Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:11, 03 Қараша 2022

«Сақтансаң – сақтайды...»

None
None

Қазір алаяқтықтың ең сорақы түрі шықты. Тіпті, алаяқпен бетпе-бет кездескенде, сіз оған қалай алданып тұрғаныңызды білмей де қаласыз.

Ол қалай десеңіз, сіз бір сауда орындарында, не болмаса, көшеде серуендеп жүресіз. Сол кезде сіздің қасыңызға бір бейтаныс жасөспірім қыз, ұл болсын, не болмаса, ересек біреу болсын, сізге келіп: «қолыңызда қолма-қол ақша бар ма? Бар болса, маған берсеңіз, мен сіздің каспий нөмеріңізге аударып жіберейін», дейді. Сіз осыған келіссеңіз, үлкен проблема сізді күтіп тұр дей беріңіз. Яғни, оның арты өтірік чек көрсетіп, аудармай кетуі мүмкін. Не болмаса, басқа да сорақылықтар болуы мүмкін. Сізге «аха, аудардым», – деп, аудармай, өтірік чек көрсетіп кету былтырлары кең тараған алаяқтықтың бір түрі еді. Ал қазіргі сорақы алаяқтықтың қандай екенін кейіпкерлеріміз айтып берсе.

— «Мега» сауда орталығына барғанымда, жасы 14-15 шамасындағы кішкентай қыз: «Әпке, маған қолма-қол ақша қажет болып тұр еді. Бірақ қолымда банк картасы жоқ болғандықтан, ақшаны шығарып алуға мүмкіндігім болмай тұр. Сіз маған көмек бере аласыз ба? Мен сіздің каспий нөміріңізге ақша жіберсем, сіз маған қолма-қол ақша берсеңіз. Өтініш, өте қажет болып тұр», деп жыламсырады. Кішкентай қыз болғаннан кейін аяушылық танытып, келістім. Содан ол маған 10 мың аударды да, менің оның қолына қолма-қол ақшаны ұстаттым. Содан соң, кешке үйге келсем, маған бөтен нөмір хабарласып: «Сізді сотқа беремін. Неге менің қызымнан ақша аласыз? Ақшамды тез арада қайтарыңыз», – деп айқайға басты. Басынан бастап айтыңызшы, сізге не істеп қойдым десем, сіз менің қызымды алдап, каспий нөміріңізге ақша аудартып алыпсыз дейді. Басында қатты уайымдағаныммен, кейіннен бұлардың анасы мен қызы бірлесіп, жасап жүрген алаяқтық істері екенін білдім, – дейді Айгүл Темірбекова есімді келіншек.

Ал базарда ұялы телефондарды сатушы Мұхтар Аязов есімді кейіпкер де дәл осындай жағдайға тап болғанын айтады. Бірақ онда қаскүнемдер оның атынан интернет дүкенін ашып, тұтынушыларға «алдын ала төлем жасаңыз, сізге телефонды салып жіберемін» дейді де, сатушыға барып, сізге ақша аударсам, сіз маған қолма-қол ақша берсеңіз», дейді. Сөйтеді де сатушыдан қолма-қол ақшаны алып, оның қайтарымын интернеттің ар жағында отырған тұтынушыға аудартады. Осылайша, дайын ақшаны иемденіп кетеді. Бұл барлық сатушының басынан өтіп жатқан жағдай. Тек сатушы емес, қарапайым тұрғындардың арасында осындай әдіспен алданып жатқандар өте көп.

Ал бұл алаяқтықтың жазасы бар ма? Әрі оның қалай алдын алуға болады? Халық алданып қалмауы үшін нені білуі тиіс, деген сұраққа ұлт жанашыры, заңгер Бағдат Амандосұлы кеңесін берді.

— Қазіргі кезде түрлі қызмет түрлерін төлеу барысында қолма-қол ақшалай есептесуге қарағанда, банктік аударымдарды пайдалана отырып, ақшаны аудару артып келе жатыр, яғни ұялы телефон нөміріне тіркелген шотқа ақша аудару өте қарқынды дамуда. Осы орайда, банктік аударымдарға өте мұқият болу керек. Ең алдымен, ҚР Азаматтық процестік кодекстің 72-бабына сәйкес, әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және оларға қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс.

Сондай-ақ ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабына сүйенсек, заңдармен немесе мәмiлемен белгiленген негiздерсiз мүлiктi басқа тұлғаның (жәбiрленушiнiң) есебiнен иеленiп алған немесе жинаған тұлға (сатып алушы), осы Кодекстің 960-бабында көзделген жағдайлардан басқа ретте, негiзсiз иеленiп алынған немесе жинақталған мүлiктi (негiзсiз баю) алдыңғысына қайтаруға мiндеттi.

Сонымен қатар, аталған Кодекстің 960-бабы бойынша қайтарылуға жатпайтын негiзсiз байлық ретiнде:

1) егер мiндеттемеде өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындау үшiн оны орындау мерзiмi басталғанға дейiн берiлген мүлiк;

2) талап ету мерзiмi өткеннен кейiн мiндеттеменi орындау үшiн берiлген мүлiк;

3) азаматқа оның тарапынан терiс пиғыл болмаған жағдайда күнкөрiске арналған қаражат ретiнде (жалақы, авторлық сыйақы, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу, зейнетақы, алименттер және т.б.) берілген және иемденушi пайдаланған ақша сомасы және өзге де мүлiк;

4) егер иемденушi мүлiктiң қайтарылуын талап еткен тұлғаның мiндеттеменiң жоқтығы туралы бiлгендiгiн, не мүлiктi қайырымдылық мақсатында бергенiн дәлелдесе, болмаған мiндеттеменi атқару үшiн берiлген ақша сомасы мен өзге мүлiк қайтарылуға жатпайды.

Қорыта келе, егер сіз біреуден қолма-қол ақша алып, оған өзіңіздің ұялы телефоныңыздағы банктік қосымшаңыз арқылы сол немесе басқа біреудің шотына төлем жасайтын кезінде хабарламаға ақшаны қайтару деп жазып, қолыңызға алған қаражатты электронды түрде аударсаңыз, онда сізде өтеу туралы дәлелдер бар екеніне көзі жеткен тұлға ешқандай шаралар қолдана алмайды, ал егер бұндай шаралар қолданбасаңыз, онда сіз негізсіз байыдыңыз деп санауға болады, себебі дәлелдердің жоқтығы төлемнің ерікті түрде болғанымен жоғарыда көрсетілген баптың салдарды тудыртады, – дейді заңгер.

Қазіргі таңда осыған ұқсас алаяқтықтың тағы бір түрлерін тізбелейтін болсақ, өте көп. Солардың қатарында «Олх», «Крыша» сайттары арқылы әдемі жарнаманы төмен бағамен салып, сізді құрығына түсіреді. Мәселен, әдемі бір үйдің суретін салады да, басқа сатылып жатқан үйлердің бағасынан екі есе төмен бағаға сатылымға қояды. Пәтер іздеп шаршаған жұрт арзан бағаны көріп, бірден пәтер иесіне хабарласады. Ал өзін пәтер иесімін деп таныстырған бейтаныс: «Мен шетелге аяқастынан көшіп бара жатырмын немесе Ресейде жүрмін. Пәтерді тезірек алып қалғыңыз келсе, 10-20 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасаңыз», – деп, «Альфа» банк секілді ресейлік шот нөмірлерін жібереді. Үйді алғысы келген адам алданғанын сезбей қалады. Осылайша, не ақша жоқ, не пәтер жоқ далада қалады. Бұндай хабарландыруға неғұрлым алданбауға тырысу керек. Себебі, пәтер сататын адамдар ешқашан алдын ала төлемақы алмайды. Тек алатын адаммен жүзбе-жүз танысып, келісім арқылы ғана саудаласа алады.

Сондай-ақ қазір алаяқтардың тағы бір түрі пайда болды. Телефон арқылы жеке деректерді білу мүмкіндігі едәуір жеңілдеген. Тіпті, смартфоныңызды қашықтан басқарып, сіздің банк қосымшаңыз бен электронды цифрлы қолтаңбаңызға дейін бұзып кіре алатын жағдайға дейін жеткен. Бір жылдың ішінде тек Алматы қаласының өзінде 400-ге жуық адам алаяқтардың құрығына ілінген. Банк өкілдері мұндай жағдайлар орын алған жағдайда еш көмектесе алмайтындарын, бар жауапкершілік адамдардың өзінде ғана екенін жеткізді. Сол себептен, әр адам мұндай жағдайға ұрынбас үшін, телефонға келген хабарламалардағы «Белгілі бір компанияның туған күні. Осған орай, сілтемеге кіріп, ұтысқа қатысып, жүлде ұтып алыңыз» деген сілтемелермен келген хабарламаларды ашпауы қажет екенін, әрі банк карточкасының артындағы 16 цифрлы санды ешкімге көрсетпеу керек екенін ескертеді. «Сақтансаң – сақтайды» демекші, барлығымыз да алаяқтың құрбаны болмауға тырысайық.

Тегтер: