Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 21 Маусым 2024

Сапаровтың жоқ малды вакцинациялау операциясы

1
Фото: kaztag.kz

Өткен аптада Ақмола облысының прокуратурасы Жақсы ауданында мал басына қатысты жалған есеп пен вакциналау фальсификациясы анықталғанын хабарлады.

Олардың мәліметінше, тиісті ветеринарлық зерттеулер мен мал басын қауіпті ауруларға қарсы егу жүргізілмеген, есептер бұрмаланған. Және жоқ мал басы тіркеліп, жалған есепте тұрғандарының саны 16 мыңға жеткен.

Тағы Тарас ауылдық округінде 500, Ешім ауылдық округінде 319 бас мал туберкулезге қарсы тексерілмеген, ал есепте бәрі 100 пайыз. Запорожье ауылдық округында тиісті актілер бойынша жоқ малды вакциналау жүргізілген. Мұның бәрі аудандық тексеріс нәтижесінде анықталыпты. Осыған қатысты жағдайдың анық-қанығын толық білу үшін Ақмола облысы ветеринария басқармасына хабарластық. Бұл тарап жоғарыдағы есептерді жоққа шығарып отыр.

«Облыстық прокуратура сенімсіз ақпаратты таратып жіберген. Аудандық медқызметкерлердің айтуынша, статистикалық мәліметтер мен базадағы мәліметтер қабыспайды екен. Бұл орайда статистика арнайы бір формуламен есептеледі. Ал базадағы есепті шығару үшін, біз қора-қораны аралаймыз, тіркеп, енгіземіз. Осы екі арадағы айырмашылық па, әлде басқа ма, қай жерден қателік кеткені анықталады. Әзірге ақ-қарасы толық расталмайынша тарап кеткен ақпаратқа сенудің қажеті жоқ. Бұл облыстық прокуратураның қатесі, олар сенімсіз ақпаратты жариялай салған. Әрине, расымен де белгілі бір көлемде сәйкеспеушілік немесе қате есеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ 16 мың деген ақылға қонымсыз. 2-3 мың десе құлаққа кірер ме еді? Бірақ Жақсы ауданында жалпы саны 31 мың бас мал бар. Енді оның 16 мыңы тек есептегі мал деуге келе ме? Жоқ.

Оның үстіне бұл былтырғы есеп. Соны кеше болғандай жариялаған. Жаңа жылдың жартысы өтіп кеткенде өзі қате, өзі кеш жарияланған мәлімет біраз ыңғайсыздықтар туындатып отыр. Осының бәрін айтып, ақпаратты толық расталмайынша ресми ресурстан алғызып тастадық. Қазір прокуратура басшысы еңбек демалысында көрінеді. Жауапты маман келе салысымен тиісті шаралар қабылданады. Ал бар мал басының қауіпті ауруларға тексерісі ретті. Жалпы біздің облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қазір бір ғана аулада жағдай тіркеліп, шектеу қойылды. Бақылауға алдық», – дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Тоқбайұлы.

Басқарманың дерегінше, 2024 жылдың басында облыстағы мал басы сәйкестендіріліп, базадағы және қорадағы есеп комиссиямен тексерілген, жаңартылған. Десек те, фальсификация деректерінің кездесуі мүмкін екенін ешкім жоққа шығарған жоқ. Мал басын құжатта көбірек етіп көрсетіп, соның бәрін вакциналап жатырмыз деп мемлекет қаржысын жымқыру – кең таралған «схема». Мәселен, өткен мамырдың аяғында Солтүстік Қазақстан облысында осындай жағдай тіркелген. Ветеринарлық қызмет вакциналау мен оны растайтын құжаттарға қатысты ережелерді бұзып, ірі қара малды диагностикалау ісін толық жүзеге асырмаған. Өңірлік прокуратура вакцинация жиілігін артығымен көрсету үшін 15 мың «приписка» жасалғанын, 242 жалған ветеринарлық анықтама берілгенін, сібір жарасынан өлген мал қорымы ветеринарлық қағида талаптарына сәйкес «күтіп-бапталмағанын» хабарлады. Оған қоса, сою алаңдары мен пунктерінің жетіспеушілігі бар. Осы тіркелген жағдайларға байланысты 78 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Тура осы секілді наурызда Қостанай облысында жалған вакциналау есебі мен ветеринарлық қызметтегі заң бұзушылықтар анықталған. Онымен қоймай ауру мал санын ресми есепке кіргізбей жасыру, вакциналарды сақтау тәртібін бұзу фактілері орын алған. Ресми деректерге сүйенсек, 4 мың мал басы «жалған вакциналанған». Мәселен, Қостанай аудандық ветеринарлық пунктінің құжаттары бойынша Ш. есімді азаматтың 727 ұсақ малына екпе салынған. Ал шын мәнінде аталған азамат мүлде мал асырамайтын болып шықты. Тағы Қостанай және Лисаковск қалаларында, Алтынсарин, Әулиекөл, Қостанай, Наурызым, Ұзынкөл аудандарында да осыған ұқсас деректер тіркеліпті. Әрі мал басын тіркеу мен идентификациялауда заң бұзушылықтар кездескен. Мұнда да жауапкершілікке тартылғандар баршылық.

