Сараң «Самұрық» Ақтөбеде әлеуметтік осал топпен алысып жүр

Баспана бүгінде қалың бұқараның күнделікті тұрақжайы ғана емес, ең қымбат мүлкі. Жыл өткен сайын бағасы шарықтап бара жатқан жылжымайтын мүліктің қадірін қарапайым жұрт әбден түсініп болды.
Сол үшін кім-кім де қолы жеткен жылы жерінен еш айырылғысы келмейді. Әсіресе қалта жұқарып, тіршілік тауқыметі қысқан шақта біреулер келіп басыңдағы пәтеріңнен айырып жатса, одан арғы тіршілікте мән қалмайтындай көрінеді. Сондай жағдаймен шырылдап жүрген ақтөбелік Жұмағалиевтер отбасы «Жас Алаштың» Астанадағы редакциясына шағым айтып келді.
Осыдан бірер жыл бұрын Samruk-Kazyna Construction АҚ-дан мемлекеттік бағдарламамен пәтер алған ол енді сол үйінен айырылып қалудың алдында тұр. Ал тартып алып жатқан сол «Самұрықтың» өзі. Тапқан-таянғанын пәтерінің ақысына жұмсап жатса да беті бері қарамаған компания өкілдері пәтерін қалай да тартып алып, өздерін бала-шағасымен далада қалдырмақ ниетте.
16 млн-ның үйі 18 млн-ға қалай қымбаттады?
Әңгіме сонау 2019 жылдан басталады. Аталған компаниядан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы ипотекалық қарызбен үш бөлмелі пәтер алып, шат-шадыман күй кешеді. Жалғыз Жұмағалиевтер емес, сол жерде эконом санаттағы 9 қабатты бірнеше үйден ондаған отбасы пәтерлі болған. Бірақ тіршілік ауыртпалығымен тиесілі төлемақысын дер уақытында төлей алмай, арада екі жыл өтіп кетеді. Сөйтіп, іс сотқа жетіп, төленбей қалған мерзімдегі бүкіл ақысын жинақтап, 6 айға бөліп береді. Онысын қарызданып-қауғаланып, арасында уақытын созып алып, дегенмен 2 жыл дегенде ақыры төлеп бітеді. Осыдан соң ақылға салса, бастапқы 155 мың теңгенің шамасындағы ай сайынғы төлем кестесіне оралуы керек еді.
Алайда осы жерде жағдай күрт өзгеріп, Жұмағалиевтер отбасы 2023 жылы үйді босату керек болып шығады. Мұндай жағдайға жетуіне Samruk-Kazyna Construction АҚ-ның сотқа беруі себеп болыпты. Компанияның мәліметіне қарағанда, бұл отбасының қарызы бастан асып кеткен. Соңғы есеп бойынша, 18 млн теңгеден асып жығылады. Әу баста, 2019 жылы 16 млн теңгеге бағаланып, мемлекеттік бағдарламамен алған баспананың тағдыры аяқ асты осылай өзгереді.
«Осы уақытқа дейін екі балам қайтыс болды. Әсия, Елена деген екі қызымның екеуі де шетінеп кетті. Одан кейін ұлымызды қамқоршылықпен асырап алдым. Одан кейін тағы қызды болдық. Осы аралықта ем-домға да көп шығындалдық. Соған қарамастан, әупірімдеп осыған дейін 11 млн теңгемізді тап сол жалдау ақысы ретінде төлеп келгенбіз. Бірақ оны компанияның бухгалтериясы айыппұл, өсімпұл секілді түрлі себеппен жан-жаққа таратып жіберген. 16 млн теңгенің үйін 2019 жылы 13 жылға келісімшартпен алып едік. Енді, міне, 18 млн болып шыға келді», – дейді Айнұр Жұмағалиева.
Бірақ «Самұрық» жұрттың басына түскен тіршілік тауқыметіне қарап жатсын ба?! Мұндайда «төлемесең өзіңнен көр» деген қарапайым қағиданы берік ұстана қалатын компания әрекетке көшеді. Сөйтіп, қайтадан сот арқылы үйінен қуып шығуға қол жеткізіп, ол жұмыс сот орындаушысының қолына тапсырылады. Оның арты үйге полиция өкілдері келіп, айғай-шуға ұласады. Бұған қатысты компанияның жауабына қарасақ, Жұмағалиевтер 2023 жылдың мамырына дейін, яғни 45 айдың ішінде небәрі 3 рет төлем жүргізіп, шарт талаптарын жүйелі түрде бұзған. 2020–2024 жылдары шарт талаптарына сай қарызды өтеу және оның талаптарын орындау туралы бірнеше мәрте ресми хабарлама жіберілгенін айтады. Ал талап етіп отырған 18 279 000 теңге – тек жалдау қарызы емес, оған шартты бұзу салдарынан туындаған айыппұлдар, салық берешектері, сот шығындары және пәтердің қалдық құны толықтай кіреді.
Осы жерде екі тарап арасындағы мына бір жайтқа назар аударуға тура келеді. Мәселен, келісімшарттың 10-тарауында жалға алушының жалдау төлемдерін төлеу міндеттемелерін бұзуы – шартты бұзуға немесе жалға алушыны қандай да бір жауапкершілікке тартуға негіз болмайтыны жазылған. Сол сияқты 11-тарауда да алдын ала жазбаша түрде хабарлама берілуі керек екені айтылады. Бірақ келісімшарттағы бұл талаптарды өз бетінше түсінген алпауыт компания төлем мерзімін біршама уақыт созуға ғана келіседі.
«Самұрықтың» тағы бір сылтауы – cубаренда
Жағдай қиындаған үстіне қиындай берген отбасының банктердегі бүкіл есепшоты бұғатталып, ешқандай табысы қолына түспей қалады. Тіршіліктен әбден тарыққан жандар бір амалын ойластырып көреді. Өздерінің айтуынша, үйіндегі үш бөлменің бірін жалға беруді ұйғарып, күнделікті ішіп-жеміне нәпақа таба бастайды. Компанияның өткір көзі осыны көріп қойған екен. Бұл отбасының онсыз да тіршілік тауқыметі аздай, «субарендаға беріп отыр» деп айып қылып тағады. «Жұмағалиев С. пәтерді бөгде тұлғаларға жалға беріп, одан жүйелі түрде пайда тауып отырғаны нақты дәлелдермен (актілер, фото, видео материалдар) тіркелген» деп келтіреді компания өз жауабын. Бірақ Айнұрдың айтуынша, тоңазытқыштағы ас-ауқат пен кішкентай баласының горшогы бұл жауапқа кірмей қалған.
Осы жерде мән беретін тағы бір жайт, екі тарап арасындағы бастапқы келісімшарттың 13-тарауына көз жүгіртсек, мынаны байқаймыз: Осы шартқа байланысты немесе одан туындайтын барлық дау мен келіспеушілік тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешілу керек. Ақылға салса, жолын тауып, нәпақасын айырып отырған жандарға пейіл танытып, келіссөзге шақыру абзалырақ болар еді. Бірақ Samruk-Kazyna Construction-ның алтын басты басшылары басқаша ойлайтын сияқты.
Сайып келгенде, о баста 16 млн теңгенің үйі қазір Жұмағалиевтер отбасына қайтадан 18 млн теңгеге шығып тұр. Ал осы аралықтағы жинап-теріп төлеген 11 млн теңге түрлі айыппұл мен өсімпұл сылтауымен ізім-қайым жоқ болған. Әсіресе компанияның үйді толығымен сатып алуды ұсынған жауабы тіпті қызық. «Жас Алашқа» берген ресми жауабында «2025 жылы компания тарапынан пәтерді толық сатып алуға екі рет ұсыныс жасалды. Алайда Жұмағалиевтер тарапынан нақты ешқандай әрекет байқалмады», – деп бір тоқтайды. Мұнысы «Аш бала тоқ баламен ойнамайдының» кебі. Тіршілігі тұралап, бала-шағасына ішерге ас табу қиындаған отбасына осынша тұратын пәтерін сатып алуды ұсынғанын ақылымызға сыйдыра алмадық. Мұндағы 18 млн-ның ішіне сатып алу бағасы мен 20% сыйақы, кепілдік төлемі бойынша қалған құны, мүлік салығы бойынша берешегі, жалдау төлемін кешіктіргені үшін өсімпұл берешегі, қосалқы жалға берілгені үшін айыппұл берешегі мен жалдау төлемі бойынша қарызы кіреді. Бірақ жалдау төлемі бойынша 1 млн 800 мың теңгеге жуық артық төлеп қойса да онысын қарыз етіп жазғаны тағы түсініксіз.
Дәл қазір Ақтөбедегі сол үйлерде «Самұрықпен» алысып жүрген тағы бірнеше әулет осындай мәселеге тап болып отыр. Бұл тек жалғыз Жұмағалиевтер отбасының ғана емес, тағы бірнеше үйдің басындағы жағдай екенін компанияның өзі де растайды. Енді бұл отбасының пәтерін 18 млн теңгеге сатып ала алмайтынын өздері де түсінсе керек, ақыры сотпен тартып алуға көшкен.
Тоқетерін айтқанда, компанияның бізге берген жауабындағы нақты ұстанымы мынау: «Көпбалалы ана мәртебесін жамылып, бірнеше жыл бойы төлемнен жалтарған, медиативтік келісімді орындамаған, пәтерді жүйелі түрде кіріс көзіне айналдырған тараптың әрекетін «Samruk-Kazyna Construction менің пәтерімді тартып алды» деп көпшілікке бұрмалап жеткізу – әлеуметтік сезімтал тақырыпты әдейі саясиландырып, қоғамда жалған пікір қалыптастыру әрекеті» деп біледі.
Бірақ бала-шағасының аузынан жырып, несиеге қарызданып жүріп миллиондап төлеген үйін босатқысы келмеген Жұмағалиевтер отбасы енді «Самұрықпен» ақырына дейін алысып көрмекші.
Айта кетейік, Samruk-Kazyna Construction АҚ 2009 жылы құрылған. Толығымен «Самұрық-Қазына» АҚ-ға қарайды, акциясының 100%-ына ие. Компания сайтындағы мәлімет бойынша бүгінде Ақтау мен Атырау қалаларында 9 пәтерді саудаға шығарып қойған. Одан бөлек, 18 коммерциялық үй-жай мен 10 паркинг, 7 жабдығын және сатып жатыр. Қаржылық жағдайына келсек, 2021 жылы 9,7 млрд таза табысқа кенелген. Кейін пандемия кері әсерін тигізсе керек, 2022 жылы 5,3 млрд қана тауыпты. Ал 2023 жылы қайтадан өсіп, 7,5 млрд теңге пайда көрген.
Ербол Тұрымбет
Астана