Сарапшы Қазақстандағы гендерлік саясатты қолдаудың жолдарын айтты
Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде қоғамдағы гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар қадамдар жасалды. Бұл шаралар ұлттық деңгейде ғана емес, әлемдік тәжірибеге сәйкес әзірленген стратегияларға да негізделеді.
Дегенмен, гендерлік теңдікке қол жеткізуде Қазақстанда әлі де шешілмеген проблемалар мен қиындықтар бар екені жасырын емес. Біз сүріп жатқан қазіргі қоғамда мемлекеттің гендерлік саясатын қалыптастыру және жүзеге асыру мәселелері бұқаралық сананың оң демократиялық қағидалар мен әдет-ғұрыптардың жүйеленуі мен нығаюының арқасында өзекті сипатқа ие болып отыр.
Гендерлік саясатқа салғырт қарау мемлекет пен қоғамның демократиялық құрылымының негіздерін бұзып, азаматтық қоғам институттарының жұмысын төмендетеді, құндылықтарға негізделген демократиялық жүйенің мәртебесін әлсіретеді, сондай-ақ саяси жүйені демократияландыру үдерісіне деген сенімді азайтары анық. Гендерлік саясаттың басты мақсаты – барлық азаматтардың қалыптасқан дәстүрлі гендерлік жүйеден туындайтын шектеулерден еркін, өз қалаулары мен жеке қабілеттерін дамыту еркіндігіне ие болуы десек те болады. Қазақстандағы гендерлік саясаттың құқықтық негізі 1998 жылғы «Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар туралы» заңнан бастау алады.
2009 жылы Қазақстан "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңды қабылдады. Бұл заңнамада әйелдер мен ерлердің қоғамдағы құқықтары мен мүмкіндіктерін теңестіруге бағытталған бірқатар міндеттер айқындалды. Сонымен қатар, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) «Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы» конвенциясына қосылған еді. Соған қарамастан, бүгінгі Қазақстан қоғамында гендерлік стереотиптер әлі де бар, тіпті жойылмай тұр. Әйелдер көбіне көп «нәзік»сала деп аталатын білім беру, денсаулық сақтау сияқты мамандықтарда жиі қызмет атқарса, ал ерлердің басым бөлігі жоғары табысты және беделді деп саналатын IT, қаржы, инженерия салаларында жұмыс істейтіні анықталды.
Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының басқарма төрайымы Зүлфия Байсақованың айтуынша Үкіметтің Қазақстанның Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізуі бұл жағдайды өзгерте алмайды.
«Қазақстандағы гендерлік теңсіздік, әлемнің көптеген елдеріндегі сияқты, әділетсіз еңбекақы төлеуде, үкіметтегі жеткіліксіз өкілдікте және басқа да салаларда байқалады. Мысалы, саяси мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі небәрі 9,3%-ды құрайды. Үкіметтің Қазақстанның Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізуі бұл жағдайды өзгерте ме? Жоспар бойынша мемлекеттік органдардағы әйелдер үлесін 30%-ға дейін арттыру, орташа жалақыдағы гендерлік алшақтықты қысқарту, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдер үлесін көбейту және басқа да шаралар ұсынылған. Әйелдерге арналған квоталар енгізілгеннен кейін сенатта 9, мәжілісте 28 депутат пайда болды, бұл жалпы 26%-ды құрайды. Алайда бұл нормаға қарамастан, әйелдердің өкілдігі әлі де үштен бірге жетпейді», - дейді.
Сонымен қатар, сарапшы гендерлік саясатты нығайту мақсатында бірқатар ұсыныстар да қосып өтті.
«Қазақстанның Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына барлық өмір салаларында әйелдердің 50% өкілдігіне арналған квотаны енгізу және әйелдерге квота бөлуді жекелеу, әйелдердің жергілікті деңгейде және атқарушы билік органдарында өкілдігін қамтамасыз ету және бірегей гендерлік саясат әзірлеу мақсатында әйелдердің ҮЕҰ-лары мен партия өкілдерін біріктіру арқылы саясаттағы гендерлік теңдікке жете аламыз. Әйелдер қозғалысын дамытуға қазіргі қызметтегі әйел депутаттардың қатысуымен қол жеткізуге болады, олар әйел көшбасшыларды біріктіріп, бағыттап отырар еді», - дейді.
Қазақстанда әйелдер мен ерлердің жағдайына қатысты бірқатар статистикалық деректер гендерлік теңдік мәселесінің өзектілігін айқындайды. 2022 жылғы деректер бойынша Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда орташа есеппен 24-30% төмен жалақы алады. Мысалы, қаржы және медицина салаларында бұл айырмашылық айтарлықтай байқалады. Қазақстан Парламентіндегі әйелдердің үлесі 30% шамасында, бұл көрсеткіштің жақсарғанына қарамастан, әлі де гендерлік тепе-теңдіктен алыс. Оның үстіне, әйелдердің жұмыссыздық деңгейі ерлерге қарағанда жоғары. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де күрделі. БҰҰ есебіне сүйенсек, Қазақстанда әйелдердің 17%-ы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекеттік деңгейде шаралар қолға алынып жатыр, бірақ шынайы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін әлі де күрделі жұмыстар атқарылуы қажет. Ал, фембике Айдай Жоламанқызының айтуынша әлемнің түрлі елдерінде гендерлік теңдікке қол жеткізу жолында әртүрлі стратегиялар қолданылады.
«Скандинавия елдері гендерлік саясатта үлгі бола алатын елдердің ьбірі. Мысалы, Норвегия мен Швецияда ата-ана міндеттерін тең бөлу арқылы әйелдер мен ерлерге жұмыс пен отбасылық өмірді қатар алып жүруге жағдай жасалған. Бұл елдерде гендерлік теңдік тек заңнамамен шектелмей, қоғамның күнделікті мәдениетіне сіңіп кеткен. Қазақстанға осы тәжірибеден үлгі алып, әйелдер мен ерлердің еңбек нарығында және отбасы өмірінде тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін қосымша қадамдар жасау қажет. Жалақыдағы теңсіздікті азайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қатаң шаралар қабылдау маңызды. Қазақстанда гендерлік теңдік саласында кейбір жетістіктерге қол жеткізілгенімен, толықтай теңдікке қол жеткізу үшін әлі де жұмыстар бар.
Гендерлік теңдікті зерттеу барысында респонденттердің тек 33,5%-дан 39,4%-ға дейінгі бөлігі ғана «гендер», «гендерлік теңдік», «әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту», «феминизм» сияқты ұғымдардың мағынасын білетінін айтты. Гендерлік мәселелерді түсінудегі анық жетіспеушілікке қарамастан, ерлердің 83,1%-ы және әйелдердің 70,6%-ы Қазақстанда әйелдерде құқықтар мен мүмкіндіктер жеткілікті деп санайды. Респонденттердің көпшілігі (әйелдердің 53,6%-ы және ерлердің 67,9%-ы) дәстүрлі гендерлік рөлдерді қолдайды және әйелдің негізгі міндеті – отбасына қамқорлық жасау деп санайды. Мемлекеттік бағдарламалар мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстан гендерлік саясатты жетілдіру арқылы қоғамның барлық саласында тең мүмкіндіктер мен құқықтарды қамтамасыз етуге бағытталуы қажет. Тек заңдар мен қағидаларды қабылдау жеткіліксіз, бұған қоса қоғамның гендерлік мәдениетін қалыптастыруда үкімет пен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысы маңызды рөл атқарады», - дейді.