Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:43, 29 Шілде 2025

SARBAZ+: Жаңа буын сарбаздың бейнесі ме, әлде әскери реформаның бастамасы ма?

1
Фото:gov.kz

Қазақстан Қарулы күштері 2025 жылдың күзінде жаңа форматтағы әскери қызметтің пилоттық жобасын іске қоспақ.

 SARBAZ+ деп аталатын бұл бастама әскерге шақырылған жастарды тек қарумен емес, заманауи дағдымен қаруландыруды көздейді. Жобаның мақсаты – әскери қызмет пен азаматтық өмір арасындағы шекараны қайта қарап, әскерді тек міндет емес, болашаққа инвестиция ретінде ұсыну.

SARBAZ+ жобасының аясында сарбаздарға IT және телекоммуникациялық технологияларды меңгеру, цифрлық сауаттылықты арттыру, денсаулық пен эмоциялық тұрақтылықты бақылау, дрондармен жұмыс, тіл үйрену, шахмат ойнау сияқты бағыттарда арнайы курстар ұсынылады. Жобаның алғашқы кезеңі Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімінде 150 сарбазға арналған. Бұл – сынақ алаңы ғана, егер оң нәтиже көрсетсе, жүйе басқа бөлімдерге де кезең-кезеңімен енгізілмек.

Бұл бастама қазіргі қоғамдағы әскери қызметтің беделін көтеруге бағытталған. Өйткені соңғы жылдары жастардың әскерге деген көзқарасы күрделене түсті. Бір жыл өмірін әскери бөлімде өткізу көпшілігі үшін кәсіби даму жолындағы үзіліс ретінде қабылданып келді. Ал SARBAZ+ жобасы осы олқылықтың орнын толтырып, мерзімді әскери қызметті тек жауынгерлік тәртіппен емес, жеке дамуға мүмкіндік беретін кезең ретінде ұсынбақ.

Қорғаныс министрлігі бұл жоба арқылы әскердегі бір жылды зая кеткен уақыт емес, кәсіби және тұлғалық өсудің алаңы ретінде қарастыруға болатынын көрсеткісі келеді. Министрлік бұл жобаны іске асыру үшін "Казахтелеком", "BI Group", "Invictus", Алматы шахмат клубы сияқты жекеменшік компаниялармен әріптестік орнатқан. Олар инфрақұрылым мен білім беру процесін қолдап отыр.

Жоба мазмұнына қарағанда, әлеуеті жоғары. Мемлекеттік қызметке, цифрлық салаға немесе әскери-техникалық құрылымдарға бет алған жастар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Бірақ бұл бастаманың табысты болуы бірнеше факторға байланысты.

Біріншіден, жобаның ауқымы әлі де шектеулі. Бар болғаны бір бөлімде ғана сынақтан өтуде. Жалпыға ортақ жүйеге айналуы үшін қосымша қаржы, кадр мен инфрақұрылым қажет. Екіншіден, жоба сыртқы серіктестікке тәуелді. Қаржыландыру мен саяси ерік тұрақты болмаса, бастама қысқа мерзімдік науқан болып қалуы ықтимал. Үшіншіден, тиімділік өлшемі нақты белгіленуі тиіс. Дрон ұшырған сарбаздың жауынгерлік дайындығы төмен болса, бұл тепе-теңдік бұзылады. Әскердің негізгі мақсаты – елді қорғау екенін ұмытпау керек.

SARBAZ+ жобасы – саяси тұрғыдан да маңызды сигнал. Бұл – жаңа Қазақстан идеологиясының, реформаторлық бастамалардың бірі. Армияны тек сап түзеумен емес, санамен де тәрбиелейтін орынға айналдыру талпынысы. Жастар үшін бұл – әскердегі бір жыл ішінде техникалық, тілдік және тұлғалық тұрғыдан өсуге мүмкіндік беретін бағдарлама.

Қорғаныс саласының сарапшылары мен әлеуметтанушылар бұл жобаны әлеуеті бар, бірақ институционалдық бекемдікке мұқтаж бастама ретінде бағалап отыр. Егер мазмұны байыпты, әлеуметтік кепілдігі нақты, нәтижесі әділ болса – бұл жобаның армияға да, қоғамға да берері мол.

SARBAZ+ – әскери қызметтің тек міндет емес, мүмкіндік екенін көрсететін жаңашыл қадам. Әскердегі әр сарбаз өз елінің қауіпсіздігін қорғаумен қатар, өз болашағына да қызмет ете алатын кезең туа ма – бұл осы жобаның тағдырына байланысты.

Тегтер: