Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 16 Сәуір 2025

Сапаров сиырының санынан жаңылып жүр

Айдарбек Сапаров
Фото: ашық дереккөз

Жуырда ауыл шаруашылығы министрлігінің мал экспортына тыйым салған құжаты жарияланды.

Осыған дейін елімізден ірі қара және ұсақ малдың аналық басын шетелге әкетуге уақытша шектеу қойылып келген болса, сол шектеудің мерзімі тағы 6 айға ұзартылды. Жауапты министрліктің түсініктемесіне қарағанда, мұнысы ауыл шаруашылығы жануарларының санын тұрақты ұлғайту үшін жасалып отыр. Бірақ біз көрген мәліметтер мәселенің бәрі жалған статистикадан шығып тұрғандай ойға жетелейді. 

Министрліктің әлгі шектеуі бұған дейін де бар еді. Былтырғы қыркүйекте ірі қараның аналық түрін сыртқа сатуға болмайтындай етіп шешім шығарған. Содан бері жағдай оңалмады ма екен, сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия шектеу уақытын тағы созды. Жаңа шектеу сәуірдің 10-ынан бастап күшіне енген.

АШМ мен Статистика бюросының екі түрлі сиыры

Жалпы статистикаға қарасақ, елімізде ірі қараның ең көп саны сонау Тәуелсіздік алған жылы тіркеліпті. Ол уақыттағы ресми статистиканың қалай жүргізілгені бір Құдайға мәлім, сол 1991 жылғы мәліметке сенсек, 9 млн 600 мыңға жуық сиыр тіркеліпті. Одан соң біртіндеп азайып, он жыл өткенде 4 млн-нан да түсіп кеткен. Одан соң қайтадан қарқын алып, 2021 жылы 8 млн-нан асып жығылады. Бірақ ойламаған жерден қайтадан мал басы кеміп, 2023 жылы 6,5 млн болып қалады.

Министрлік жылдың басында таратқан ақпаратында «қаңтардың соңына қарай сиыр етінің көлемі халықтың қажеттілігін толық қанағаттандырады» деп, сенімді сөйлеген. Сондағы келтірген мәліметтеріне қарағанда, елімізде сиыр еті өндірісінің өсуімен қатар ірі қараның жалпы саны да артып келеді. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 7,8 млн басты құраған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18,5%-ға артық. Ал сиыр етінің экспорты 8 мың тоннаға артып, 20 мың тоннаға жеткен.

Енді Ұлттық статистика бюросы не дейді? Ондағы ресми деректе сиыр атаулының саны былтыр да 6,5 млн шамасында деп көрсетіліп, биыл жыл басында оның саны 8 млн-ға жетеғабыл екені жазылған. Айдарбек Сапаров бастаған министрлік осы жерде «200 мыңдай ірі қараны ойдан қосып жіберді ме екен» деп бір қойдық.

Қазақстандағы сиыр статистикасының бұлай мың құбылуының сыры неде? Біз өткен сандарымыздың бірінде еліміздегі картоп бағасының неге қымбаттап кеткеніне үңіліп, осы тығырыққа жалған статистиканың кесірінен тірелгеніміз жайлы біраз сөз қозғағанбыз. Сол кезек сиырға да жеткені ме?

Ет одағының деректері тіпті нашар

Ауыл шаруашылығы министрлігі солай деп жатқанда, тура бір апта бұрын мәжілісте өткен агроөнеркәсіп өнімдері экспортының мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде Қазақстанның ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев бірқатар түйткілді жайттың бетін ашты. Оның сөзінше, тіпті қолға алынған іргелі жұмыстардың нәтижесінде 2019 жылы ірі қара саны 7,4 млн-ға жеткен. Алайда одан кейінгі экспорттық шектеу-тыйымдар саланың өркендеуіне кедергісін тигізіп, 2024 жылы небәрі 5,4 млн-ға дейін түсіп кеткен. Енді Сапаров өз статистикасын дәлелдеу үшін Ет одағының басшысымен жеке сөйлесуге тура келетін сияқты.

Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, 2010 жылы елімізде етті бағыттағы мал шаруашылығы бағдарламасы басталды. Сөйтіп, экономиканы әртараптандыру мақсатымен сырттан асыл тұқымды мал әкелініп, оларды көбейту орталықтары, ет комбинаты дегендер салынды. Сол үшін мемлекет триллиондап ақша бөліп, ол жеңіл несиеге, субсидияға жұмсалды. Соның арқасында шаруалар мен мал басының саны артқан. Соған сай ет экспорттайтын жаңа нарықтар ашыла бастаған. Өзбекстан бізден ет сатып алуды арттырып, оған Қытай мен Ресей, Иран секілді бірнеше ел қосылды.

«Солардың жарқын мысалы ретінде ылғи 2019 жылды көрсетіп жүрем. Сол уақытта жылына 240 мың бас ірі қара мен 15 мың тонна сиыр етін экспорттайтынбыз. Бірақ 2019 жылы мал экспортына тыйым салынып, соның ақыры осы күні сиыр етінің бағасы 2 еседей өсіп кетті», – дейді Мақсұт Бақтыбаев.

Неге бұлай болды? Одақ басшысының сөзінше, барлығы сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Сұраныс өскен сайын фермерлер де мал басын ұлғайтады. Тұрақты табыс тауып, оған қоса жеңіл несие беріліп жатқан соң барлығы мал шаруашылығымен айналыса бастады. Ал тыйымның ақыры неге әкелді? Төрт түрлі сатып алушының екеуі – мал бордақылау орталықтары мен экспорттағы сатып алушылар нарықтан кетіп қалып, тек ет комбинаттары мен ішкі нарық қана қалды.

Сайып келгенде, шаруалардың қолында 8 млн мал басы болғанымен, оған ішкі нарықтан лайықты сұраныс болмай қалды. Шаруалар амалсыз демпингке көшеді. Ауыл-ауылдан мал сатып алып, ірі қалаларға жеткізетін делдалдар келісін 1 500-1 600 теңгеден сатып алып отырды. Бұл тіпті өзін-өзі ақтамайтын баға, себебі өзіндік құнынан 20% арзан. Осы қалыппен соңғы 4-5 жылдан бері жалғасып келеді.

«Фермерлер ірі қара санын азайтып тастады. Өйткені шығынға жұмыс істегісі келмейді. Жұмысшылардың жалақысы, несиелер, күнделікті тіршілік – бәріне табысы жетпейді. Амалсыз малын тезірек сату керек. Оның үстіне, қуаңшылық та жағдайды қиындатып жіберді. Мал азығы 2-3 есе өсіп кетті. Ол да шаруаның арқасына артылды. Сөйтіп, біразы басқа салаға ауысып кетті», – дейді ол.

Спикердің айтуынша, ең соңында қарапайым халық зардап шекті. Қазір ішкі нарықта мал басы жеткіліксіз, ет жетіспейді. Әлгі делдал сатып алушылар мал бордақылау орындарын аралап, жаппай сатып алудың өзіне келісіне 3 мың теңгеден беруге дайын. Одан қалса дүкендердегі сөреге кемі 4 мың теңге болып жетеді. Тығырықтан шығудың жолын іздеп, біразы Беларусьтан келісін 2 800 теңгеден сатып ала бастаған.

Сондықтан экспортқа мүлде тиіспеу керек еді. Ал ақырында не болды? Экспорт қарқын алған 6 жылда тірі мал экспорты 15 мыңнан 20 мың тоннаға жеткен. Бұл дегеніңіз, қосымша 30 млн тонна деген сөз. Алайда тыйым салып, 240 млн доллардан қағылып отырмыз. Енді сол экспорт жүріп тұрған шақтағы мал басының санын қалпына келтіру үшін кемінде төрт жыл керек. Сырттан сиыр сатып алып, оны жерсіндіріп, өсіріп, төлін алып, санын көбейткенше көп уақыт керек.

Саланы оңалтудың оңтайлы жолы

Белгілі ауыл шаруашылығы сарапшысы, «Ауыл» партиясының президиум мүшесі Төлеутай Рахымбеков саланы өркендетудің орнықты жолы ретінде экспорт мәселесінен бөлек тағы бір жолын айтады. Ол үшін алдымен мына бір деректі мысалға келтіреді.

Сүт өндірісі бойынша әлемдегі ең ірі АҚШ, Германия, Франция, Жаңа Зеландия сияқты 20 өндірушіні талдап қарағанда, олардың барлығы дерлік шағын фермерлік және жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіретін кооперативтермен жұмыс істейтін болып шыққан. Мұндай бірлестіктер жылына 1 млн тоннадан 30 млн тоннаға дейін сүт өндіреді. Ал Қазақстан 2023 жылы бар-жоғы 3,5 млн тоннадан аз сүт өндірген.

«Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімінің шамамен 80%-ы шағын фермерлік және жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Бұл жағынан Қазақстан дамыған елдерден ерекшеленбейді. Менің талдауым бойынша, бір фермерлік шаруашылықта орта есеппен ірі қара саны 80 бастан кем, ал ұсақ мал 230 бастан аз. Біздегі шенеуніктер ауыл шаруашылығының басты мәселесі деп шағын тауарлы өндірісті айтып жүр. Соның салдарынан ауыл шаруашылығының тиімділігі төмен болып отыр. Бірақ қарапайым сұрақ туындайды: АҚШ, Германия, Франция, Жаңа Зеландия сияқты елдер қалайша ет пен сүтке қарық болып отыр? Сондықтан мәселенің шешімі сервистік-тұтынушылық кооперацияда жатыр. Бұл мәселені шешу үшін «Тұтынушылық кооператив туралы» және «Өндірістік кооператив туралы» заңдарды талдап, тиісті мемлекеттік органдарға осы заңдарға және «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет», – дейді ол.

Сиырының санынан жаңылып жүрген Сапаров ондай өзгеріс жасауға асыға қояр ма екен...

Ербол Тұрымбет

Астана