Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:45

Сарбаздың анасы: «Ұлымды түрмеге емес, Отан қорғауға жібердім»

Қосанов
Фото: Жас Алаш коллаж

Қыркүйек айында Маңғыстаудың Бейнеуіндегі №99116 әскери бөлімінде бір емес, жеті жас сарбаз қолының тамырын кесіп, суицид жасап, психиатриялық ауруханаға түсті.

 Әскерилер мұны «психикалық ауытқу» деп түсіндірді. Алайда ата-аналар бұған үзілді-кесілді қарсы: «Біздің балалар әскерге сап-сау кеткен. Бұл әлімжеттік пен зорлықтың салдары», – деп мәлімдеді. Тіпті жас сарбаздың анасы Лаура Шынтемірова командирлері ұлына жыныстық зорлық көрсетпекші болғанын, сондықтан ұлы өзіне қол салғанын мәлімдеді. Кейіннен ол сотқа да жүгінген. Бірақ нәтиже болмаған. Министрлік жас сарбазды Астанада емдеп, үйіне диагнозбен қайтарып жіберген. 

1
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Бейбіт күнде жауынгерлер неге көз жұмып жатыр?

Кейінгі уақытта әскерде зорлық болатыны туралы жиі айтылады, алайда Қорғаныс министрлігі мұны жоққа шығарудан шаршамай келеді.Мысалы,20 қарашада қорғаныс министрі Дәурен Қосанов журналистердің: «Әскерде неге жиі өлім болады?», – деген нақты сұрағына «да вы что!» деп ыржиып, келеке жасағандай болды.

Қыркүйек-қазан айларында ғана борышын өтеп жүрген 4 сарбаз мерт болды. Атап айтар болсақ, 17 қыркүйек күні Алматы облысындағы Мәтібұлақ әскери бөлімінде 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбек көз жұмды. Ресми органдар әдеттегідей өлім себебін суицид деп көрсетті. Алайда марқұмның жақындары бұл нұсқаға күмәнмен қарап отыр.

23 қыркүйекте араға алты күн салып, Жетісу облысындағы «Алажиде» әскери полигонында тағы бір жауынгердің қаза тапқаны белгілі болды. Ресми мәлімет бойынша, мерзімді қызметтегі әскер қызметшісі қаруды қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, жарақат алған. Дегенмен бұл оқиғаға қатысты туыстарының да күмәні көп.

5 қазан күні Алматы облысында ҰҚК Шекара қызметінің сарбазы Нұрасыл Әнуардың көз жұмғаны белгілі болды. Ресми нұсқа – менингококцемия. Алайда марқұмның жақындары бұл диагнозға шүбә келтіріп, істің бұрмаланғанын айтады.

6 қазан күні Маңғыстау облыстық Шекара қызметі департаментінде тағы бір әскери қызметші қаза тапты. Ресми ақпаратқа сәйкес, өлім қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған.

Жақында әскерде қаза болған сарбаздардың аналары Астанадағы Үкімет үйінің алдында митингіге шықты. Наразы аналар Қорғаныс министрлігінен әскер жүйесін реформалауды және балаларының өлімі бойынша әділ тергеу жүргізуді талап етті. Кейіннен президент бұл істі қолға алуды тапсырды. Бас прокуратура тексеретін болды.

Ресми статистикаға сенсек, кейінгі 3 жылда әскерде 270-тен аса сарбаз көз жұмған. Әскерден табытпен қайтқан немесе жарақат алып, мүгедек болған сарбаздардың ісі қазір қоғам арасында қызу талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Басынан жарақат алған Ербаян Мұхтар әлі ем алып жатыр. Осыдан 3 жыл бұрын қаза тапқан сарбаз Алмас Шахимовке қатысты сот аяқталған жоқ. Күні кеше оның анасы «ұлымды түрмеге ережесіз жекпе-жекке апарып өлтірді» деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, жақында Маңғыстауда 7 сарбаз өзіне-өзі қол жұмсап, психиатриялық ауруханаға түскенін айттық. Соның бірі – Сұлтан Шынтеміров. Кейіннен оның анасы Лаура Шынтемірова ұлына әскерде жыныстық зорлық көрсетпекші болғаны туралы мәлімдеді.

Сарбаздарға жыныстық зорлық жасалатыны туралы бірінші рет айтылып отырған жоқ. 2022 жылы Жамбыл облысындағы «Шөлдала» шекара бекетінде Бекбол Мираш белгісіз жағдайда бақилық болды. Оның өліміне сержант Айбек Нұртаев кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. Алайда сотталушының адвокаты бұл үкіммен келіскен жоқ. Ол көз жұмған сарбаздың ауыз қуысынан, киімдерінен бірнеше ер адамның шәуеті табылғаны биологиялық сараптамада дәлелденгенін айтты. Бірақ сот «жыныстық зорлық болғаны және қылмыстың телефонға түсірілгені дәлелденбеді» деп мәлімдеді.

«Жас Алаш» газетінің редакциясына әскерде зорлық көріп, өзіне қол жұмсамақ болған сарбаз Сұлтан Шынтеміров пен оның анасы Лаура Шынтемірова келді. Олар бізге әскерге барғаннан кейін Сұлтанның қандай күйге түскенін, әскери бөлімде нақты не болғанын, қандай зорлық пен қысым көрсетілгенін ашық айтып береді.

Лаура Шынтемірова
Лаура Шынтемірова. Фото: Жас Алаш

Жас сарбаздың анасы ұлына қойылған диагнозбен келіспейді

Лаура Шынтемірованың айтуынша, ұлы борышын өтеп жатқан Бейнеудегі бір ротадағы 6 сарбазға психикалық ауытқуы бар деген диагноз қойылыпты. Сұлтанның анасы бұған сенбейді.

«Бұл диагнозбен келіспеймін. Өйткені бір сарбаз үйленген, ешқандай ауытқушылығы жоқ. Бірақ оған да осындай диагноз қойған. Мысалы, менің балам да ауру емес. Негізінен сарбаздар менің балама куәгер болғандықтан, оларды да сол емханаға жіберіп отыр деп ойлаймын. Себебі Байышов деген сарбаздың анасы да ұлының науқас емес екенін айтып отыр. Жеті ай әскер қатарында болып, баланың аяқ астынан жынды болып қалуы мүмкін емес. Балама емханада әлдебір қағаздарға қол қойдырған, балам оның не екенін де білмеген. Оған түсіндірмеген. Бәрін жылы жапқысы келеді, мен оған қарсымын. Осының барлығын президент естіп, қолға алса екен деймін. Балам әскерден науқас болып келді. Есінен танып қала береді. Келгелі 5 күн болды, жедел жәрдем шақыра береміз. Дәрігерлер де бізге ұрсып жатыр. «Басын МРТ-ға түсіріп, дәлел ретінде Қорғаныс министрлігіне көрсетіңіздер», – деді. Балам 18 жасқа толғанша ондай дерті болған жоқ. Аурулардың тізімінде немесе қандай да бір тіркеуде тұрған жоқ», – дейді Шынтемірова.

Жыныстық зорлық жасалғаны рас па?

Бейнеу ауданындағы №99116 әскери бөлімінде алдымен үш сарбаздың психиатриялық ауруханаға түскені айтылып, кейін мұндай жағдайға жеті сарбаз тап болғаны әшкереленді. Бәрі де қолының тамырын кесіп, суицид жасауға тырысқан. Олардың үшеуі дәрігерлердің бақылауында қалып, өзге төртеуін ата-анасы үйіне алып кеткен.

Кейіннен Қорғаныс министрлігі осы дауға қатысты ресми тексеріс қорытындысын жариялады. Министрліктің мәлімдеуінше, бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріліп, куәгерлерден жауап алынған, алайда «әскери тәртіпті бұзу белгілері анықталмаған». Сарбаздардың өздері берген түсініктемелер «өзара қайшы және жиі өзгеріп отырған» деп көрсетілген. Алайда сарбаздардың ата-аналары бұған қарсы. Лаура Шынтемірованың айтуынша, ұлы әскери бөлімде сексуалдық сипаттағы зорлық көріп, психологиялық күйзеліске түскеннен кейін өзіне-өзі қол жұмсамақ болған.

