Сара Назарбаева емін жалғастыруда — Ұлттық госпиталь

Қазақстанның экс-президентінің жұбайы Сара Назарбаева қазіргі уақытта Президент істері басқармасының Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдап жатыр (бұрынғы атауы — Совминка).
Бұл туралы мекеме ресми түрде хабарлады.
— Пациент қажетті емдеу курсынан өтуде. Барлық медициналық шаралар бекітілген стандарттарға сай жүргізіліп, білікті мамандардың бақылауымен жүзеге асырылады, - делінген аурухана хабарламасында.
Медициналық мекеме өкілдері Қазақстан Республикасының “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодексінің 273-бабына сәйкес, диагноз және денсаулық жағдайы туралы мәліметтер дәрігерлік құпия екенін еске салды.
— Ақпаратты жария етпеу туралы шешім пациенттің жеке өміріне құрметпен қарап, емдеу процесіне араласуға жол бермеу үшін, сондай-ақ оның заңды құқығын қорғау мақсатында қабылданды. Қоғамның түсіністікпен қарап, медициналық этика талаптарын құрметтегені үшін алғыс айтамыз, - деп атап өтті Ұлттық госпиталь.
Айта кетейік, мамыр айында Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы қауесет тараған еді. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Президент істері басқармасының ауруханасы дәрігерлері оны жасанды тыныс алу аппаратынан ажырату туралы шешім қабылдағаны жөнінде хабарламалар шыққан. Алайда бұл ақпаратты Айдос Үкібай жоққа шығарды.