Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:38, 28 Қазан 2022

Сарандық балалардың сағы сынбасын десек...

None
None

Қарағандыға қанаттас жатқан – Саран аймақтағы моноқалалардың қатарына енеді. Бұрынға қарағанда, қазір шағын шаhарда ұлтын сүйетін ұландар тәрбиелеп жатқан қазақтар қатары өсіп келеді.

Тәуелсіздіктің тағдырына алаңдайтын жандар үшін бұл қуанарлық жайт.  Тіл – ұлттың әуелгі тағдыры деп қарасақ, өкінішке қарай, Сарандық балғындар орысша тіл сындыруға мәжбүр болып отыр. Мұны жауаптылардың олақтығына ма, әлде салақтығымызға телейміз бе?

— Балаларымызды беруге қазақ тобы бар балабақша табу қиын іске айналды. Мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тобы мүлдем жеткіліксіз. Жылда кезігетін кедергіден қашан құтыламыз? – деді өңір басшысына төтелей сауал қойған қандасымыз.

Жеңіс Қасымбек бұл мәселе тамыз айында көтерілгеніне қарамастан, күні бүгінге дейін басы ашық күйінде қалып отырғанына қайран қалды. Әкім қазан айының ортасы болса да, қаладағы №1 мектептің ұжымы директорсыз жұмыс істеп жатқанын да сынға алды.

— Бұған дейін мен осы олқылықтарға көзжұмбайлықпен қарап отырған қалалық білім бөлімінің басшысын қызметінен алу жөнінде ұсыныс тастаған едім. Жайбасарлықтан қашан арыласыздар? Жоғарыдағы тапсырманы жедел шешіңіздер!, – деп күйзелген әкім орынбасарларына өктем бұйрық берді.  

          Аймақ жетекшісінің ашуға мінетін жөні бар. Өйткені, «Жаңа Қазақстанның» ана тілінде сөйлеуге бейілді балдырғандарының  мәжбүрліктен орыс топтарына баруы жалғаса берсе, тіл саясатын өктемдеудің қажеті не? Бұдан соң, ел болашақтарына «мемлекеттік тілде сөйле!» деп қайтіп талап қоямыз?

Сарандық ата-аналардың зары мұңымен шектелсе жақсы, қаладан алыс елді мекендегі оқушылар ақ қар, көк мұзда қияндағы білім ордасына қатынап сабақ алып жүр. Қала орталығынан қашық орналасқан №16 шахта  ауданының өрендеріне мектепке жету мұң болып отыр.

— Облыстағы қашықтан білім алатын ауыл балаларына арнайы автобустар бөлініп жатқанынан хабардармыз. Қаламызда автобус шығаратын парк бола тұра, осындай балалар көлігіне жарымай қойдық, – деп мұңын шаққан ата-анаға аймақ жетекшісі жақын арада олардың өтініштерін қанағаттандыруға уәде берді.

Қала балаларының спортпен айналысуына тосқауыл болып тұрған кедергілер бар екен. Облыс әкімімен жүздесудің сәтін пайдаланған тұрғындар: «Сиырқұйымшаққа айналған Абай атындағы мектептің спорт бөлмесіндегі құрылыс жұмысы қашан аяқталады? – деп, Қасымбекті сұрақ астына алды. Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мұрат Мағзин:

– Жауапсыз мердігердің салдарынан жұмыс бүтіндей тоқтап тұрғаны рас. Бірақ мәселе әуелден біздің бақылауымызға алынған. Кінәлі мердігердің үстінен сотқа шағым түсірдік. Жақын арада істің басына жаңа мердігер келеді, әзірге байқау жүріп жатыр, – деді.

Бала тағдыры – мемлекеттің болашағы. Ел келешегінің кедергісін ұсақ проблемаға баласақ, оның зардабы кейінгі буынға айналып келері шүбәсіз. Бұлтартпас аксиоманы – мемлекет ертеңіне жанашырлықпен қарайтын жандар ғана түсінетіні қынжылтады.   

Тегтер: