Сәтбаевта екі бүлдіршін балабақшадан қараусыз шығып кеткен
Сәтбаев қаласында 4–5 жастағы екі қыз бала балабақша аумағынан ересектердің қарауынсыз шығып кеткен. Олар жолдан өткен азаматтың көмегімен ғана үйлеріне жеткен. Оқиғадан кейін ата-аналар балабақша қызметкерлерін жауапқа тартуды талап етуде.
Балалардың бірінің анасының айтуынша, оқиға балабақша ішіндегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Алайда жарияланған кадрлар жағдайды толық көрсетпейді. Оның сөзінше, қыздар ұзақ уақыт бойы топтың ішінде тәрбиешілерді немесе басқа қызметкерлерді іздеген.
«Балалар әжетханаға, ас үйге кіріп, бүкіл топты және дәлізді аралаған. Терезеден қарап, ересектерді іздегені де жазбада анық көрінеді. Ешкімді таппаған соң, олар өзін жалғыз қалдырды деп ойлаған», – дейді анасы.
Іздеуден нәтиже шықпаған соң, қыздар қатты қорқып, ересектер балабақшадан кетіп қалды деген қорытындыға келген. Осыдан кейін өздері киініп, үйге қайтуды шешкен. Алайда бірден бағыт-бағдарын таба алмай, көшеде ұзақ уақыт адасып жүрген.
Ата-аналардың айтуынша, балалар сыртта шамамен 20–25 минуттай болған. Сол күні ауа температурасы минус 29 градусқа дейін төмендеген. Қыздар тоңып, жылап, көшедегі адамдардан көмек сұраған.
Кездейсоқ өтіп бара жатқан ер адам жылап тұрған балаларды байқап, олардың бірін үйіне жеткізіп салған. Ата-аналар ауыр салдардың алдын алған басты фактор – отбасының балабақшаға жақын тұруы болғанын айтады.
Анасы бұл жағдайды «балалардың қашуы» деп бағалауға үзілді-кесілді қарсы. Оның айтуынша, балалар алғаш рет өз бетімен мекемеден шыққан және олар өзін қараусыз қалдырдық деп ойлаған. Сол сәтте топта бар болғаны екі бала ғана болған.
«Жауапкершілікті балалардың өзіне артуға болмайды. Олар қашқан жоқ, ересектер оларды ұмытып кетті деп сенген», – дейді анасы.
Ұлытау облысының білім басқармасы оқиғаға байланысты №22 «Құлыншақ» балабақшасында қызметтік тексеру басталғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, тексеру барысында жағдайдың барлық мән-жайы анықталып, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Тексеру қорытындысы бойынша кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қажет болған жағдайда қызметінен босатылуы мүмкін. Білім басқармасы бұл жағдайдың ерекше бақылауда екенін атап өтіп, ата-аналардан ресми түрде кешірім сұрады.
Ал ата-аналар мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін нақты шаралар қабылданып, жауапты қызметкерлер заң аясында жазалануы тиіс екенін алға тартып отыр.