Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:00

Сапаров құс етін Ресейден, жылқы етін Аргентинадан алады

Айдарбек Сапаров
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан жер көлемі бойынша дүниежүзіндегі тоғызыншы ірі мемлекет екенін бәріміз білеміз. Сондай-ақ егіс алқабы мен жайылымға арналған жер аумағы бойынша әлемде 6-орында тұрады.

 Жайылым алқабы 120 миллион қой жаюға еркін жетеді. Халықтың 40 пайызы ауылда тұрады. Осы деректерді оқыған сырт көз Қазақстанды ауыл шаруашылығы дамыған, агроөнеркәсіптен алдына жан салмайтын мемлекет деп ойлауы мүмкін. Бірақ мәселенің мәніне ішкерлей үңілген адам үлкен парадоксты байқайды.

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтайық, Қазақстанда ауыл шаруашылығынан түсетін табыс жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын ғана құрайды. Басқаша айтқанда, кең байтақ егіс алқабы, жайқалған жайылым жеріміз бола тұра егін егіп, мал баға алмай отырмыз. Салдарынан елде ет импортының көлемі экспорттан әлдеқайда көп. Мысалы, 2022 жылы шетелге 38,6 мың тонна ет сатып, өзіміз 144,5 мың тоннасын сатып алдық. Импорт экспорттан 4 есеге жуық көп болды.

Ал 2023 жылы ет импорты 191 мың тонна болды (330 миллион доллар). Экспортқа 47 мың тонна ет пен ет өнімдерін шығардық. Сатудан түскен кіріс импортқа жұмсалған қаржыдан екі есе аз болды (136 миллион доллар). Бұл жағдай былтыр да, биыл да оңалған жоқ. 2024 жылы қаңтар мен қазан арасында Қазақстан 369,2 миллион долларға 221,3 мың тонна ет және ет өнімдерін импорттаған. Осы кезеңде экспорт көлемі 66 мың тонна ғана (181 миллион доллар) болды. Ал 2025 жылғы қаңтар мен ақпан арасында шетелге 33 миллион долларға 14 760 тонна ет сатып, 60 миллион долларға 29 620 тонна ет сатып алдық.

Сапаров пен Жұманғаринның есебі түгел

Жағдайдың осынша күрделі екеніне қарамастан ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шекаралас аймақтарда импорт пен экспорт араласа береді деп арқаны кеңге салып отыр. Министр бұл сөзді 13 мамырдағы үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз жиынында айтты. Оның ойынша «экспорт пен импорттың араласқанында тұрған ештеңе жоқ». Бірақ өзара сауда тең деңгейде жүріп, пайда-зиянның ара-жігі алшақ болмаса, «ештеңе жоқ» шығар, ал біздегідей импорт экспорттан 3-4 есе көп болса, алаңсыз отыруға болмайды.

2023 жылы қарашада вице-премьер Серік Жұманғарин «Франция қазақтың жылқы етін жоғары бағалады, Сена жағалауына ет экспорттаймыз» деп мақтанған. Содан бері бір жарым жыл уақыт өтті, бізден ет алатын елдер қатарында әлі Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан, Қытай және БАӘ ғана бар. Биыл ғана Грузияға ет жеткізіп, жаңа нарық ашқандай болып отырмыз. Париж базары біз үшін әлі қолжетімсіз. Оның үстіне 2024 жылы бірде-бір келі жылқы еті экспортталған жоқ. Керісінше, шетелден 1,5 мың тонна жылқы етін сатып алыппыз.

Ет экспортында Қазақстанның басты «клиенті» – Өзбекстан. Тәшкент былтыр бізден 20,7 мың тонна сиыр еті мен 13,9 мың тонна қой етін сатып алды. Екеуін қосқанда 34,6 мың тонна. Былтыр еліміз жалпы 60 мыңнан аса ет экспорттағанын айттық. Демек оңтүстіктегі көршіміз Қазақстан ет саудасының тең жартысын қамтып отыр. Алдағы уақытта осы жолдың өзі жабылып қалуы мүмкін. Кейінгі деректер бойынша Өзбекстанда сиыр саны 19 миллионға жетіпті. Ал бізде бұл түліктің саны нақты қанша екенін ауыл шаруашылығы министрлігі де, Ұлттық статистика бюросы да анық білмейді. Бірі – 8 миллион, бірі – 7 миллион деп хабарлап жүр. Бір анығы, Өзбекстаннан екі есе аз екені белгілі. Тәшкент шенділері бір күні сиыр саны жеткілікті болды, өз нарығымызды өзіміз етпен қамтимыз десе, Қазақстанның ет экспорты тығырыққа тірелгелі тұр.

Ал өзге серіктестерімізге сенім аз. Мысалы, биыл Қытайға экспортымыз 21 пайыз азайып кетіпті. 2025 жылдың I тоқсанында шығыстағы көршімізден 5,9 млрд долларға тауар сатып алсақ, оларға сатқан өніміміз 2,5 млрд теңге ғана болған. Әсіресе бидай экспорты 98 пайыз (30,7 млн доллардан 0,6 млн долларға дейін) құлапты. Былтыр Бейжің қазақ бидайынан бас тартып, Ресей өніміне бет бұрғанын айтып, мақала жазған едік. Сол кезде ауыл шаруашылығы министрлігі Қытай Қазақстан бидайынан бас тартпайды деп, біздің мәліметті жоққа шығарған. Бірақ олардың бұл өтірігі қыр аспай жатып ашылып қалып отыр.

Ресей бізге сатады, өзі сатып алмайды

Ресеймен қарым-қатынасымыз да осыған саяды. Біз жоғарыда атаған импорт ет өнімдерінің 80 пайыздан астамы құс еті. Оның көп бөлігі Ресейден келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Украинамен соғыс басталғаннан кейін Ресейден Қазақстанға келетін құс етінің мөлшері қатты артып кеткен. Соғысқа дейін Қазақстанға тауық етінің көбі АҚШ-тан кірсе, 2024 жылы оның орнын Ресей басыпты. Нақты айтқанда, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанға солтүстіктен келетін тауық еті 1,8 есе артқан.

2024 жылы 136 мың тонна құс еті импортталған, оның 48,3 пайызын (65,5 мың тонна) Ресей жеткізген. Мәскеу бізге мұнша көп өнім жібергенімен, бізден барған етті түрлі сылтау айтып, қабылдамайды. Мысалы, Ресейдің Россельхознадзор мекемесі биыл қайта-қайта Қазақстаннан жеткізілген тауық етінен қауіпті бактерия анықталғанын айтып жүр. Қаңтардың аяғында, ақпанның ортасында және мамырдың басында ресейлік мекеме Қазақстаннан барған құс етін қауіпті деп таныды.

АШМ министрі Сапаров үш ретте де Россельхознадзор ақпаратын теріске шығарып, қазақстандық тауық етінен ешқандай бактерия анықталмағанын мәлімдеді. Бірақ ресейлік тараптың қателескенін дәлелдеп, жалған ақпарат таратқаны үшін кешірім сұрата алған жоқ. «Арнайы комиссия құрып, сынамалар алдық және зерттедік. Нәтиже теріс болды, яғни ешқандай бактерия анықталған жоқ. Біз Россельхознадзорға ресми хат жолдадық, енді олар өз тарапынан жұмыс жүргізеді. Соңғы нәтижені кейін қосымша хабарлаймыз» деді Айдаров 13 мамырда.

Егер қазақстандық өнімнен қауіпті бактерия табылса, Мәскеу есігін баяғыда тарс жабар еді. Бірнеше ай бойы созып жүрмесі анық. Демек Ресей тарапы Қазақстаннан баратын өнімге тосқауыл қойып, ішкі нарығын қорғауды ойлап отыр деп болжауға болады. Мұндай қитұрқы әрекетке Айдарбек Сапаров та, сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев те қарсы уәж айта алмай отыр.

Мұндайда Ресей Еуразиялық экономикалық одақтың шарттарына арқа сүйейді. Өйткені одақ шарттары құрамындағы елдерге бірдей емес. Ресейге көбірек басымдық берілген. Мұның зардабын Қазақстан ғана емес, Қырғызстан, Беларусь және Армения да тартып отыр. Бірақ теңсіз келісімге ашық қарсы тұрып, Мәскеудің шамына тиюге ешбірінің батылы бармайды. 2019 жылғы Еуразиялық экономикалық комиссия отырысында Қазақстан үкіметі одақ мүшелері арасында ойын ережесі тең емес екенін айтқан, алайда одан ештеңе өзгерген жоқ.

Қазақстан тауарын стандартқа сай емес деген сылтаумен ЕАЭО елдері аумағына кіргізбей қою бұрыннан бар әрекет. Қазақстанда шыққан өнім Ресей шекарасынан өту үшін кеденде ай бойы қаңтарылып тұратынын кәсіпкерлер жақсы біледі. Тіпті Ресей санкцияланған тауарлар тізіміне Қазақстан өнімдерін қосып жіберген кездер де болған.

ЕАЭО тек Ресейдің пайдасына жұмыс істейтіні елдің бәріне белгілі. Мұны одақ ішіндегі сауда айналымынан да аңғаруға болады. 2024 жылы Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасы 30,4 млрд доллар болды. Экспорт – 10,9 млрд, импорт – 19,5 млрд доллар. Еліміздің ЕАЭО аумағындағы сауда айналымының 91,3 пайызы Ресейге тиесілі болған. Ал Қырғызстанмен саудасы – 5,6, Беларусьпен – 3, Армениямен – 0,1 пайыз ғана. Осының өзі ЕАЭО аты одақ болғанымен, шын мәнінде жалғыз Ресейдің саудасын жүргізетін алаң екенін аңғартады. Ресей Қазақстанмен, Қырғызстанмен немесе Армениямен сауда жасайды. Ал өзге төрт ел арасында өзара сауда-саттық мүлде жоқ десе де болады.

Одақ ішіндегі осы ерекшелік Батыс санкциясына ұшыраған Кремльге үлкен көмек болып отыр. Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанға Ресейден келетін ет өнімдері ғана емес, жалпы азық-түлік көлемі қатты артқан. Мысалы, 2021 жылы Қазақстанға Ресейден 8 700 тонна ұн келсе, былтыр бұл көрсеткіш 67 500 тоннаға жеткен. Яғни Украинамен соғыс басталғаннан бері Ресейден біздің елге келетін ұн көлемі 8 есе өскен. Сол сияқты Ресейден сүт импорты – 8 200 тоннадан 19 300 тоннаға, картоп – 25 мыңнан 50 мың тоннаға артқан. Осылайша Ресейден келетін импортқа тәуелділік арта түсті.

Соған қарамастан, Қазақстан шенділері позитивті жоспар жасаудан жалығар емес. Былтыр желтоқсанда Серік Жұманғарин бірер жылда құс еті саудасында импортқа тәуелділіктен құтылып, оны экспорттаушы елге айналамыз деп мәлімдеді. Экономика министрінің бұл болжамы қашан жүзеге асатыны белгісіз. Бір анығы, қолда бар төрт түліктің етімен өз-өзімізді қамтамасыз ете алмай, алыс-жақыннан сатып алып отырмыз. Тіпті Аргентина, Уругвай және Бразилиядан жылқы етін жеткіземіз. Осы олқылықты түзеуге Жұманғарин, Сапаров және Шаққалиевтің шамасы жетер емес...

Қуаныш Қаппас

Тегтер: