Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:45

Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ақпаратты дәрігерлер жоққа шығарды

Сара Назарбаева
Фото: ашық дереккөз

Экс-президентінің жұбайы Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.

Бұл туралы Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі ресми мәлімдеме жасады. Госпиталь өкілдері Сара Назарбаеваның қазіргі таңда ем алып жатқанын хабарлады. Алайда пациенттің жағдайына қатысты нақты мәлімет беруден бас тартты.

«Пациент ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде ем қабылдап жатыр. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабына сәйкес, пациенттің диагнозы мен денсаулығы туралы мәліметтер медициналық құпияға жатады», – делінген ресми мәлімдемеде.

Мекеме өкілдері ақпаратты жарияламау шешімі пациенттің жеке өміріне қол сұғылмауын, құқығы мен қадір-қасиетінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын атап өтті.

14 мамыр күні бірқатар анонимді дереккөздер Сара Назарбаеваның көз жұмғаны туралы хабар таратқан. Тіпті, осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жедел ұшып барғаны туралы да бейресми ақпараттар жарияланды.

Алайда көп ұзамай бұл ақпаратты Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жоққа шығарды. Оның айтуынша, Сара Назарбаеваның жағдайы бақылауда, ал тараған қауесеттер — жалған әрі негізсіз.

Айта кетейік, бұған ұқсас жағдай былтыр желтоқсан айында да орын алған. Ол кезде де Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты жалған мәліметтер әлеуметтік желілерде тараған болатын.