Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Сапаровты Қарақұмға қай құдай айдап барды?

Сапаров
Фото: Ашық дереккөз

Қазақстан жыл сайын шегірткемен алысады да жатады. Әсіресе көкөніс пен жеміс-жидек егістігімен көп шұғылданатын оңтүстік өңірлерде осы мәселе жылда сөз болады. Әуелі өңір жұрты шулап бастайды да, артынша ауыл шаруашылығы министрлігі қауырт жұмыс істеп жатқанын жариялап, түрлі есеп-қисабын шығара бастайды.

 Бір сценариймен өрбитін осы жағдайға жылда қайталанған соң ба екен, көз-құлақ үйреніп болған. Бірақ сол қара бұлттай басып жататын осы зиянкестерден неге әлі күнге арыла алмай келеміз? Неге осы мәселе жылда ушығады да тұрады? Осы сұрақтың басы әрдайым қылтияды да, жәндікпен арпалыстың астында көмескі әңгімедей жаншылып, арты тыншып бітеді.

Ресми мәлімет пен маманның сөзі кереғар

Ауыл шаруашылығы министрлігінің 22 мамырда жариялаған мәліметі бойынша ел аумағында 2,8 млн га жер тексеріліп, соның 498 мың гектарынан шегіртке өткен болып шықты. Сөйтіп, сол жердің бәрін өңдеуге кіріскен. Қазір 14 өңірде 464 мың га жерде шегірткеге қарсы күрес шаралары атқарылған. Мәселен, Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жамбыл облысында негізгі өңдеулер аяқталып, италиялық прусқа қарсы жұмыстар жалғасуда. Дәл осындай италиялық прусқа қарсы химиялық өңдеу шаралары Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында да жүріп жатыр.

Дегенмен осы күндері әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан Қызылорда облысындағы көріністерден жан түршігеді. Алдымен ресми мәліметін қарап алайық. Министрліктің сөзіне сүйенсек, өңірде өңделуге жоспарланған 17,132 мың га ауыл шаруашылығы алқабының 10,524 мыңы өңделіп біткен. Соның ішінде Арал ауданына қарасты Қарақұм, Сазды, Аққұм, Қосаман және Жіңішкеқұм ауылдық округтерінің аумағында жүргізілгенін ерекшелеп айтады. Сол жұмыстар үшін 2 жеңіл авиация кемесі, 2 аса жеңіл ұшақ, 12 жерүсті техникасы, 5 дрон, 45 арқаға асылатын бүріккіш жұмылдырылған. Мониторинг жұмыстарына 48 маман тартылған.

Ресми мәліметті осымен доғара тұрып, енді сала маманына сөз берейік. Шегірткелерді бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Құрмет Байбосыновтың айтуынша, жалпы зиянды шегірткелер үйірлі және саяқ болып бөлінеді. Соның ішінде үйірлісінің елімізде үш түрі бар. Оның бірі – италиялық шегіртке, Қазақстанда тегіс таралған. Әсіресе шығыс, орталық және батыс өңірлерде көп кездеседі. Одан соң марокколық шегіртке еліміздің оңтүстігінде, Түркістан, Жамбыл облыстарында көп таралып, барлық егіске, соның ішінде қауын-қарбыз бен дәнді-дақылдарға аса қатты зиян келтіреді. Үшіншісі – азиялық шегіртке. Ол көбіне қамысты жерлерді, өзен-көл жағасын мекендейді.

Шегірткелердің зияндылығына келсек, жаппай көбею дейтін кезеңі болады. Оңтүстік өңірлерде кездесетін марокколық шегірткеде 7–8 жылда болып тұрса, қалған екеуінде 10–12 жылда өтеді.

Үйірлі зиянды шегірткелерге фитосанитарлық жұмыстар 4 кезеңді қамтиды. Біріншісі, көктемгі көпіршелер жұмысы бойынша тексеру. Ол қыстап шыққан жұмыртқаларының фитосанитарлық жағдайын білу үшін керек. Одан кейін көктемгі дернәсілдер бойынша тексеру. Ол көпіршіктен шығып жатқан дернәсілдердің саны мен таралу аймағын білуге қажет. Одан соң жазғы шағылысу мен жұмыртқа салу кезеңдері тексеріледі. Соңғысы – күзгі тексеру. Онда осы салынған жұмыртқалардың саны мен таралу аймағы болжанады. Осылардың бәрінде GPS орнатылып отырады.

Ал күресу жұмыстарына келсек, шегіртке қанаттанғанға дейін, яғни ұшпай тұрып жүргізілуі керек. Мысалы, Қазақстандағы үйірлі шегірткелер бес дернәсіл фазасынан өтеді. Одан кейін қанаттанып, ересекке айналады. Маманның сөзінше, қазіргі қолданылып жатқан дәрілердің көбі пиретроидтар химиялық класына жатады. Ол препараттармен сол дернәсілдер фазаларының бірінші және екінші жасында, яғни ұсақ кезінде жойған дұрыс. Ал зиянкестер жаппай көбейіп, үлгермей жатса, онда 3–4 жасына дейін қолдануға болады. Бірақ одан әрі 4–5 жас кезеңдерінде тиімсіз.

Уақытында жасалмаған жұмыстан нәтиже болмайды

Әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан көріністің бәрінде дерлік қанаттанып, ұшып-секіріп жүрген, жетілу кезеңінің 4–5 жасына жетіп болған шегірткелер. Қарақұм ауылы тұрғындарының айтуынша, шегіртке жер бетіне шыға бастағалы бері көрінбеген техникалар тек соңғы екі аптада қаптай бастаған. Дәрі шашатын ұшағы да, техникалары да қатынауды жиілеткен. Онда да бір айдан бері тоқтамай дауыл көтеріліп, құм борап, тіршіліктің берекесін қашырып тұрғандықтан ұшақтардың өнімді жұмыс істей алмай тұрғанын айтады. Өйткені жел жылдамдығы шамадан асып кетсе, ұшаққа қауіп. Ал қазіргі жағдайда сағатына шамамен 25 шақырым жылдамдықпен соғып тұр. Оның үстіне, бұл өңдеу шаралары тым кеш қолға алынғандықтан, оның лайықты нәтиже бермейтінін зерттеуші маман да айтып отыр.

Ғалымның айтуынша, жалпы, үйірлі шегірткеде бір шаршы метрге 3 бастан жоғары болса, ал саяқ шегірткелерде 8–10 бастан келсе, онда ол зиян тигізетін көлем болып есептеліп, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу керек. Оның үстіне, бірінші, екінші жасы дегеннің өзі әр өңірдің ерекшелігіне сай әр уақытқа келеді. Жалпы алғанда наурыздың аяғы мен сәуірдің басы деп есептеледі екен. Ал солтүстік пен орталықта мамырдың басы.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі бұл уақытта шегірткемен күрес жоспарын енді ғана құрып жатқан еді. Министрлік 3 сәуірде шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларын ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Сол жиында биылғы таралу аумағы 2,1 млн га болатыны айтылып, оған қажетті ресурстар қарастырыла бастады.

Енді Құрмет Серікұлының сөзінше, қазіргі жағдайда, яғни 3–4, 4–5 жасқа жеткен шегірткелерге химиялық заттарды қолдану керек. Онда да тиімділігі жоғары, сапалы түрін алу қажет. Мысалы, неоникотиноидтар, фосфоорганикалық қоспаларды қолдануға болады. Жалпы, өңдеу жұмыстарымен айналысатындар олардың не екені, атауына дейін түгел жақсы білу керек. Ол әлбетте, шегірткені өлтіре алады. Бірақ кері жағы да бар.

Айталық, қолданылатын әр препараттың күту мерзімі болады. Мысалы, егінді жинап алар алдындағы соңғы өңдеу шаралары кей препаратта 20, кейбірінде 30 күн бұрын жасалуы керек. Мал жайылымына қатысты да солай. Өңделетін жерлерде осы аралықта мал жайылуына тыйым салынады. Себебі себілетін дәрінің кері әсері бар. Айдалада қоршауы жоқ, еркін жайылымда жүрген мал үшін мұндай тәртіптің сақталмайтыны белгілі. Бірақ шегірткемен күрес шаруасымен әуестеніп жүргенде бұл мәселе жария түрде айтылмай қалады.

Жыл сайын миллиардтар жұтылып жатыр

Мәселенің күресте күмән тудыратын екінші қыры да бар. Соңғы жылдың бедерінде зияны көп жәндікпен күресеміз деп республикалық бюджеттен бөлініп жатқан қаражаттың көлемі назар аудартпай қоймайды. Айталық, 2022 жылы 2,5 млрд теңге бөлінген болса, 2023 жылы республикалық бюджеттен пестицидтерді сатып алуға, сақтауға, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерге 3,8 млрд теңге жұмсалған. Ал былтырғы бюджет шығыны осының екі есесінен де асып кетті. 2024 жылы үйірлі шегірткемен күресу үшін республикалық резервтен 8,1 млрд теңге бөлінді. Әуелде 2,5 млн га алқапта тарайды деп болжанғанымен, іс жүзінде 3,1 млн га болып шықты. Биылғы шығын да аз емес. Бюджеттің әр тиынын есептеп отырған шақта тағы 7,1 млрд теңге қарастырылды. Осы қаражатқа 38 млн га жерге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 4 мыңнан аса адамды жұмысқа тарту көзделген.

Айта кетерлік бір жайт, жыл сайын қыруар қаражатты құмға сіңген судай етіп жатқан шегіртке ауыл шаруашылығы министрін Астанада тыныш жатқызбаған сияқты. Айдарбек Сапаров құмды дауылдың ортасында қауырт жұмыстың қалай жүріп жатқанын өз көзіммен көрем деп Қарақұм ауылына өзі барыпты. Соған қарағанда онсыз да мақтауы кем, сыннан көз ашпай келе жатқан Сапаровқа бір тықыр таянған-ақ сияқты. Дауылдатып, шегірткеге «мініп» баруын барды ғой, бірақ қолын мезгілінен кеш сермеген министр қарақұмдықтарға шегірткені қолмен қалай ұстап, қалай өлтіру керек екенін көрсетпесе, қанаттанып, аяқтанып алып, жолындағының бәрін жалмап бара жатқан шегіртке Сапаров келді екен деп тартынып қалады дейсіз бе? Сапаровтікі де әйтеуір жұрт шулап, тітіркене көз салып отырған жағдайдың соңы асқынып жатса, үйде жатып алыпсың демесін деп, көз қылып келіп отырғандай көрінеді.

Расында, сәуірде қайда жүрдіңіз, Сапаров мырза?

Ербол Тұрымбет

Астана