Анықталғаны осы, анықталмағандары қанша екені тағы белгісіз. Расында мемлекеттік бюджеттен мал басын идентификациялауға, диагностика мен вакциналауға, ветеринар мамандардың қызметіне аз ақша бөлінбейді. Бірақ соның көбі осындай қитұрқы схемалардың кесірінен желге ұшып жатыр дейді сарапшы. Бұл өз кезегінде елдің биологиялық қауіпсіздігі үшін үлкен қатер.

«Мал басын есептеу мәселесі – мемлекет ұстанып отырған бүгінгі агросаясаттағы үлкен қателік. Фальсификация проблемасы да осы тұстан басталады. Бүгінде идентификацияны жүргізетіндер тендер арқылы анықталады, осы шаруаға жыл сайын 1 млрд теңгедей қаражат бөлінеді. Сырғалар шаруаларға тегін таратылатындықтан олар тіркеудегі мал санын ойына келгендей көтере де, түсіре де береді. Дәл осы жағдай жемқорлыққа жол ашып беріп отыр. Негізінен, сырға алдымен шаруаға, кәсіпкерге керек. Мысалы, мәшиненің нөмірін сатып аламыз, әркім өзі тіркеп, өзі айналысады. Ал малды неге мемлекет тіркейді? Бұл құзыреттілік шаруалардың өзіне берілгенде ғана фальсификациядан құтыла аламыз. Жекеменшік малды тіркеу мемлекет мүддесі емес, ол малдың иесінің ісі. Бұл идеядан қашып жүрген қазіргі министр дұрыс позицияда деп айта алмаймыз. А.Сапаров процесті өз уысынан жібергісі келмейді.

Вакциналау да мемлекет мойнында. Оны жасап жатқан ветеринарлар да. Осының бәрін қосқанда жылына 40 млрд теңгедей қарастырылады, соның дені ысырап болып жатыр. Бұл тек жымқыру амалы, схемасы ғана. Салыстырар болсақ, көп шет мемлекеттерде сырғалау, дәрі-дәрмек пен вакцинация, мал дәрігері манипуляциясының шығындарын шаруалардың өзі өтейді. Бұл тек шығындарды өтеу ғана емес, ветеринарға айлық беру немесе мал санын анықтау емес, биологиялық қауіпсіздік мәселесі, халық тұтынып отырған ет пен сүттің сапасы. Соған қарамастан атүсті қарау тыйылмай тұр. Қазіргі ветеринария соңғы 30 жылдағы ең мүшкіл халге түсті. Жағдай жылдан жылға құлдырап келеді. Президент министрлікке екі рет тапсырма беріп, ветеринария саласына түбегейлі реформа қажет екенін айтты. Содан бері ветеринар мамандардың жалақысы 15-25 пайызға өскені болмаса, жаңалық жоқтың қасы. Оның өзі 200 мың теңгеден аса қоймады. Демек, түбегейлі дейтін ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. Ал расында да түбегейлі реформа жасалуы үшін, ол жүзеге асуы үшін алдымен мемлекетшіл министр керек. Расымен шаруаға, малға, халықтың биологиялық қауіпсіздігіне жаны ашитын маман қажет. Қалай қарасақ та негізгі мәселе министрліктің жұмысынан, өйткені ахуалды қалыптастыратын ведомство сол. Қарапайым ғана бір нәрсе, ветеринарлық комитетте осымен екінші жыл басшы жоқ. Бәрі міндетін атқарушы, келеді-кетеді. Осыдан-ақ бәрін ұғынуға болатын шығар», – дейді Алмасбек Садырбаев.

Кәсіпкердің сөзінше, идентификация мен вакциналау орынды жүрген күнде де шаруалардың басым бөлігі бар малдың жартысының жартысынан ғана қан алып өткізеді екен, қалғаны тек қағазда. Әрине, негізінен 100 пайыз қан сынамалары тексерілуі тиіс. Осы сынды ұсыныстар мен проблемаларды айтатын шаруалар жетеді дейді ол. Тек құлақ асар министр жоқ. Вице-министр кезінде ашықтығымен көзге түскен Сапаров жаңа қызметке келгелі не шаруаларды, не сынды тыңдамайтын көрінеді. Өз сөзінде: «Мал басы бойынша статистикалық деректерді шынайы мәліметке сәйкес келтіру керек», деген Сапаров арнайы жол картасын, ондағы индикаторларды еске салып тұрады. Бір алгоритмдерді айтып, үкімет тапсырмасы туралы сөз етеді. Алайда соңғы айлардағы жағдайлар ведомство жұмысының нәтижесі емес пе?

Елдің эпизоотиялық жағдайына әсер ететін факторлардың бірі малдың толық және сенімді есебі екенін жоғарыда айттық. Осы есепті жүргізетін ақпараттық жүйе де, жалпы жүйе де сын көтермейді. Ал малды тіркеу, екпемен мерзімді қамтамасыз ету, ветеринарлар қызметінің меншігі ашық талқыға түскен емес. Онсызда бітпейтін субсидия, салықтық жеңілдіктер, жер мен жайылым мәселесі секілді биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағы да ақсап жатыр. Ауыл шаруашылық саласы еліміз бен экономика үшін маңызды деп айтуын айтқанымен, осы секілді тым ауқымды және кезек күттірмейтін мәселелер бір-бірінің артына кезекке тұруда...

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: