Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:25, 09 Ақпан 2022

Сарбаз жендет емес, оны халыққа қарсы қоюға болмайды

None
None

Міне, талай қазақтың өмірін қиып, талай шаңыраққа орны толмас қайғы мен қасірет әкелген қаңтардың қанды оқиғасына да бір ай уақыт болды.

Аққан өзен суы сияқты уақыт шіркін жылжып өтіп жатыр. Дегенмен, ет жақынынан айырылған жандардың жан жарасы жазылар емес. Жазықсыз қазаға ұшыраған әрбір адам үшін кінәлілер тиісті жазасын алмайынша, халықтың ашуы басылмайды.

Бейбіт шеруге шыққандар да, оларды тоқтату үшін бұйрық алған сарбаздар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де өз еліміздің азаматтары. Жақындары қаза болған жандарға қайғырып, көңіл айтамыз.

Осы орайда, мені толғандырып жүрген мәселе, әскер қатарына алынған жастарымыз туралы болғалы тұр. Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылған сарбаздардың қаңтар оқиғасы кезіндегі наразылық акциясын басу үшін өз халқына қарсы пайдаланудың куәсі болдық. Соның салдарынан, жасы жиырмаға толмаған  қаншама  өрімдей жас балалар зардап шекті. Наразы топ сарбаздардың киімін шешіп алып, оларды аяусыз соққыға жыққан видеоларды әлеуметтік желіден көптеп көруге болады. Соққы алған сарбаздар борышын өтеп, еліне оралған соң, олардың тағдыры, денсаулығы қандай болмақ?! Әскер қатарына алынған сарбаздардың бір ғана міндеті бар – Отанын жаудан қорғау. Ал ел ішіндегі наразылық акцияларына араласу – сарбаздардың емес, құқық қорғау органдарының міндеті.

Өткенде президентіміз, арнайы операцияларды өткізуге арнайы жасақтар құрылатынын атап айтқан еді. Президенттің бұл бастамасы менің көңіліме қонады. Осындай жағдайлар туындағанда, құқық қорғау органдарында атқарылатын біріккен іс-шаралар жоспарының болуы заңдылық. Бірақ сол іс-шаралардың қаншалықты шынайы жасалғандығын уақыт өзі көрсетті.

Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары неге елдің билікке деген ойын, көңіл-күйін зерделемейді. Ол үшін алысқа бармай-ақ әлеуметтік желілердегі ақпараттарды мұқият зерттесе, жеткілікті емес пе?! Бірақ халықтың үніне құлақ асатын шенділер қайда?! Мәселен, өз басым Алматы қаласының бұрынғы әкімі Б. Сағынтаевқа қала маңына қатынайтын автобусқа қатысты әлеуметтік маңызы бар мәселені шешіп беруін өтініп, жолдаған хаттарымда елдің жағдайының күн санап төмендеп бара жатқанын, ол ертең әлеуметтік дағдарысқа әкелетінін бірнеше рет жазғанмын. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайдының» керін келтіріп, біз сияқты елінің арман-тілектерін биліктегілерге қайтсем жеткіземін, деп жүрген қазақтың хатына пысқырып та қарамады. 

Сырттан келген жау болсын, іштен шығатын террористік шабуылдар болсын, оларға қарсы әрекет ететін арнайы жасақтың болғаны орынды. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы жасақпен қатар, кәсіби армияның да болғанын қалар едім.

Еліміздің ішінде болатын саяси толқулар мен террористік шабуылдарға қарсы операцияларға  әскер қатарына шақырылған жас балаларымызды қандайда бір желеулермен пайдалануға өз басым қарсымын. Себебі ондай қауіпті операцияларға жасы жиырмаға толмаған, тәжірибесі жоқ сарбазды пайдалану, оны қасақана өлімге итерумен бірдей. Жас баланы өлімге қиып тұрып, сол баланың жастайынан ыстық-суығын көріп, 18 жасқа дейін тәрбиелеп, өсірген оның ата-анасы туралы неге ойланбаймыз? Ешкім өзінің баласын өз халқына қарсы оқ атсын, немесе биліктің кесірінен, орын алған наразылық акцияларына шыққан халқына қарсы шығып, биліктің жолында қаза болсын деп өсірмейді. 

Негізі, қаңтар оқиғасының басты себебі – биліктегілердің халықпен санаспауының салдары. Билікте отырған әкімқаралар халықтың жанайқайын естімегендіктен, халық амалсыздан алаңға шықты. Алаңдағы халыққа әкім шықпай, оларға қарсы әскер жіберіп, күш қолданғаннан соң, халық қарсылық көрсетпегенде, не істейді?

Тегтер: