Сапаров пен Шаққалиев картопты қолдан жасап жүр

Сейсенбі күні Үкіметте өткен азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі жиында Ұлттық экономика министрі әрі премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин құзыретін пайдаланып, бірқатар облыс әкімінің орынбасарына сөгіс жариялады. Сөйтсе, сол өңірлердегі тұрақтандыру қорларында сақтаулы тұр деп сеніп жүрген картоп қоры өтірік болып шығыпты.
Енді қайтпек керек дей бергенде шешімі де табыла қалған. Елге қажет көлемде Пәкістан мен Қытайдан арзан картоп сатып алатын болдық. Сөйтіп, сөгіс жарияланып, шешімі табылып, әңгіме біткендей болған. Алайда осы қарапайым әңгіменің астарында көмулі жатқан орасан олқылықтың төбесі қылтиятындай. Қаңтардың ортасында ғана салалық министрлік елге жеткілікті көлемде картоп бар деп жариялап алып, арада ай өтер-өтпестен екі қолын мұрнына тығып отырғаны қалай? Осыған мән беріп көрелік.
Үкімет өз өтірігін өзі ашты
Жұманғаринның әкім орынбасарларына сөгіс жасап, қомақты сыйақыларынан айыратындай не күн туды десек, мәселе мынада екен. Жергілікті атқарушы органдар 12 наурызда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) тұрақтандыру қорлары үшін 41,3 мың тонна картоп қорына келісімшарт жасаған. Енді соны тексере келсе, Маңғыстау облысында мәлімделген 2,5 мың тоннадан астам картоптың бар-жоғы 25 тоннасы ғана нақты расталған. ШҚО-да 1,6 мың тоннадан астам картоп бар делінген, анығында, мұнда да небәрі 35 тоннасы ғана болған. Сол секілді жалған дерек Абай, Жамбыл облыстарында да қайталанған.
Тығырықтан шығудың шұғыл амалы деп әлгі айтқан Пәкістан мен Қытайдан арзан картоп сатып алуды қолға алған. Оған, тіпті кірісіп те кеткен. Қазірдің өзінде елге 4 мың тоннадан астам картоп импортталған, тағы 700 тоннасы жолда келе жатыр.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі қаңтардың ортасында ғана картоп ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті деп арнайылап ақпарат таратқан болатын. Онда 19 қаңтардағы жағдай бойынша елде 850 мың тоннадан асады деп сендірген. Одан бөлек, сауда желілерінде жатқан өнім тағы бар. Осынша көлем биылғы ерте егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттілікті толық жабуға жеткілікті еді. Бірақ жалған цифр жазып беруді дағдыға айналдырғандарын үкіметтің өзі-ақ көрсетіп беріп отыр.
Жалған мәлімет осымен ғана бітіп қалса қанеки?! Одан бөлек, көңілге күдік ұялататын мына жайттарға да назар аударуға тура келеді.
Біріншіден, ғылыми-нормативтік, медициналық норма бойынша әр адам жылына 100 келі картоп тұтынады деп есептесек, 20 млн халыққа айына 167 мың тоннадан шығады. Қаңтардан бергі екі айда домалақтап айтқанда 350 мың картопты жедік дегеннің өзінде қалған 500 мың тоннасы қайда? Сауда орындарындағы қорды қоспай есептегенде осылай шығып тұр. Егер шынымен 850 мың тонна картоптың бар екені рас болса, қалған 500 мың тонна әлі алдағы үш айда артығымен жетуі керек еді ғой. Бірақ біздің ауыл шаруашылығы мен сауда және интеграция министрлігінің бұл тұрғыда беті бүлк етпейді.
Екіншіден, ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өскен. Өзі жыл басталғалы үш аптаға жуық уақыт ішінде қалайша бір ғана елге орасан көлемде сатылып кетеді? Оның үстіне, мереке күндерін есепке алсақ, айналасы он шақты күнде оңтүстік көршіміздің бізден картоп сатып алудан басқа тірлігі болмағаны ма?
Үшіншіден, Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, былтыр әуелгі 11 айда елімізден барлығы 515 мың тоннадан астам картоп экспортталған. Бәрі ТМД елдеріне сатылған. Оның ішінде 463 мың тоннадан астамы немесе 89,92%-ы Өзбекстанға жөнелтілген. Бүкіл экспорттан түскен табыс 46 млн 280 мың долларды құрайды. Демек, 515 мың тонна экспорттың әр тоннасынан 89,86 доллар немесе 1 келісі үшін 44 теңге төленген. Оны доллардың былтырғы орташа құны 490 теңгемен бағалап отырмыз. Ал өз елімізде дүкендер мен базарларда жұрт соны 10 есе қымбатқа сатып алып жүр.
Жалған цифрдан құралған картоп
Ауыл шаруашылығы саласының белгілі сарапшысы, «Ауыл» партиясының президиум мүшесі Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, біздегі ішкі қажеттілік жылына 2 млн тоннаның шамасында. Демек, Қазақстан 2024 жылы ресми дерек бойынша 2,9 млн тонна картоп өндірген болса, 900 мың тонна картопты экспортқа шығаруға болатын еді. Одан ішкі нарыққа еш зиян келмеуге тиіс. Бірақ мәселе сол 2024 жылы шынымен 2,9 млн тонна картоп өндірілді ме деген орынды сауал тастайды.
Өйткені ресми деректің өзінде 515 мың тонна деп көрсетіп отыр. Ендеше, қалған 400 мың тонна қайда кетті? Ол ол ма, енді кеп өз нарығымызды қамти алмай, сырттан сатып алуға мәжбүр болып отырғанымыз мынау. Демек, экспорт көлемінің шындыққа жанаспайтыны бір бөлек, өз нарығымызға жетпей отырғаны да біраз жайдың бетін ашқалы тұр. Соған қарағанда, сарапшының пайымынша, өткен жылы біздің топырақта 1 млн тоннаның айналасында ғана өсіп шыққан. Қалған 1,9 млн тонна деп жүргеніміз құр әншейін қағазға қолмен жаза салған цифр ғана болуы мүмкін. Өйткені мұндай пайым жасауға негіз боларлық жайттар бар.
Мұнда да Статистика бюросының деректеріне жүгінуге тура келеді. Сонау тәуелсіздік алған 1991 жылы елімізде 2,1 млн тонна картоп өндірілген екен. Сол уақыттарда картопты «екінші нан» деп те атап кеткен. Сол картоп 216,8 мың гектар егіс алаңында өсірілген. Қарапайым есепке салсақ, өнімділік гектарына 99 центнерден келеді. Ал қазір суарылатын жердің ауданы 1991 жылдан бері екі есеге азайып, 3 млн гектардан 1,5 млн гектарға дейін қысқарған.
«1991 жылы Қазақстанда 954,9 мың тонна көкөніс өндірілген еді. Ал соңғы жылдары біз жылына 4,7-4,8 млн тонна өндіреміз деп көрсетіп жүрміз. Бірақ егістік аумағы азайса, шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың күшті техникалары болмаса, тыңайтқыштар мен пестицидтер үнемі пайдаланылып отырмаса, сапалы тұқым материалдарына қолы жетпесе, мұнша көлемдегі көкөністі қалай өсіруі мүмкін? Мұндай жағдайымен Қазақстан шын мәнінде жылына 500 мың тоннадай көкөніс өндіретін шығар, ал 4,7-4,8 млн тонна дегені жай статистикалық мәліметтер сияқты», – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, жағдайды оңалту үшін субсидияларды тоқтатып, назарды көбіне кіші шаруашылықтарға аудару қажет. Мысалы, Еуропада бір фермер 10 гектар жерге алма бақшасын отырғызып, барлық күтіп-баптауын өзі атқарып үлгереді. Ал егер оның 100 гектар алмасы болса, өнімнің бір бөлігін жоғалтар еді. Ал біз картопты 500 гектарға отырғызамыз. Өнімнің жартысын жоғалтамыз. Тіпті комбайнның өзі өнімді уақытылы жинап үлгермейді.
«Екіншіден, субсидияларды тек 100 гектарға дейінгі жері бар шағын фермерлерге беру керек. Ал 100 гектардан артық, мысалы, 500-1 000 гектар жері бар фермерлерге субсидия берудің қажеті жоқ. Олар қазірдің өзінде тауар өндіруші ретінде орныққан, өз аяғына тұрды, олигархтарға айналды. Сөйте тұра әлі күнге субсидия беріп келеміз. Бұл құдды бір кішкентай балаға 2-3 жасқа дейін балалардың тағамын беріп, 20 жасқа келгенде де әлі сол тамағын беріп келе жатқанмен тең», – дейді Төлеутай Рахымбеков.
Қалай болғанда да статистикасын өсіріп көрсетуге дағдыланып қалған әкімқаралардың теріс әдеті бүкіл елге салмақ болып тұрғаны анық. Облыс басшыларының орынбасарларына сөгіс жариялаумен шектелгісі келетін Жұманғаринның әрекетіне жол болсын. Ал «бірінші жыл шығар, осындай болып жатқан!» деп, 2,6 млн тонна картоп өндірдік деп соққан ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен «елімізде картоп қорына қатысты ешқандай проблема жоқ» деп соққан Арман Шаққалиевтің әзірге бұл былықта мұрты қисайған жоқ.
КСРО кезінде 100 қойдан 180 қозы алу дейтін науқан жүрген. Осы бір рекордты бұзу үшін немесе осы жоғары көрсеткішті сақтау үшін, «Еңбек ерін» шығару үшін төл кезінде қозы жинайтын бір «дәстүр» болған. Оның ақыры не болғанын бәріміз білеміз. Коммунизмнің жауы – жоспарлы экономика болды. Жоспар орындау үшін басшылар цифрдан сурет салды, тексерудің асты-үстіне түсіп, аяғына жығылды. Ақыры, экономика күйреп тынды. Біздің сурет салғыш министрліктердің күмәнді статистикасы да үрей тудырады. «Жас Алаш» тиісті министрліктерге ресми сауал жолдады. Алдағы уақытта бұл тақырыпқа қатысты кеңірек сараптама ұсынатын боламыз.
Ербол Тұрымбет
Астана