Сарбаз Барқұловтың өлімі бойынша сотталған экс-командир кассациялық шағым түсірді
«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты зенит-артиллериялық взводтың бұрынғы командирі Дамир Досов өзіне шығарылған үкіммен келіспей, кассациялық шағым жолдады.
Бұл туралы оның адвокаты Азамат Сагал Lada.kz редакциясына хабарлаған.
Адвокаттың айтуынша, шағым қазір қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қарауында.
«Кассациялық шағым сот өндірісіне қабылданды. Процесс қашан өтетіні әзірге белгісіз, сот отырысы тағайындалмады», - дейді адвокат.
Қорғаушы алдағы сот талқылауына мұқият дайындалатынын атап өтті.
Оқиға қалай болған еді?
2024 жылдың қыркүйегінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері полигондағы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан. Сол кезде қарумен жұмыс істеу ережелерінің бұзылуы салдарынан мерзімді әскери қызметші Марат Барқұлов (19 жаста) оқ тиіп, қаза тапты.
Оқиғадан кейін взвод командирі Дамир Досов айыпталушы ретінде сотқа тартылды. 2025 жылғы қаңтарда алғашқы сот отырысы өтті. Досов кінәсін мойындамай: «оқ атылуы қасақана емес, абайсызда болды» деп мәлімдеді. Прокурор оған 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Үкім және апелляция
24 қаңтарда сот Дамир Досовты ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танып, оған 13 жыл орта қауіпсіздік мекемесінде өтейтін жаза тағайындады.
Сарбаздың әкесі – Ербол Күнтінов, сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеген. Одан кейін әскери соттың апелляциялық алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Енді Досовтың ісі кассациялық сатыда қайта қаралуы мүмкін. Қорғаушы тарап үкімнің қайта өзгертілуіне немесе күші жойылуына үміт артып отыр.