«Оған, әрине, қазір дәлел жоқ. Куәгерлердің бәрі бас тартты. Имитов деген сержанттың ант беруге барған кезінде басқа да аналарға қырындап жазғаны бар. Егер біздің балаларымыз жынды болса, ант беруге дейін-ақ олардың диагноздары анықталар еді. Ондай ауру анықталған жоқ. Камераларды көрсетуді талап еткен едік, «істемейді» деп жауап берді. Енді кеше олар журналистерге сұхбат беріп отыр. Олардың айтуынша, камералар істейді екен, әскерде зорлық-зомбылық жоқ екен. Егер армияда зорлық жоқ болса, балалар өлмес еді, ауру болмайтын еді. Қазір барлық құрамды тексеру қажет, жалған ақпарат беруді тоқтату керек. Балам жыныстық зорлық жасамақшы болғаны туралы айтты. Сондықтан өзіме қол жұмсадым деді. Мойнынан ұстап, желкелеп тұрып «сор» деп, шалбарын жартылай шешіп көрсеткен. Оны әскери полиция тексеріп, жоққа шығарды. Мойындамай отыр. Әрине, адам деген сотталмауы үшін мойындамайды ғой», – дейді жас сарбаздың анасы.

Айтпақшы, 4 қазан күні Алматыдағы Ұлттық Ұланның №5571 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз көпқабатты үйдің үшінші қабатынан секіріп кетті. Ұлттық Ұлан өкілдері бұл жолы да сарбазға психикалық сипаттағы диагноз қойылғанын мәлімдеді.

1
Фото: ЖИ / Жас Алаш

«Кіші дәретке шығармай қинайды»

Л.Шынтеміровакомандирлер баланы ұрып-соққанын мойындағанын, басшы Әшірбеков кешірім сұрағанын айтады. Ол жас сарбазды әскери киімнің жағасын дұрыс тікпегені үшін ұрғанын айтқан. Баласының әскерге барған кезде небәрі 18 жасқа жаңа толғанын, ине-жіпті дұрыс ұстай алмағанын, бірақ мұның ешқандай жазаға себеп болмауы керегін айтады. Сондай-ақ әскерге жаңадан барған балалар көп нәрсені білмейтінін, сондықтан оларды үйрету қажет, сарбазды әскерге бейімдеп, командирлері сабырмен тәрбиелеуге міндетті деп санайды.

Шынтемірованың сөзінше, ата-аналар зорлық болғаны туралы мәлімдеме жасағаннан кейін сарбаздарды тағы да ұрған. «Сенің анаң неге сұхбат береді?!» деп соққыға жыққан.

«Кез келген нәрсені сылтау етіп, ұра береді екен. Әжетханаға апарып қинайды екен. Кіші дәретке шығармайды. Осындай зорлықты олар камера жоқ жерде істейді, сондықтан дәлел жоқ. Екі ортада балалар зардап шегеді. Сол кемшіліктерді қолға алса, қажет болса, әжетханаға да камера қойса екен.

Балам әскерге кетпей тұрып үнемі медициналық тексеруден өткізіп жүретінмін. Денсаулығында ақау болған жоқ. Қазір тіркеуге қойып тастаған. Баламды танымай қалдым. Ашық-жарқын, күліп жүретін, қазір тұйық, сөйлеспейді, 180 градусқа өзгеріп кеткен. Ұрып-соққан, зорлық-зомбылық көрсеткен. Бұл соның кесірі. Маған моральдық өтемақы төлесін, баламды емдеп берсін. Сенбесе келсін, тексерсін. Жалғызбасты анамын, ақылы емханаларға апаратын қаражатым жоқ. Балам әскерге сау кеткен, енді дені сау етіп қайтарып берсін», – дейді Сұлтанның анасы.

«Күрекпен бастан ұрады»

Сұлтанның айтуынша, әскерге барғаннан кейін ант бермей тұрып-ақ ұрып-соғу басталған. Кейін ол шыдай алмай, 2-ротаға ауыстыруын өтінген. Ол жерде де сержант Имитов жас сарбаздарға қорлық көрсетіпті. Жуынатын кезде 2 минут беріп, үлгермегендерді ұрып-соққан.

«Ауырып тұрсаң, ауырған жеріңнен ұрады, күрекпен бастан ұрады. Қоймаға кіргізеді де, себепсіз ұра береді», – дейді ол.

Шынтемірова «ұлдарымызды түрмеге емес, Отан қорғауға жібердік» деп ашынып отыр. Осы жағдайдан соң әскерилер кешірім де сұрамаған. Ол Бейнеудегі әскери бөлім жас сарбаздарды түрмеден де қатты қинаған деп санайды.

«Имитов деген сержант өзі де зорлық-зомбылық көрген сияқты. Үйінде қандай нәрсе көрсе, жұмыста сондай нәрсе істейді ғой. Өзі үйленген, 5 баласы бар екен. Сарбаздардың анасына қырындайтындай не көрінді? Бізге қатысты ауыр сөздер айтыпты. Бізді онымен сөйлестірмеді. Ол полигонда жұмыс істеп жүріп баламның басынан күрекпен ұрған. Не ала алмай қалған өші бар екенін, ұлымды сонша ұрып қинайтындай...».

Шынтеміровтің айтуынша, жас сарбаздар шілде айында полигонға барған. Ол жерде де Имитов сарбаздарды ұрған. Қайтып келген соң, тазалау жұмыстарын істеп жатқан кезде сарбаз сержанттан «шаршадық, аздап демалып алайық» деп сұраған. Имитов жауап орнына Шынтеміровке агрессия танытқан. Сосын ол: «Маған келіп сөйлейтін кімсің?!», – деп ұрған. Кейін қоймаға апарып, жыныстық зорлық көрсетпекші болған. Шынтеміров соған шыдамай, қолының тамырын кескен.

Ант беруге дейін 4 жас сарбазға әлгіндей диагноз қойып, үйіне қайтарыпты. Мамыр айында да Сұлтанды Астанаға тексеруге жібермекші болған. Сол кезде оны анасы біліп, наразылық танытқан. Бірақ басқа ата-аналар оған басу айтып, ешқайда хабарламалауға көндірген. Бөлім басшысы Әшірбеков кешірім сұрап, ұрып-соғу қайталанбайтынына уәде еткен. Кейіннен Әшірбековті басқа қызметке ауыстырып жіберген. Жаңа басшы келген соң ұрып-соғу тағы қайталаныпты. Лаура Шынтемірова ұлының жағдайына байланысты сотқа арыз жазған. Алайда ешқандай жауап келмеген. Сондықтан ол «бұл істі жылы жауып қойды» деп есептейді.

«Сот та болмады, ұрып-соққан адаммен жолықтырған да жоқ. Ақтаудың әскери полициясының жұмысы маған ұнаған жоқ. Жасыра береді. Айтпайды. Дәлелдерді береміз, анау-мынау дейді де, айналып келгенде ештеңе бермейді. Мен тоқтамай, соңына дейін барамын деп шештім. Сіздерге келіп отырғаным да сондықтан», – дейді Шынтемірова.

Лаура Шынтеміровамен бірге ұлына әскерде осындай диагноз қойылған Жарқынай Лұқпанова да қазір наразылық танытып жүрген ананың бірі. Ол: «Ұлымызды әскерге сау жібердік, бірнеше айдан соң оны психикалық ауытқуы бар күйде қайтарып отыр. Бізге «тұлғаның екіге жарылуы» деген диагноз қойылғанын айтты. Бірақ қалайша бірнеше айдың ішінде адамға мұндай дерт жабысады?!», – деп қынжылып отыр.

Жалпы диссоциативті бұзылу (тұлғаның бөлінуі) – өте сирек кездесетін дерт. Қазақстанда да мұндай жағдайлар жиі болмайды. Олай болса, жеті бірдей жауынгер бұл дертті қайдан «жабыстырып» алған?

«Жас Алаш» осы мәселеге қатысты Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдайды.

Тұрсынбек БАШАР