Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:20

Сәпиев пен Есімхановқа тек түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Сәпиев пен Есімханов
Фото: ашық дереккөз

Қарағандыда Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановқа қатысты дау-дамайдан кейін Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті.


Жиын барысында екі тарапқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың әдеп нормаларын бұзғаны атап өтілді. Осыған байланысты Серік Сәпиев пен Дәурен Есімханов қызметтерінен өз еріктерімен кеткенін мәлімдеді.

Кеңес өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін алдағы уақытта тиісті алдын алу шаралары қолға алынбақ.

Айта кетейік, 23 қаңтар күні Олимпиада чемпионы, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевті орынбасары ұрып тастады деген ақпарат тарады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал 21 қаңтар күні Қарағандыдағы облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болған. Серік Сәпиев пен оның орынбасары, танымал самбошы Дәурен Есімханов арасында әуелі сөз жүзінде келіспеушілік туындап, арты төбелеске ұласқан. Нәтижесінде Серік Сәпиев дене жарақатын алған.

Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. 

Алайда кейіннен әлеуметтік желіде Серік Сәпиевтің таяқ жемегені тек орынбасарымен келіспей қалғаны туралы видео тарады. Бейнеде екеуінің жанжалдасқаны бейнеленген, алайда дене жарақатын салатын төбелес байқалмайды.