Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:55, 29 Мамыр 2021

«Сарыарқа өлім халінде...»

None
None

 (1921-1922 жылдардағы ашаршылық және Мағжан Қазақстаннан  неге қуылды?)

1921 жылдың күзi мен 1922 жылдың көктемi Қазақ мемлекетi мен ұлты үшiн  саяси-экономикалық, ұлттық мәселелердiң ширыға шиеленiскен тұсы болды.  

1928 жылы 26 қарашада басталған тергеу ісіндегі Мағжанға тағылған  басты айып: «1921 жылы 10 желтоқсан күнi өткен қазақ қызметкерлерiнің   өлкелік кеңесіндегі күн тәртiбiне қойылған: 1. «Коммунист-колонизаторларды» әшкерелеу, 2. Ашаршылыққа ұшыраған қазақ ауылдарындағы аштарға  көмек комиссиясын құру – мәселесінің жүзеге асырылуына тікелей қатысты тағылды.

Кеңесте жарияланған «Аштарға көмек комиссиясының жұмыс қорытындысы» мынадай:

«Қазақ Автономиялық Республикасының бес губерниясында 1 миллион 559 мың адам аштықтың тырнағына iлiнiптi. Әрине, бұл толық дерек емес екенi түсiнiктi. Қазақ Республикасындағы баспанасыз, қаңғып қалған балалардың саны 1921 жылы 1 желтоқсанда – 128 мыңға, 31 желтоқсанда – 158 мыңға, 1922 жылдың қаңтар айында – 333 мыңға, наурыз айында – 408 мыңға жетiптi. Бұлар тек есепке алынған аш балалар. Ал қалаға жете алмай, далада сүйегi шашылып қалғандар қаншама.

 Қазақ даласына ажал сепкен аштықтың қалай жайылғанын Мәскеудегі орталық партия комитетіне Қазақ өлкелік комитеті жолдаған мына төмендегi екi кестеден анық байқайсыздар.

1921  жылдың наурыз айының соңындағы мәлiмет.

Губерниялар

Тұрғындардың жалпы саны

Аштыққа ұшырағаны

Процентi

Орынбор

Қостанай

Ақтөбе

Орал

Бөкей

Ақмола

680.271

455.598

501.637

470.028

224.028

1 млн. 021.164

526.401

414.350

361.049

446.536 66.255

472.000

80.3 74.5 72.0 99.0 29.5

46.2

Жиыны:

3млн. 353.228

2 млн.286.591

68.2

Екiншi кесте: 1921-1922 жылдары аштық пен iндетке ұшырағандардың (мың есебiмен) тiзiмге iлiккен мөлшерi (жақшаның iшiндегi сан – өлгендердiң есебiн көрсетедi).

Айлары

Орынборда

Оралда

Ақтөбеде

Ақмолада

1921  жыл.

Қараша

Желтоқсан 1922 жыл.

Қаңтар

Ақпан

Наурыз Көкек

Мамыр

Маусым

3044(210.7)

2.835 (2.022)

2.241(1.908)

770.3(625)

520.1(378.5) 433.3(340.1)

347.9(270.0)

682(376)

112.(39)

947(481) 813(503)

850(545) 868(428) 712(472)

536 (418)

338(57)

1112(1.010)

749(1.642) 1.050(981)

1.438(138.9)

712(602) 630(530) 548(474) 505(430)

250(172) 224(184) 483(350)

105.0(730)

103.1(150.9)

226.0 (149.1)

704(502)

57(17)

Жиыны:

2.957.8 (2.253.5)

5.178(3.003)

7804(70.58)

6659(4955)

Екi кестенiң соңына да: «Бұл толық есеп емес. Аштардың да, өлгендердiң де саны бұдан әлдеқайда көп. Әсіресе 1922 жылдың басындағы өлгендердің саны тым көп: 16 мың адамы бар Ор қаласындағы өлгендердің саны 11 мың адамға жетті(Ссонда, 15 адамның 11-і өлген болып шыға ма?Т.Ж.). Ақтөбе губерниясының Можаров ауданына қарасты Тоқан болысындағы 1 500 адамның 600 адамы аштан өлді, сонымен қатар мұқым поселкалар мен ауылдардың толықтай аштан қырылып қалғандары да бар», – деп ескерту берiлген.

1922 жылы мамырдың 5-і күні аштыққа қарсы күрес жөнінде Солтүстік Қазақстан губерниялық төтенше комиссиясының мәжілісі болды. Мәжілісте уездер бойынша қалыптасқан жағдай сараланды.  Облыстық аштарға көмек комиссиясының төраға орынбасары болып сайланған Мағжан Жұмабаев талқылауға белсене араласты. Елді аштық жайлағанын бұдан былай жасырмай, бүкіл республикаға ашық жариялауды   табанды түрде  талап етті. Соның нәтижесіндежоғарыдағы өлкедегі ашаршылық туралы жоғарыдағы ресми кестеге кірмегенмынадай  мәліметтер республикалық комиссияға жолданды: 

«Ақпан айында Қазақстанның аштық жайлаған солтүстік өңірінде жағдай тіпті асқынып кетті. Күн суытты. Жер-жерден үрейлі хабарлар келіп жатыр. Аштық пен ажал аранын ашып, Қазақстанның солтүстігінен орталыққа қарай жылжи тарап барады. Оны тоқтатар күш жоқ сияқты… 1922 жылғы 30-қыркүйектегі мәлімет бойынша Ақмола уезінде аш-арық ретінде 128 698, Көкшетау уезінде 20 083, Атбасар уезінде 14 585 адам тіркелген. Осы мерзімге дейін Ресей жақтан өз бетімен келген 10 мың босқын бұрынғы тұрған жеріне қайтарылды».

Компартияның Қазақ өлкелік коммунистері Қазақстандағы аштыққа қарсы шара қолданбақ түгiл,  бұған үзiлдi-кесiлдi қарсы шықты. Олар: «Партия съезiнiң назарын басқа жаққа аударуға, таптық күрестi әлсiретуге жол бермеймiз», – деп өршелендi. Губернияларға жергілікті ұлтшылдықпен күресті нығайтуға пәрмен берді. Бұған қарсы М.Жұмабаевтың ықпалымен жоғарыға мынадай әшкерелеуші жеделхат жолданды:

«Жағдайдың осындай шиеленіскеніне қарамастан, оны мына жеделхаттан анық байқауға болады: «Орталық  Ақмола губерниясындағы жергілікті халықтың аштан қырылып жатқанын мойындамай, үнемі қысым көрсетіп келеді. Орталықтың нұсқауы бойынша Орынборға бес мың пұт, Башқұрт Республикасына бір мың пұт астық жөнелтілді».

Жалпы, Мағжанның өз еліндегі досы да, жалған жанашыры да, меншікті тіміскілері де көп болды.  1922 жылы өзге емес, Мағжан Жұмабаев пен Жұмағали Тілеулиннің Қызылжарда өткен қазақ зиялыларының кеңесінде аштарға көмектесу туралы сөйлеген сөздерін «ауырсынып», өзінің «естімегеніне» өкінген жазушы-революционер Сабыр Шарипов:

«Көпшілігі мәселені талқылауға дәрменсіз қазақ интеллигенциясы мен жаңадан тартылған коммунистерді қатыстырып Қазақ кеңесін өткізудің қандай қажеттігі бар? Қазақ кеңесін шақыруды кім шығарғанын білмеймін, алайда өткен жылы Орынборда бұл идеяны ұсынған «Бөкейханов бабай» дегенді естігемін» [13.105-106], – деп Губкомға арыз жазды.

Осы арыздың сыртына қарындашпен: «Бұл фракцияда емес, кеңес те емес, тек орыс тілін білмейтін қызметкерлердің жиналысы ғана. Оларды үйірмеге ертіп келген Шарипов емес қой. Мен мұны үнемі жиналыс деп атаймын… Жиналыстың мақсаты: партияда жоқ көпшілікті тарту ма? Жұмабаевты да. Уәкілдің келуіне байланысты дайындалған» [13.105-106], – деп бұрыштама соғылыпты (Ал ол уәкіл – Қазақ орталық атқару комитетінің төрағасы С.Сейфуллин болатын).

Ресейге астық жөнелткендердің қатарында Мағжанның шәкірті Сәбит Мұқанов та бар болатын. Ол өзінің «Өмір мектептері» атты мемуарлық кітбында Лениннің өзіне: «Қиыншылыққа ұшыраған елдің ауыр жағдайына қарамастан олардың тығып қойған жерінен тартып алып: «Пролетариат мүддесі үшін» он мыңдаған пұт астықты Мәскеуге жөнелттім»,  – деп жеделхат жолдағанын ашық жазады.

Өзі басқарып отырған халыққа өзі аштық жариялаған Өлкелік партия комитетінің хатшысы С.Меңдешев бастаған большевиктер де С.Мұқановтан қалыспай Мәскеуге: «Ашаршылық туралы қауесеттi таратып жүрген ұлтшылдар. Олар қарапайым шаруаның мұң-мұқтажын жоқтағансып, еңбекшiлердiң назарын өздерiне аудару үшiн қасақана байбалам салуда», – деп қарсы жеделхат жолдады.

Ақыры мұндай қылмысты әшкерелеу үшін 1922 жылғы 11 маусым күні Мағжан губерниялық «Мир труда» атты орыс газетіне «Сарыарқадағы аштық» атты мақала жазып, қазақ даласындағы аштықтың тұтас ұлтқа қатер төндіріп отырғанын ашық жария етті. Ол осы уақытқа дейін солтүстік аймақтарды аштық жайлағанын жасырып отырған большевиктердің пиғылын әшкерелей келе, өзінің толғау сөзін: «Еділ қатса, кім кешпес? Едіге өлсе, кім келмес?.. Әзір Еділ қатпайды, әзір Едіге өлмейді, Еділдің ханы Едіге өлсе күн сөнеді, ай тұтылады. Тарих тереңінен ұмытылмай келе жатқан осы бір қанатты тіркестер қазақ халқының тағдырында Еділдің қандай орын алатынын, қазақтың Сарыарқасы мен мол сулы Еділ дариясының үзілмес байланысын көрсетеді. Еділ жағасында басталған алапат аштық алып өзеннің алабындағы қалың елді жайпап, Сарыарқаның маң даласына келіп жеткелі де бірталай болды… Ал енді осындай қанды қырғынның себебі неде? Былтыр, Еділ бойы ашыққанда бүкіл Ресей дабыл қақты. Кең арналы Еділ бүкіл елді дүр сілкіндірді… Ал бұған керісінше, қасіретке мойын ұсынып, үн шығармай жатқан Сарыарқа өлім халінде, сол аштықпен арпалысуда, қауқары біткен соң жеңіліп, тұяқ серіппей жан тапсыруда», – деген ақындық рухпен бастады.

Сүйікті ақындарының атынан жазылған бұл сөз бүкіл қазақ халқына айтылған ұлттық үндеу болып жетті. Барымен көмек қолын созды. Жоғарыдағы ресми мәліметтерге кірмеген, Мағжан Жұмабаев көрсеткен аштардың санынан-ақ бұл ашаршылықтың қазақ халқына қандай көлемде зауал әкелгенiн болжауға болады.

  1928-32 жылдары алашордашылардың үстінен іс қозғаған  тергеушілер Мағжанның «ең баcты қылмысын», оның 1922 жылы «Жауапты орындарға кiрiп алып, Кеңес өкiметiне жат идеяны насихаттағанын», «мысалы, алашордашылар аштарға көмектесу арқылы өздерінің ұлтшылдық ықпалын жүргізуге тырысқанын»білмеген, не қаперге ілмеген. Мағжанның өзі де оны «жасырып қалған». Егер де 1922 жылы «аса жау­апты орын» – Ақмола губерниялық аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның төрағасының орынбасары ретінде белсенді қызмет атқарып, уездерді аралағаны тергеушілерге мәлім болса, онда Мағжанның тура Жүсіпбек Аймауытовқа тағылған «ашаршылықты желеу етіп Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдық үгіт-насихат жүргізіп, контрреволюциялық әрекеттер жасауға ұмтылды» деген айыппен жазаға тартылатыны анық еді. Біз тағы да профессор З.Тайшыбайдың жинақтаған деректеріне иек артамыз:

«1922 жылғы 23 маусым күні Аштықпен күрес жөніндегі губерниялық төтенше комиссияның мәжілісінде Мағжан: «Петропавл станциясында 1500 аш-арық жүр, олар елдеріне қайтқысы келеді. Осыларды қосқанда таяу арада 5000 адамды қайтару керек. Олардың құжаттарын тексеру жөнінде сөз қозғалмасын», – деген ұсыныс айтты.

Бұйрық: «1922 жылғы 1 шілде. «Аштықпен күрес жөніндегі Ақмола губерниялық төтенше комиссиясы төрағасының орынбасары Мағжан Бекенұлы Жұмабаев аштарға көмек көрсету үшін Петропавл және Көкшетау уездеріне жіберілді. М.Жұмабаевқа аштарға көмектесу жөнінде жұртшылық арасында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу үшін қазақ қызметкерлерін, ақсақалдарды пайдалану құқы берілді.

ҚОАК және ЦЧКГ төтенше өкілі Қияқов».

Сол күні М.Жұмабаев пен Қияқов Петропавлдан Көкшетауға қарай салт атпен шығып кетеді. Қазақ ауылдарын 50 күн бойы аралап, жағдаймен танысып, аштарға көмек көрсету жөнінде нақты шаралар­ды ұйымдастырады. Шілденің 14 күні Мағжан Көкшетау уездік атқару комитеті шақырған жиналысқа қатысады. Жанында еріп барған мол­ла Ғалиасқар Айтқожинді Ақсары, Қотыркөл, Шығыс, Жауар, Көк-сеңгір болыстарына жібереді».

1 тамыз күні Ақмола губаткомының төрағасы және сол ашаршылыққа қарсы күресуге тиісті және аштардың өліміне тікелей жауап беретін азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі губерниялық комиссияның төрағасы С.Шарипов: «Аштар комитетіне. Жұмабаевқа баяндама жасау үшін губернияға қайтсын», –  деген жеделхат жолдады. 

Іле сол «жазушы» Сабыр Шәріпов «Мир труда» газетінің 9 тамыздағы санында «Рибас» деген бүркеншік атпен «Кеңес қызметінде алашордашыларға орын жоқ» деген атышулы мақаласын жариялады. Онда Мағжанның бар жақсылығын жоққа шығарып: «Қазақ интеллигенциялары көсемдерінің, буржуйлар мен кулақтардың жалдаптары мен балалары  Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, (ағайынды) Сейітовтер, Итбаев, Тұрысбаев, Жанайдаров, Нұралин, Колчактің есебінде тұрып, Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың және Дулатовтың қолпаштауымен большевиктердің көзін жоюға, құртуға  атсалысты, олар тіпті қатардағы жай кеңес қызметкерлерін жазалауға да жиі-жиі белсене араласты. Алайда Кеңес өкіметі шын мәнінде әділетті және тарихтағы алғашқы кешірімді өкімет. Аталған интеллигенттердің ешқайсысы кінәсіне орай жазасын алған жоқ, керісінше, олар кедейлер үшін қандай да бір пайда әкелер деген үмітпен оларды осы уақытқа дейін жауапты қызметтерге қойып келді. Бірақ та олар  бұған тек қастандық жасаумен және санасы төмен еңбекшілердің арасында Кеңес өкіметіне қарсы іріткі салатын үгіт жүргізумен жауап беріп келеді… Мысалы, алашордашылар аштарға көмектесу арқылы өздерінің ұлтшылдық ықпалын жүргізуге тырысты», – деген  жала жабылды.

Мағжанның мұндай сауапқа толы жанкешті ісі большевиктік белсенділерге жақпады, олардың өлермендік өшпенділігін туғызды.

Мағжан 17 тамызда Қызылжар қаласына қайтып келіп, 20 тамызда ісспардың есебін жазып берді.

«Баяннама

Шілденің 1-і күні Қияқов жолдас екеуміз Петропавлдан аттанып кеттік. Маған Көкшетау және Петропавл уездеріндегі қазақ ауылдарын ара­лап, аштыққа ұшыраған қазақтар үшін малы бар аймақтардан азық-түлік жинап, тарату және Көкшетау уездік аштарға көмек комиссиясының жұмысын жолға қою тапсырылған болатын.

Шілденің 9-ы күні Көкшетауға келдік. Қияқов жолдас сол жерден Атбасар арқылы Ақмолаға жүріп кетті. 14 шілде күні Көкшетауда кезектен тыс жалпы жиналыс өткізіп, жағдайды талқыладық. Қазақ ауылдарынан аштарға арнап жылу жинауға шұғыл кірісу туралы қаулы алынды. Әрбір әкімшілік ауылдан бір ірі қарадан жинап, жиналған мал мен азық-түліктің үштен бір бөлігін Петропавлға, губерниялық комиссияның құзырына жіберуге, қалған үштен екі бөлігін сол жердегі аштарға үлестіріп беру ұйғарылды. Сондай-ақ Көкшетау қаласында жетім қалған қазақ балалары үшін арнайы мекеме ұйымдастыруға келісілді.

16 шілде күні жер-жердегі жағдайлармен танысу үшін және аш-арықтарға көмек жасау үшін Шұңғыршы, Қарашы, Мезгіл және Айыртау болыстарына жүріп кеттім. Бұл аталған болыстардағы жағдай, шынында да, жан шошырлық екен. Халықтың 90 проценті дала кезіп, жабайы жидек теріп, қоректенуде. Аштықтан дертке ұшыраған көп адамдарды көрдім. Аталған болыстарда 10-11 күндей жүріп, аштарға көмек көрсетуге күш салдым. Бес сиыры мен жылқысы барлардың бір малын алып, малы жоқтарға таратып, уақытша, қысқа дейін сауып, жүрек жалғайтындай жасадым.

Реті келіп тұрғанда көрсетпесем болмайды, аштыққа ұшыраған отбасыларға салынған май салығы оларды мүлде тұралатып кетіпті. Мы­салы, он жаны бар отбасы жалғыз сиырға қарап отырса да, салық түрінде май өткізуге міндеттелген, сөйтіп, жаңағы он адам қайыршылыққа ұшыраған.

Аштарға азық үлестіріп, шілденің аяғына қарай Көкшетауға келдім де, уездік комиссияның мүшесі Мұхтасип Айтқожин жолдасты ертіп, аштыққа ұшырай қоймаған шығыс өңірге аттанып кеттім. Көкшетау мен Қотыркөл болыстарында болдым, жұртшылық аштарға көмек көрсету жөнінде менің сөздеріме қалтқысыз құлақ түрді. Осы екі болыстың халқы жылу ретінде ірілі-уақты жетпіс мал берді, жүз елу дана мал терісін жинады.

«Укомпомголдың» қаулысына сәйкес, жиналған малдың үштенекі бөлігін Көкшетауға жеткізіп, аштыққа ұшыраған батыс болыстарға тарату және қалған үштен бір бөлігін Петропавлға айдап әкелу жөнінде Мұхтасип Айтқожинға тапсырма бердім, бұл мал таяуда келіп те қалар. Айтқожин менің жұмсауыммен Ақсары, Жауар және Шығыс болыстарына жүріп кеткен. Сол жақтан мал жинап, Көкшетау мен Петропавлға жібереді.

Петропавлға қайтар жолда губпомгол өкілі Жақыпов жолдаспен бірге Петропавл уезінің Жамантұз және Тереңкөл болыстарында болдым. Бұл болыстардың халқы аштыққа жартылай ұшыраған. Дегенмен, аз-кем малы барлар менің айтқанымды екі етпей, аштарға көмек көрсетуде.

Тайынша болысынан 20 ірі қара мен 20 тері, Жамантұз болысынан 20 ірі қара және 25 тері, Тұран болысынан 7 ірі қара мен 5 тері жиналды (Тері де адамдарға азық болған. Астағфиралла!). Менің нұсқауыммен, Жақыпов жолдас бұл малдардың бәрін болыстық атқару комитетімен келісе отырып, аш-арықтарға таратып берді. Петропавл уезіндегі төрт болыста мал жинау 15 тамызда аяқталды.

17 тамыз күні Петропавл қаласына келдім.

Аштарға көмек жөніндегі губерниялық төтенше комиссия төрағасының орынбасары М.Жұмабаев.

Петропавл қаласы, 1922 жылғы 20 тамыз».

Тек бір анығы – сол күні аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның» аты – «Аштықтың зардаптарын жою жөніндегі комиссия» деп өзгертіліп аталған. Ол комиссияның құрамына Мағжан Жұмабаев, әрине,  кіргізілмеді. 1922 жылдың 29 тамызында Қияқов та Петропавлға қайтып келеді».

Мұндай ашықтан-ашық тағылған  ауыр айып, ал сол жылдардағы революциялық тәртіп бойынша мұндай қылмысы үшін бірден ату жазасына кесілетін, қандай дерекке негізделді? Мамыр айында өткен Солтүстік Қазақстан губерниялық төтенше комиссияның мәжілісінде кеңес өкіметіне қарсы қандай да бір пікір айтылуы мүмкін бе? С.Шариповтің губкомға жазған шағым хатына не түрткі болды? Аштарға көмек комиссиясының төрағасының орынбасары ретінде уезді аралап, аштарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп жүрген жанашыр жанға: «олар  бұған тек қастандық жасаумен және санасы төмен еңбекшілердің арасында Кеңес өкіметіне қарсы іріткі салатын үгіт жүргізумен жауап беріп келеді… Мысалы, алашордашылар аштарға көмектесу арқылы өздерінің ұлтшылдық ықпалын жүргізуге тырысты», – деген сөз өзеурегендердің өзегіне талшық болмайтынын, өзге – өзге, Сабыр Шарипов сияқты қалам иесі білсе керек-ті. Біздің ойымызша, бұған себеп: бірінші, 1922 жылы партия қатарын тазалау науқаны жаппай қатаң түрде жүргізіліп жатты. Бұл – саяси қаулының қалай жүзеге асырылуын тексеруге және нұсқару беруге келген ресми уәкіл  мен  сол «тазалау науқанының» тасқынынан туған екпін болуы мүмкін.

Екінші, сол кезде азық-түліктен қиналған Ресейдің және Петроград пен Москваның тұрғындарын қамтамасыз ету үшін жан алысып-жан берісіп жатқанда Мағжан Жұмабаевтың ол азық-түлікті жергілікті аштарға бөліп беруі – большевиктердің ызасы мен дәрменсіздігін тудырды әрі олардың коммунистік-колонизаторлық аяр пиғылын  әшкерелейтін. Ол туралы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» естелігінде, азық-түлік жинай келген қуақы қызталақ (шын мағынасында, кейіннен дәлелденген қылмыстық факті) Калининнің:

«Қалжың араластыра, жұртты күлдіре айтқан бұдан кейінгі сөзінен тыңдаушылардың аңғарғаны: Өкімет, шынында да, Москва мен Ленинград (ол кезде әлі Петроград болатын – Т.Ж.) халқын биыл азықтандыруды Ақмола облысына жүктейді екен… Желпініп сөзге шыққандардың бәрі...: «Петроград – Россиядағы пролетариаттық революцияның ошағы. Москва – Советтік Россияның астанасы. Сондай екі үлкен астананы азықтандыру, биыл негізінде, Ақмола облысына жүктелсе, бұл аса құрметті міндет, ендеше орындау керек!» – десті… Ұзаққа созылған жиналыс, Ақмола облысынан 3 миллион пұт астықты, 43 мың бас малды үш айдың ішінде Москва мен Ленинградқа жеткізуге қаулы алды… Продразверстка жұмысы қанша қиыншылықпен жүрсе де, 1921 жылдың январь айының басында Пресногорьковкадағы Рацпродком орындады да, телеграмма арқылы Росссияның социалистік Федеративтік Советтік республикасының Халық комиссарлар советінің председателі Владимир Ильич (Ульянов) Ленинге рапорт берілді. Рапортқа қол қоюшы бес кісінің біреуі болу бақыты – менің де маңдайыма жазылды», – деп марқая жазды.

Тағдырдың тәлкегі деген осы – «халық жауы» Мағжан Жұмабаев  халықты аштықтан құтқаруға жанталасады, ал «еңбекшілер мен езілгендердің досы» Сәбит Мұқанов аштардың аузынан соңғы дәнін тартып ап, «бақытқа бөленеді».

Мағжанның қудалануының үшінші себебі – большевиктер Алаш қамын ойлаған Алаш қайраткерлерінің елдің алдындағы беделінің өсуінен сескенді. Ашаршалық кезінде беделден жұрдай болған большевиктер, тек үрей тудыру арқылы халықты қарамағында ұстауға жанталасты. «Халық жауларын» аңдыды, қамады, атты. Мағжан да соның кебін құшты.  1930 жылы 25 қаңтарда Есім Байғасқинның НКВД тергеушілеріне берген мына көрсетіндісі соған дәлел:

«Ташкент қаласы Пушкин көшесі №10/12 үйде тұратын Есім Байғасқин нақты мына айғақтарды көрсетті: «Алашордашылардың» іс-әрекеттері туралы білетіндерімнің барлығын өткен жолғы көрсетіндімде жазып берген болатынмын. Мен олардың жұмысына араласқан емеспін, «Алашордашыларды» маған сеніммен қарап, сырын жасырмай шынын айтатын Байтасовтың әңгімелері арқылы ғана білемін. Қазақстанда, оның ішінде Петропавлда тұрғандықтан да, алашордашылардың ішінде жүрдім, бірақ олардың тобына қосылғамын жоқ. Өйткені олар аса сақ жүрді, маған сенімсіздікпен қарады. Себебі, Байділдин мен Тоқтабаев оларды іс жүзінде сатып кеткен болатын. Жоғарыда айтып өткенімдей, маған тек Байтасов қана сеніммен қарайтын.

 Өткен жолғы тергеу барысында ұмыт қалған тағы бір жайды айта кеткім келеді. Бірінші көрсетіндімде: 1922 жылы мамыр айында Әнуар паша мен Заки Валидовтің келуіне байланысты алашордашылардың арасында қозғалыс басталғанын, түрікшіл үгіт-насихаттың күшейе түскенін, оған Мұхтар Әуезов пен Тоғжановтың белсене араласқанын жазып берген болатынмын (бірінші көрсетіндіні қараңыз). Петропавлдағы алашордашылардың арасында жүргізген түрікшілдікті насихаттаған отырысқа сол кездегі губаткомның төрағасы Смағұл Қазбеков, губпарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мұхамеджан Бейсенов, Әуезов, Тоғжанов, Жұмабаев, Қияқов т.б. қатысты, кеңесте олар ешқандай да қорытынды шешім қабылдаған жоқ, өзара пікір алысумен шектелді. Нәтижесінде ешқандай әрекет жасамауға, Әнуар паша мен Заки Валидовтің іс-қимылын күте тұруға келісті. Міне, олармен араласып, таныс-біліс боп жүрген Байтасовтың айтуы бойынша менің бар білетінім осылар.

Байтасовтың: «Дайындалу қажет», – деген сөзінің астарын мен қарулы топ құрып, ауыл тұрғындарын көтеріліске дайындау керек деп түсіндім. Менің жеке пікірім мынадай: егер де Әнуар паша мен Заки Валидовтің әскері жеңіске жетіп, алға қарай жылжитындай бола қалса, онда алашордашылар тұрғындарды сөзсіз көтеріліске бастар еді деп ойлаймын. Сондай-ақ Байтасов маған: «Қожанов пен Рысқұловтың Әнуар паша мен Заки Валидов екеуімен байланысы бар», – деді.

Бұдан басқа алып-қосарым жоқ. Дұрыс жазылған және маған оқып берілді.

Тергеген ПП ОГПУ-дің шығыс бөлімінің өкілі Атабеков. 25.1.1930 ж.».

  Егде ұстаз Есім Байғасқин, Мағжанның өз еліндегі досы ма, жалған жанашыры ма, жоқ, меншікті тіміскі ме? Мәселе онда емес, мәселе «1922 жылы мамыр айында Әнуар паша мен Заки Валидовтің (Түркістанға – Т.Ж.) келуіне байланысты алашордашылардың арасында қозғалыс басталғаны, түрікшіл үгіт-насихаттың күшейе түскені»  туралы мағлұматта. Демек, Солтүстік Қазақстан губерниялық төтенше комиссияның мәжілісінде ме, жоқ, басқа бір бас қосуларда ма, әйтеуір, «Әнуар паша мен Заки Валидовтың (Түркістанға – Т.Ж.) келуіне байланысты» сөз қозғалғаны анық болып шығады.

***

Егер де 1919-20 жылдары Мағжанның екі рет Заки Уалидимен  астыртын кезігіп, бірлескен Түркістан партиясын құру туралы құпия хат апарып, келісім жүргізгенін ескерсек, онда мұндай мәселенің ұшқын беріп қалуы заңды. Сонымен қатар, Әнуар паша мен Заки Валидов Түркістанға  келіп жатқанда, атой белгісіне Мағжанның  жауап бермеуі мүмкін емес.   «Менің жеке пікірім мынадай: егерде Әнуар паша мен Заки Валидовтің әскері жеңіске жетіп, алға қарай жылжитындай бола қалса, онда алашордашылар тұрғындарды сөзсіз көтеріліске бастар еді». Сондықтан да, Мағжанның Түркістанға кетуі оқыс шешім емес, ойда жүрген жоспарлы іс. Мағжанмен бірге Абдолла Байтасовтың да іле Ташкенткке келуі соны аңғартады.

Әрине, талқыға салынды. Сол талқының кесірінен Мағжан өзінің туған жерінен Орта Азияға қуылып, бейресми жер аударылды. «Қыркүйектің басында Челябинскі қаласы арқылы Ташкентке жасырын жүріп кетті».

Бұл оның бірінші рет саяси жазаға ұшырауы еді. Бірақ не үшін? Ұлтын құрып кетуден сақтауға жанталасқаны ма? Иә, сол үшін! Өйткені коммунист-колонизаторлар билеген большевиктер өкіметі үшін қазақ ұлты – «басы артық ұлт» болатын. Ал Мағжан Жұмабаев «басы артық» ақын ғана болатын. Сондай-ақ Мағжан Жұмабаев сияқты «өте қауіпті» творчество иесін, азулы ақынды еркіндікте қалдырудың өзі «мәдениет майданындағы» қылмыс болып табылатын.

 Ұстазына көрсеткен жоғарыда айтылған қорлығына қанағаттанбаған, айызы қанбаған «большевик шәкірт» Сәбит Мұқанов,   «Өмір мектебі» атты ғұмырнамалық шығармасында:

«Қызылжардан соққы көре бастаған Мағжан 1922 жылдың күзінде Ташкенге кетті. Со кезде бұ қалаға Мағжаннан басқа да ойда-қырда қашып жүрген алашордашылар жиналды. Қазақ тілінде «Ақ жол» деген атпен шығатын газет, «Шолпан», «Сана» деген атпен шығатын журналдар алашордашылардың ықпалында болды. «Ақ жолдың» бетінде Жұмабаевтың және басқа алашордашыл жазушылардың совет өкіметіне ашық қарсы шыққан өлеңдері, әңгімелері, фельетондары, мақалалары басылып тұрды. Орымборда Байтұрсыновтың юбилейі құлап жатқанда, Ташкендегі алашордашылар оны көтеріп, жоғарыда аталған журналдар мен газеттің беттерінде мақалалар жариялап, портретін басты», – деп жазды.

Шындығында да, тек алашордашылардың ғана емес, мұқым Түркістанның милләтшіл қайраткерлері Ташкентке жиналғаны рас еді және Мағжанның сол екі бас қосуға қатысу үшін, соның ішінде Зәки Уалидимен де кездесу үшін аттанғанына төмендегі  деректер дәлел.

Х.Досмұхамедовтің 1930 жылы  6 қараша күні  ОГПУ-дің тергеушісіне   берген жауабынан:«1). … Жаһанша Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев қатысқан ұйым 22 жылы құрылды да, 24 жылдың басына дейін жұмыс істеді».

М.Тынышбаев ОГПУ-дің тергеушісіне   берген жауабынан: «1) Біздің Ташкенттегі ұйым 1922 жылдан бастап жұмыс істеді...»

Х.Досмұхамедовтің 1930 жылы 21 қыркүйекте ОГПУ-дің тергеушісіне   берген жауабынан:«16) Заки Валидовтің Ташкентке келуі туралы айтарым мынау. 1922 жылы күзде Ташкентке келгенімде: Заки Валидовтің бізбен кездескісі келетінін маған жеткізді. Ол кезде біздің ұйым құрылған болатын. Өзге ешкім болмағандықтан да кездесуге өзім жалғыз бардым. Кездесу Қашқынбаевтің үйінде жасырын өтті. Басты мақсатымыз: 1. Заки Валидов пен Әнуар пашаның нақты бағдарламасын, 2. Олардың күрес нәтижелерін, 3. Ташкентке не үшін келгендігін білу еді. Жасырын кездесу ақшам кезінде өтті. Мен контрреволюциялық көтерілісшіл қозғалыстың жетекшісі Заки Валидовпен кездесуге бара жатқанымды толық жауапкершілікпен сезіндім. Заки Валидовтің қасында бейтаныс бір адам болды. Ол қасымнан өтіп бара жатып мені байқап қалды. Әңгімеміз қызу өтті. Мен одан: мұнда қалай тап болғанын, неге келгенін сұрадым. Ол: Әнуар паша жараланып қалғандығын, сондықтан да кеңес өкіметіне қарсы күресті тоқтатуға шешім қабылдағанын, енді ұлттық мүдде үшін күресетінін айтты».

З.Валидовтің «Қатирасынан»:«Әнуар паша төртінші тамыз, жұма күні Балшыбаннан 7-8 шақырымдай жердегі Шекен ауылында орыстармен қақтығыста шаһит болды. Оның мына сөзі: «Жеңіске жете алмасақ та, ең болмаса өлігімнің осында қалуымен Түркістанның тәуелсіздігіне қызмет еткен болар едім», – деуі оның шын жүрегінен шығып еді». Құрылтайымыз 18 қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұхарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы – «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды».  

 «Алаш», «Түркістан», «Түрікмен азатлығы», «Усусул жадид», «Шура-и ислам», «Кіші Башқортстан», «Солтүстік Түркістан» [62] деп әр түрлі атау алған  қоғамдық-саяси қозғалыстың өкілдері 1922 жылы Ташкентте астыртын құрылтайға қатысты.  Олардың басын біріктіруге ұмтылған   «Башқорт-қазақ комиссиясы», «Біріккен Түркістан социалистік партиясы», «Түркістан милли бірлігі», «Орта Азиядағы мұсылман халықтарының милли қоғамының федрациясы», большевиктік «Түрк комиссиясы» солардың орынын алмастыра алмады.  Бұл ұйымдардың мақсат, күрес бірлігі мен іс айырмашылықтары терең, тарата талданылмай келеді. Ортақ бір концепция да қалыптаспады. Әнуар паша қаза тапқаннан  соң  ресми түрде тарқатылды деп есептеледі.   Ал ақиқатына келсек, кеңес өкіметінің «құпия кеңсесінің» жазалау саясатында «Иттихат уә тарахият» деген пантюркистер мен ұлтшылдардың ұйымы ретінде қарастырылды және  солған мүше болды деген айыппен,  нақты емес мәліметтер бойынша 64-67 мың адамға ату жазасы   кесілді.

Мағжан  қазақ қайраткерлері ұйымдастырған астыртын ұйымның отырысына да, түрік халықтарының біріккен құрылтайына да  үлгере алмады. Бірақ Ташкентке асқан үмітпен, асқар арманмен:

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің тәңірі берген несібі ғой!, –

деп озандатып келді.

Мағжанның бүкіл түрік дүниесін атойлатқан «Түркістан»  толғауының маңдайы «Ақ жол» газетінің  1922 жылғы 30 қараша күнгі санында жарқ ете қалды.  Бұл – кешегі де, бүгінгі де, ертеңгі де исі түріктің ұран-озанына айналды.

 Ж.Аймауытов  кеңестік жазалау саясатының қыспағынан ығысқан ақынның Түркістанды  рухани нысана етіп  келуін:«Колчактың кер заманы, одан қала берсе ұлтшылдықтың ауызына қақпақ салған кеңес заманы Мағжанның баяғы басылып қалған түрікшілдік сезімін қайта оятты. Мағжан енді ұлт жалауын түрік жалауының панасына, түрік қанатының астына қоюды табады. Жеке ұлтшылдықтың өрісі тартылғандығын көріп, түрік тұқымды жұрттармен әдебиет жүзінде өзінше одақ жасаған болады», – деп түсіндірді.

Демек, Мағжан «шын түрікшіл емес еді, онысы бетперде ғана болатын»  деген уәждер жай жортақ қана. Мағжан – өзінің барлық көркем ойлау жүйесімен, алпыс екі тамырын иіткен сезім-болмысымен, қан-жанымен түрікшіл ақын. Түрікшілдік – оның ақындық болмысы болып табылады. Сол тұтас Түркістан – түрік бірлігі жолындағы тәуекелмен, үзілмеген үмітпен оралмайтын сапарға аттанады. 

Оның озандап ұрандатқан бұл дауысы түрік бауырларға Қазақстан тәуелсіздік алған соң барып жетті. «Мағжан Жұмабай өлеңдеріндегі ұлттық болмысты» саралап зерттеген  Фейзуллах Будак «Алтайдағы жүрегім: Мағжан Жұмабайға жауап» деген атпен:

Алыстан азабымды білген, бауырым,

Жұбатып көздің жасын жүрген, бауырым.

Отырып өзі жаудың ортасында,

Көңілін мұң-зарыма бөлген, бауырым...

… Бір күні бұл дәуреннің соңы жетіп,

Тәңірдің жазуымен сапар шектік.

Ақ теңіз, Қара теңіз ассақ-тағы,

Жүректі сол Алтайға тастап кеттік

… Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,

Не таптық, шашырағанда шартарапқа.

Барлығын күш-қайраттың жинау керек,

Атадан мирас қалған ұлы отанда!, –

деп, араға 80 жыл салып барып жауап берді.

Ол үн, сол сәлем –  Алтай мен  Атыраудың, Ертіс пен Еділдің арасындағы аспан астын жаңғырықтыра атажұртқа қайтып оралды.  Мағжанның туғанына 125 жыл толуына орай, Әли Ақбастың аударуымен «Алыстағы бауырыма» (Uzaktaki kardes,ime) атты жыр жинағы Анкарада жарық көрді.

Ал Мағжанның Түркістанға кетуі туралы бұл шешімі – «махаббат машахаты» мен «жадыланған еркектің» ырықсыздығынан туған» деген көкелер мен бикелердің сөзі жай қауесет қана.

Тегтер: