныққа сылтау қай уақытта да табылады. Еуроодақтың Ресейден келетін астыққа баж салығын салуы министрліктің бұл жоспарының берекесін қашыруы әбден мүмкін. Бұған қатысты мәжілістің аграрлық комитетінің мүшесі, депутат Айдарбек Қожаназаров бұл мәселенің күрделі екенін айтып, мемлекеттік органдарға сауал жолдаған. Депутаттың ойынша, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрлігі қазақстандық астыққа баж салығы салынбауы үшін Еуроодақтың уәкілетті органынан түсініктеме алуы қажет.
«Мұндай көлемдегі баж салығы енгізілсе, отандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер Еуропа елдеріне астық экспортын толық тоқтатуы мүмкін және Еуропадағы дәстүрлі нарықты жоғалту қаупі бар. Ал ішкі нарықта астықтың артық болуы астық бағасының құнсыздануына ықпал етеді. Бұл көршілес елдерден келетін импортты есептегенде демпингке (бағаның күрт төмендеуіне) алып келеді», – дейді депутат.
Еуропа нарығы жабылса...
Деректерге көз жүгірсек, 2023 жылы қазақстандық астық экспорты ұлғайған. Былтыр 14,6 млн тонна астық жиналып, 6 млн 700 мың тонна астық сыртқа саудаланыпты. Алайда былтыр экспорт 20 пайызға ұлғайғанмен одан түскен табыс 3-ақ пайызды құраған. Қазақстан Астық одағының өкілдері мұның себебін әлемдік нарықтағы бағаның 13-14 пайызға түсіп кеткенімен байланыстырады. 2022 жылы астықтың экспортқа шығатын үшінші, төртінші класының бір тоннасы 300 доллар болса, 2023 жылы 260 доллар, қазір 250-240 доллардан бағаланып жатыр. «Енді салық өсіп, баж салығы салынатын болса, ол түсім мүлде азаяды» дейді одақ өкілдері.
Астық одағы ғана емес, елдегі диқандар да Еуроодақтың баж салығына қатысты шығаратын шешімдеріне алаңдайды. Мысалы, «Ертіс» ЖШС агро секторының басшысы, павлодарлық диқан Бауыржан Еңсебаевтың айтуынша, егер Ресей арқылы Еуропаға баратын астыққа баж салығы өссе, диқандар өнім тасымалдауды қояды. Бұдан барып Еуропа нарығының есігі жабылады. Ең негізгісі, бидай сыртқа шықпайтын болса, Қазақстандағы астық өңдейтін кәсіпорындардың ымыраласқан әрекеті өршиді.
«Кәсіпорындар біздің бидайды «шығымы төмен», «ылғалдылығы жоғары», «дәні ұсақ» деген түрлі сылтаулар айтып, құнын барынша түсіруге тырысады. Шыны керек, ала жаздай маңдай тердің жемісін көретін кезде өнімімізді шірітіп алмай, арзанға болсын саудалағанымызға мәз боламыз. ТМД көлемінде астық экспорттайтындар бар. Өзбекстан, Тәжістан, Ауғанстанға ірі көлемде астық экспортталып жатыр. Біз негізінде Ресей арқылы Еуропа нарығы ашылғанда қуанғанбыз. Өйткені еуропалықтар біздің өнімге қызыға бастаған. Енді баж салығы енгізілетін болса, онда еңбегіміз ақталмайды. Негізінде, Еуроодақтың Ресейге баж салығын көтеруінен Ресейдің қылы да қисаймайды. Өйткені Ресей біз арқылы саудасын қыздыра береді. Қазірдің өзінде қазақстандық ұн өндірушілер бидайды Ресейден сатып алғанды жақсы көреді. Оның басты себебі, Ресейде астық көп. Сосын, бидайы барлық салықты қосқанның өзінде бізден 15-20 пайызға арзан. Себебі оларда елден шығарда мемлекеттік төлемнен босатылады. Ол жақта диқандарға мемлекеттік қолдау жоғары, олар соның арқасында қазіргі заманға сай технологияларды пайдаланып, егістігін тыңайтып, техникасын жаңартып отырады. Мол астық жинайды. Қазірдің өзінде Ресей үкіметі егінін су басқан диқандарға қолдау болатынын қайта-қайта айтып жатыр. Ал бізде бұл салада мәселе өте көп», – дейді Б.Еңсебаев.
Жыл өткен сайын бұл салада қиындықтар көбейіп барады. Жиырма жылдан бері астық өсірумен айналысып келе жатқан павлодарлық диқан техникалық мәселелерін шешу үшін былтыр несие алып жаңа техника, құрал-жабдықтар, тыңайтқыштар сатып алған. Соған қарамастан, былтыр бидайдың бағасы қатты өспеген. Шығындары ақталмаған. Мемлекеттен зиянкестерді жоятын гербицидтер алуға берілетін субсидия да кешігіп берілген. Бұл ретте жергілікті әкімдердің салғырттығы, қаражат алуға қажетті құжаттар жинаудағы қағазбастылық та диқандарды шаршатады.
Үш айлық каникулдан банкротқа дейін
Қостанай ауыл шаруашылығы институтының маманы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Жасқайрат Ақылбеков те диқанның сөзін қуаттайды. Ғалым бұл ретте үкіметтің ұстанып отырған қаржылық және агросаясаттың дұрыс еместігін алға тартты.
«Санкция қысымына ұшырап жатқан соғыс жағдайындағы Ресейде базалық мөлшерлеме 16 пайыз. Ал бізде де тура осындай ставканы Ұлттық банк сәуір айына дейін ұстап келді. 12 сәуірде ғана базалық ставка 14,75 пайызға түсті. Негізінде базалық ставканы жоғары ұстау үкімет пен Ұлттық банк үшін ғана тиімді. Базалық ставка жоғары болса, инфляция өспейді, қымбатшылық болмайды. Ал ақша-несие саясаты үшін бұл ауыр. Несие құны осы базалық мөлшерлемеге байланысты болады. Қазір кәсіпкерлер қымбат несиеге ұрынып, өндіріске арзан несие бармай жатыр. Арзан несиемен қамтуы тиіс қаржы институттарының шаруалардан кепілге сұрайтын заттары өте қымбат. Шаруалар үйлерін кепілге қояйын десе, банктер ол үйді арзанға бағалайды. Техникалары онсыз да тозған. Амал жоқ, мемлекеттен берілетін субсидияны күтеді, ал ол ешқашан уақытында түспейді. Субсидияға өтініш бергеннен кейін заң бойынша ол 40 жұмыс күні есебінде қаралуы керек. Одан кейін де қаражат бірден түсе қалмайды. Ол түсуі үшін де бір-екі ай тағы тосуға тура келеді. Міне, үкімет біріншіден осы мәселені реттеуі керек. Биыл Қазақстанның батысында, солтүстігінде төтенше жағдай болды. Елді тасқын су басты. Тіпті кейбір кәсіпкерлер жұмысын тоқтатып, банкрот жариялауды ойластырып отыр. Өйткені төтенше жағдай кезінде олардың несиелері уақытша үш айға тоқтатылғанымен, олар ештеңеге дайын емес. Әрі қарай пайдаға шықпайтындарын біліп отыр. Сондықтан бұл арада астық өндірумен айналысатын кәсіп иелеріне көмектесуге үкімет өзі мүдделі болуы керек», –дейді маман.
Астық өндіруден бөлек, ұн өнеркәсібінде де мәселе жетерлік. Оның айтуынша, 2010 жылдан бастап ұн өнеркәсібінде экспорт көлемі азая бастаған. Мысалы, 2010-2012 жылдары Қазақстан Тәжікстанға – 451 мың тонна ұн жөнелтсе, былтыр 63 мың тонна жөнелткен. Өзбекстанға үш жыл бұрын 1,2 млн тонна ұн сатылатын, былтыр бұл көрсеткіш 427 мың тоннаға дейін азайып кетті.
«Қазір отандық ұн өндірушілер Ауғанстан есебінен ғана аяққа тұр. Өйткені бұл елге ұн экспорты арта бастаған. Біз бұған дейін ұн экспорты бойынша Орталық Азияда көшбасшымыз деп мақтандық. Қазір Ресей, Өзбекстанмен бәсекелесуге тура келеді. Бұған қоса бізде заңсыз жолмен бидай тасымалдау әрекеттері де бар. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі бидайды теміржол арқылы тасымалдауға шектеу қойған. Қазір кейбір ұн өндірушілер кәсібін тоқтатып та жатыр, өйткені Ресейден теміржолмен бидай жеткізуге шектеу бар. Ал өзіміздің бидайымыздың сапасы расымен де мардымсыз. Өйткені бізде егістіктердегі зиянкестерді жоятын дәрілер уақытында алынбай қалады. Оның себебі – диқандардың қажеттілігін өтеуі тиіс субсидия, дотация дегендердің мерзімінен кеш берілетіні. Жазда құрғақшылық, көктемде су басу, ал күзде астық жинайтын кезде нөсер жауын болады. Техникалық әлеуеті төмен болғандықтан оны диқандар дер кезінде жинай алмайды. Біздің егістіктерімізде әлі де Совет заманынан қалған, қираған, қиралаңдаған техникалар жүр. Мұнымен қайдан өнім сапасы артады?! Нәтижесінде, ұсақ, шикі, жасыл бидай жиналады. Ал енді осындай қыруар мәселелерге баж салығын өсіру қосылса не болады? Сондықтан ендігі кезекте үкімет пен ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселелерді шешуге дұрыстап кірісуі керек. Еуроодаққа арнайы ұсыныс хат жазылып, нақты талаптар қоя алуы керек», – дейді Ж.Ақылбеков.
Қазақстан жалпы астық пен ұн экспортының негізгі бөлігін Орталық Азия мен Ауғанстанға шығарады. Негізгі тұтынушымыз – Өзбекстан. Қолда бар дерек бойынша, былтыр Өзбекстанға – 3 млн тонна астық, 624,7 мың тонна бидай, 430,5 мың тонна ұн экспортталған. Тәжікстанға – 428 мың тонна, Түрікменстанға – 259 мың тонна, Қырғызстанға – 7,6 мың тонна. Ал кейін қосылған Ауғанстанға – 2023 жылы 1,5 млн тонна ұн мен астық, 687,59 мың тонна бидай сатылған.
Өзбекстанда астық шаруашылығы артып келе жатыр, өзі де экспортқа күш сала бастады. Демек, алдағы уақытта импорттан бас тарта бастайды, Қазақстан астығына сұранысы азаюы мүмкін. Бізге қалатыны Ауғанстан нарығын кеңейте түсу. 24 сәуірде өткен Қазақстан мен Ауғанстан премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Абдулании Барадар кездесуінде 2030 жылға қарай тауар тасымалын 3 есеге ұлғайтамыз деп тарасқан. Бірақ бұл ретте бір мәселе бар. Ресей Еуропаға жолы кесіле бастағалы бері Орталық Азияның нарығын жаулауға күш салып жатыр. Өзі де Америка мен Еуропаға өкпелі Ауғанстан Ресеймен жылап көрісуге дайын. Қаласа алып та, шалып та жығатын Ресей үшін бұл нарықтан Қазақстанды ығыстыру аса қиын шаруа емес. Осыны уайымдап, Еуропаға астық сатуды көбейтеміз бе деп жүргенде Ресейдің жолы жабылса... Еуропаға Ресей мен Беларусь бидайы керек болмаса, «міне, сендерге» деп, Қазақстан астығының жолын жаба салу да Ресей үшін түк емес.
Алайда бұл мәселелерді шешуде үкімет мүшелерінің шамасы келмей қалуы да мүмкін. Оның сылтауы да дайын. Қазір шенеуніктердің дені тасқын судың әлегімен жүр. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров су тасқынынан қанша мал қырылғанын енді есептеп болды (айтпақшы, министрліктің су тасқыны кезінде 9 761 бас мал қырылған деген есебімен су басқан өңірлердің халқы келіспейді). Осы есеп бойынша мал шығынын өтеумен басы қатып жүр. Министр Айдарбек Сапаров мамыр айының екінші онкүндігінде елде жаппай егіс науқаны басталатынын да мәлімдеді. Алайда су басқан өңірлерде диқандардың техникалары, суару жүйелері мен трансформаторлары зақымдалған. Жылыжайлар бұзылып, алқаптары су астында қалған. Еуроодақтың салығы өз алдына, ішкі агро саясатта қалыптасып отырған осы мәселелер диқандарды аз шаршатайын деп тұрған жоқ.
Айта кету керек, биыл үкімет көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдікпен қаржыландыруға 580 млрд теңге бөліп отыр. Оның 400 млрд теңгесі тікелей субсидиялау тетігі бойынша жылына 5 пайыздық үстемемен шаруаларға беріледі. Ал бұл қаражаттың «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпегені өз алдына, дер кезінде діттеген жеріне жеткені өте маңызды. Өйткені уақыт өте аз.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