Сарапшы: долларды 545 қылған тобырлық дүрмек

Соңғы бір ай ішінде доллар курсы тым құбылып кетті. Әсіресе соңғы секірісінде қатты қымбаттап, Ұлттық банктің нарыққа араласуына тура келді.
Бағасын тұрақты өсіріп отыратын АҚШ валютасының бағамына қатысты ел ішінде тұрақты пікір де қалыптасып болған. Не әлемдік мұнай бағасы, не Ресей рублі бір дағдарысқа ұшырайды. Бірақ доллар арзандайды, онда да 5–10 теңге емес, бірден 150 теңгеге түсіп кетеді дегенді бұрын-соңды естіп көрмеген едік. Қаржы сарапшысы Нұрғали Нұрмағамбетов осындай болжам айтып, жұртты тосын жайға қарық қылды.
Сарапшының сөзінше, елдегі валюта нарығында тарихи сәт тағы қайталанайын деп отыр. Оның болжамына қарағанда, АҚШ доллары 400 теңгеге дейін түседі. Таңғалатын түгі жоқ. Оны да құр өзінің пайымы емес, әлемнің жетекші инвестициялық компанияларының болжамы деп сендірді. Айтуына қарағанда, жағдайдың бұлай өрбитініне үш түрлі себеп бар. Біріншіден, Ақ үй әкімшілігінің жаңа саясаты доллардың құнын төмендетеді. Екіншіден, елімізде базалық пайыздық мөлшерлемені төмендету жалғасады деп болжанып отыр. Оның үстіне, АҚШ-та федералдық резерв жүйесіне қысым артып барады, оны жуық арада байқаймыз. Үшіншіден әрі ең маңыздысы – мемлекеттік қарызымыз орасан көлемде өсіп келе жатыр. Бұл инвесторлар арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Айдаладағы АҚШ тұрмақ, «ішкі жағдайымыз да мәз емес» деп даурығу бекер. Өйткені ішкі ситуация ешқандай рөл ойнамайды. Ең маңыздысы, доллардың бүкіл әлемге қатысты бағамы, ал ол төмендей береді. Қаржыгердің «тарих қайталанады» деп отырғаны сонау 2002–2007 жылдар аралығындағы жағдайды меңзейді. Сол уақыттары доллар 5 жыл ішінде 150 теңгеден 120 теңгеге дейін арзандаған еді.
Сала сарапшысы айтып тұрған соң көңіл аударуға тұрарлық сөз деп білеміз. Әйтсе де мықты білгір болса да Нұрмағамбетовтің сөзіне сене алмайтындар көп. Өйткені доллар-рубль курсы 78, ал мұнай бағасы 77 доллар болып тұрғанда біздегі курс 520, ал рубль 6,7 теңге еді. Соған қарағанда, 400 тұрмақ, тіпті 500 теңгеге дейін түсуі де неғайбыл дейтіндер жетерлік. Тіпті өткен апталарда шетелдік инвесторлардың жапа-тармағай теңгесін долларға ауыстыра бастағаны туралы айтылып жүр. Сөйтіп, ойламаған жерден шетел валютасы қымбаттаған үстіне 10–15 теңгеге тағы шарықтай түскен. Қазірдің өзінде доллар индексі 100-ден төмен түсіп кетсе де біздің үкімет оның курсын түсіруді ойластырып отырмағанын желідегі жұрт жаза бастады. Ал шынтуайтына келгенде, қазіргі қалпында АҚШ ақшасы 430 теңгенің шамасында бағалану керек деген де пікір бар.
Доллар неге негізсіз қымбаттайды?
Жұрттың олай қиялдауына себеп те жоқ емес. Өйткені өткен аптада қаржы нарығындағы дүрбелең басталған соң Ұлттық банк интервенция жасап, жағдайды тыныштандырған болды. Қанша сатқанын жарияламаса да әйтеуір әрекет етті. Бірақ бас банктің өзі доллардың бұлай қымбаттауына ешқандай түпкілікті негіз болмағанын мәлімдеді. ҰБ берген сараптамаға қарағанда, мұнай бағасы 70 доллардан жоғары тұрақты саудаланып жатыр, доллар болса әлемдік деңгейде әлсірей бастаған. Кереғар жағдай тек Қазақстанда ғана екен.
Экономист Ернар Серік бұған дейін экономикамыз өсіп жатса да неге ол доллар курсын арзандата алмайтынын түсіндіріп көрген еді. Оның айтуынша, теңгенің биылғы әлсіреуі кездейсоқ емес және оған әсер етіп тұрған бәленбай фактор бар. Солардың ішіндегі ең бастысы – көліктер мен жабдықтар импортына сұраныс күрт артқан. Өнеркәсіптің өсіп, кәсіпорындар жаңара бастаған сайын бизнес шетелден жабдық сатып алуды көбейтіп жатыр. Бұл, әлбетте, долларға сұранысты арттырады.
Экономист бұл сөзін нақты мысалмен дәлелдейді. Биылғы маусым айында негізгі капиталға инвестиция салуда көліктер мен жабдықтарға 652 млрд теңге жұмсалған. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 47%-ға (445 млрд теңгеге), ал былтырғы маусыммен салыстырғанда 35%-ға (484 млрд теңгеге) артық. Сәуір-мамыр аралығында өсім баяу болғанымен, дәл осы маусымда айтарлықтай ұлғайған. Егер шілдеге жасалған 800–900 млрд теңге болжам расталса, бұл соңғы 13 айдағы рекордтық көрсеткіш болмақ.
Екінші жағынан, теңге бағамын қолдап отыратын сыртқы сауда балансымыз биылғы қаңтар-мамыр айларында былтырғы сәйкес кезең көрсеткішінен 37%-ға азайып, 9,5 млрд-тан 6 млрд долларға түскен. Экспорт та 9%-ға кеміп, 32,8 млрд-тан 29,8 млрд долларға дейін кеміген. Есесіне, импорт 2%-ға артқан. Демек, Қазақстанның валюта табысы азайып, керісінше, шығынға батқан.
Мемлекет оның үстіне жағдайды тағы ушықтырып отыр. Түрлі қаржылық жеңілдіктермен бірге, қаржылық қолдау жасап, ақша массасын арттырып жіберген. Оның бәрі теңгемен жүреді. Сосын айтарлықтай бөлігі валюта нарығына барады. Сөйтіп, теңге әлсірейді. Сайып келгенде, бұл экономиканың әлсіздігінен емес, төл ақшамыздың тапшы ресурсқа айналуынан болып отыр.
Қаржы нарығындағы тобырлық дүрмек
Қаржы сарапшысы Елдар Шамсутдиновтің пікірі одан да қызық естіледі. Валюта нарығы қызып, теңге бағамы 540-тан 550-ге өскенде, нарықта «тобырлық сана» іске қосылады. Бір банк доллар сатып ала бастаса, екіншісі соны қайталайды. Одан соң қалғандарында да «қалып қоймайық» деген ой туады. Сөйтіп, нарық байыпты өлшемді ұмытып, барлығы бір деңгейде ойлап, ендігі өзгерісті күтіп отырады. Спекулянттар мен экспортерлер жоғары бағамен валюта сатуға тырысады, банктер лимиттерін арттырады, бәрі теңгенің әлсірейтінін күтеді.
Осы кезде нарыққа Ұлттық банк араласып, шу шығармастан нарыққа 5–10 млн доллар сата салады. Бұл нарықты түбегейлі өзгертіп жібермейді, тек баға одан әрі өспей, сату көлемі тұрақталады. Сосын нарық ойыншылары абыржиды, өйткені алдындағыдай бәрі жаппай сатып алып жатқан жоқ.
Сөйтіп, алғашқы болып ең сезімтал трейдерлер, банктер мен спекулянттар тәуекелге басады. Себебі бірі шығынын ұлғайтқысы келмейді, енді бірі пайда көргісі келеді, экспортерлердің шыдамы таусылады. Осылар нарыққа долларын сатып, бой көрсете бастағанда бұл қымбатшылық тренді аяқталған болып шығады. Сосын өзгелер де осыларға ереді. Ақырында нарық өздігінен реттеліп, бағам кері қайтады.
Қарап отырсақ, екі мысалда да шетел валютасы курсын қолдан қымбаттатып алып отырған болып шығамыз. Бұл жерде «Қазақстан экономикасы» деп тұрып сөйлейтін еш негіз жоқ. Бар болғаны, біреу бастап, қалғандары қостап кететін тобырлық дүрмектің әсерінен туындап отыр. Соған қарағанда, әңгіме басындағы қаржыгер Нұрғали Нұрмағамбетовтің сөзі де бекер болмаса керек. Егер, шынымен сол айтқандай, АҚШ валютасы қарқынын тым бәсеңдетіп, 400 теңгенің ауылына жақындаса, онда экономистердің мына келтірген екі мысалы толығымен расталған болып шығады.
Ербол Тұрымбет
Астана