Сарсаңға түскен саудагерлер

19.12.2018, 16:09

201

2019 жылдан бастап еліміздегі барлық сауда орындары бақылау-кассалық аппараттарымен жұмыс жасауы тиіс. «ХХІ ғасырдың кассалық аппараты» деп әспеттелген ККМ-онлайн жүйесінің құрылғылары интернетпен үздіксіз жұмыс істеп тұруы тиіс. Сөйтсек, заң қабылданғанмен, оны жүзеге асыру үшін ешқандай жағдай жасалмаған болып шықты. Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасына шағымданған мұнайлы қаладағы ең үлкен «Дина» сауда орталығының сатушылары мәселенің мән-жайымен түсіндірді.Балым КҮЗЕМБАЕВА: - Заң шықты ма орындалуы керек, оны түсінеміз. Бұл жөнінде бірнеше жылдан бері айтылып та келе жатыр. Бірақ, кассалық аппаратпен жұмыс істеуге еш мүмкіндігіміз жоқ. Мен құйылмалы әтір сатумен айналысамын. Саудам 50 теңгеден басталады. «ККМ-онлайнмен» жұмыс істеу үшін бізде интернет жеткілікті ұстамайды. Бұған дейін кассалық аппарат орнатқандар интернетке браузері арқылы айына 7500 теңге төлейді, кейде онысы «ұстамай» қалып, басқа жерлерге жүгіріп кетіп, қосымша қалталарынан тағы төлейді. Кейде интернет бір тоқтап, бір «жүріп» тұрғанда чек соғылмай қалып, шығынға ұшырайтын кездері де бар.Мүбарак Жылқыбаев: - Менің «Рахат» сауда орталығында бір, «Динада» бір бутигім бар. «Рахатта» кассалық аппарат бар, бірақ, үстелдің үстінен интернет ұстамайды, қолмен жоғары көтеріп тұрып, чек соғамыз. «Динадағы» орнымыз екінші қабатта. Ол жердегі күйіміз қандай болатынын әзірге елестетіп отырған жоқпын. Қазіргі күні «Wi-Fi» желісі бар, бүкіл сауда орталығына соны орнатып тастаса бізге біраз жеңілдеу болар еді.Фазила ТАСҚАЛИЕВА: - Менің екі бутигім бар. 2013 жылы әрқайсысын 50 мың теңгеден екі «Меркурий» кассалық аппаратын алғанмын. Биыл «ол жарамайды, онлайн желісімен жұмыс істейтін жаңасын алу керек» деп тұр. Қазір жаңағы кассалық құрылғыларын жаңа жүйеге бейімдеп, қайта жасап беретін адам іздеп жүрмін. Еуропада мұндай жағдайда жарамсыз ескі дүниелерді ауыстырып не кері сатып алады екен деп естимін. Бізде неге тиімді жолдарын қарастырмасқа? Қазір «ККМ-онлайндар» 70 мың теңгенің айналасында тұр, одан екеуін сатып алатын шамам да жоқ.Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: — Кассалық аппарат құны, рас, жоғары. Дегенмен, оларды да сатып отырған сіздер сияқты кәсіпкерлер, олар да пайда көргісі келеді. Қазір кәсіпкерлерлі «ККМ-онлайнмен» қамтудың тиімді жолдарын қарастырудамыз. Мүмкін, оны сататындар бірнеше айға бөліп беруге келісер, әлде сауда басшылығы жаңа кассалық құрылғының бағасын бутикті немесе орынды жалға беру құнының ішіне кіргізіп жіберер —  бұл жөнінде тиісті орындармен сөйлесіп жатырмыз.«Дина» сауда орталығының кәсіпкерлерімен кездесуге Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бір топ өкілі келіпті. Алайда, базар басшылығынан ешкім жоқ. — Біз оларды (директоры, әкімшісі) бөлек шақырдық, себебі, кәсіпкерлер басшылығының көзінше кей жайларды айта алмауы мүмкін, болмаса екі жақтың арасында келіспеушіліктер туындап кете ме деген ойымыз болды, — дейді С.Жолдыбаев. Тағы белгілі болғаны, заң талаптарын түсіндіруге байланысты кездесулер түрлі тараптармен өткізіліп жатыр екен. Бұған дейін кәсіпкерлер палатасы, салық органдары, сауда мекемелері өкілдері қатысқан жиынға «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық телекоммуникация дирекциясынан бір де бір адам келмеген. Ал ғаламтор желісіне жауапты ұйымға кәсіпкерлердің өкпесі қара қазандай. Себебі, интернет сапасы базарларда ғана емес, олар есеп-қисабын тапсыратын кірістер департаменті мен қызмет көрсету орталықтарында да өте нашар.Әлия МАҚСОТОВА: - Мен базарда ет сатамын. Осындай жүз шақты сатушы бармыз. Бар-жоғы бір шаршы метр жерде тұрамын. Ет, ішек-қарын ұстаған қолымызбен кассалық аппаратты қалай ұстаймыз деп ойлаймын, жарайды, бір мәнісі болар. Менің айтайын дегенім, біз малды сатып аламыз, мәселен, үш жүз теңгеге бір ірі қара сатып алсақ, оны кемі үш күн ішінде сатам. Күнделікті табыстан малдың ақшасын шегеріп, иесіне беріп, қалғанын ас-суыма, ішіп-жеуіме жұмсаймын. Ал кассалық аппаратта менің сондай көлемде сауда жасағаным көрсетіледі, соған сәйкес салық төлеймін. Қарап тұрсаңыз, табыстың көп бөлігі мал иесіне кетеді, мен неге ол үшін шығындалуым керек?Ақбота ТОЙБАЗАРОВА, Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы: - Сіз малды сатып алған кәсіпкерден чек беруін талап етіңіз. Кейін оның құнын табысыңыздан шегересіз, сонда ешқандай проблема болмайды. Сіз сияқты патентпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер «ККМ-онлайнмен» 2020 жылдан бастап жұмыс істейді.Жаңа заңның жай-жапсарын жеткізбек болған кірістер департаменті қызметкерлерінің кей мәселеде біліксіздігі кәсіпкерлермен кездесуде білініп қалды. Мәселен, олар ұялы телефон мен оның аксессуарын сататындар, парфюмерия саудасы онлайн кассалық құрылғымен міндетті қамтуға жататын-жатпайтынын нақты айта алмады. Кәсіпкерлерге таратып берілген тізімдегі 27 бұйым түрі мен қызметтердің қатарында бұл айтылғандар нақты көрсетілмеген. Салық өкілдері «ашық және жабық сауда алаңдарының» айырмашылығын жіліктеп айтып беруге келгенде де күмілжіп қалды. Сатушылардың ішінде бутикте тұратыны, шағын бөлікті жалға алып жұмыс жасайтыны бар, заңда соған сәйкес ерекшеліктер қарастырылған. — Сіздер кезінде электрондық құжат айналымына келгенде де осылай шулағансыздар. Қазір, ештеңесі жоқ, үйрендіңіздер. Қалай болғанда да, өркениет талабынан қашпайық, бір орында тұрып қалуға, кері кетуге ұмтылмайық, — деп жуып-шайды Ақбота Тойбазарова.Айтқандай, жақын күндері «Дина» сауда орталығынан кәсіпкерлерге кеңес беру кеңсесі ашылмақ екен. Қазіргі күні Атыраудағы «Көктем» базарында жұмыс істеп тұрған жалғыз кеңсенің қалаға аздық ететініні байқала бастаған.Жиын соңында кәсіпкерлер «Жас алаш» тілшісіне бас қосуда айта алмай қалған арыз-шағымдарын айтып жатты. «Билік саудада ақша бар деп ойлайды, сол үшін барлық саудамыз сол мезетте көрініп тұратын жүйені енгізіп жатыр, шындығында, тапқанымыз күнкөрістен артылмайды», «Бұрындары жақсы тауып тұрдық, қазір олай емес, қор жинап алған тәжірибелі саудагерлер болмаса, жаңадан кәсіп бастау қиын», «Бізге бизнесмен ретінде қарау дұрыс емес, біз – алыпсатармыз, оны мойындауымыз керек», «Бізге сатуға мал алып келген кәсіпкер малды тексеруден өткізіп, анықтама алады, одан кейін екеулеп ақша қосып, малды бауыздатамыз, одан кейін мен етті, өкпе-бауырды тексеруге беріп, тағы анықтама аламын. Мал сау болғасын еті жарамды емес пе? Неге қайта-қайта шығындаламыз?», тағысын-тағылар. Ал менің кәсіпкерлерге «онлайн ККМ жүйесіне қосылатын шығын тұтынушыдан өндірілмей ме?» деген үрей аралас сауалым «риторикалық сұрақ» ретінде бағаланды. Фотолар автордікі.
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.08.2020, 12:13
Су тазарту қондырғыларын жасап шығарады
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 13:15
"Доғарыңдар, ұрмаңдар!". Беларусьте сәрсенбі күні де наразылық акциялары жалғасты
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 10:40
Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 20:00
Қазақстан ресейлік коронавирус вакцинасын толық сынақтан өтпейінше сатып алмайды
12.08.2020, 11:29
Қазақстан Ресейдің вакцинасын әзірге алмайды – ҚР ДСМ
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 10:48
Орталық клиникалық госпиталь соңғы науқасты шығарып салды

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00