Сатыбалды «мінгем жоқ» дейді, сонда кортеж кімдікі?

Дархан Сатыбалды Алматыға әкім болып келе салып, Алматының жоғарғы жағында орналасқан Медеу мен Шымбұлақ жолында ұзын сонар кортеж көзге түсті.
Мынадай жойдасыз салтанатқа тұрғындар, әрине, наразы болды. Бүкіл әлеуметтік желі, бүкіл БАҚ ә дегеннен-ақ қаланың су жаңа әкімін жерден алып, жерге салып жатты. Негізгі мәні – «аяғы жаман төрді былғайды» деген ащы сөзге саяды.
Алматыға президент келсе жұрт алдын ала хабардар болып отырады. Қазір алматылықтар да үйренген, президент Алматыға келеді екен дегеннен бастап, оның жүретін маршрутына жоламауға тырысады. Бірақ әлгі 11 көлікті кортеж көзге түскен күні бүкіл Алматы қамсыз жүрген. Алдарынан бас-аяғын полиция көлігі «қолдап-қоршап» жүрген 11+2 (тағы бір мотоцикл бар) көлік тізбегі шыға келгенде, әлбетте, президент кеп қалды ма деп аңтарылып қалғаны анық. Бірақ бұл президент емес, басқа болып шықты. Президенттен басқа мұндай салтанатпен жүретін кім? Әрине, ең алдымен ойға әкім түседі.
Сатыбалды өзін президент сезініп кетті ме?
Алматының әкімі болу – президенттікке үміткер болуға бір табан жақындау деп есептеуге болады. Басқасын айтпағанда, ертеректе Алматыны басқарған Иманғали Тасмағамбетов те, кейінгі Бауыржан Байбек те Назарбаевтың ізбасары болады екен деген қаңқу көп айтылатын. Әрине, бұл екеуі де өзге Алматы әкімдерінен онша бір ерекшелене қойған жоқ. Әкім болды, басқа қызметке ауысты, қай уақытта да өңмеңдеп, билікке ұмтылған жоқ, бойларын жасырып қана жүрді де қойды. Ал елең-алаңда Алматыны басқарған Заманбек Нұрқаділов ақыры Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық қарсы шыққан, жұрт президент болуға лайық деп атаған санаулы адамның бірі болды. Оның соңғы тағдырын елдің бәрі біледі.
Осы күні ел ішінде облыс, қала әкімдерін сайлау жүйесі неге енгізілмейді деген сұрақ жиі қойылады. Оның бір себебі де сол – тағайындалмаған, сайланған әкімнің президенттің негізгі қарсыласына айналып кету ықтималдылығы. Бұл тұрғыда Қазақстандағы ең ірі мегаполистің бәсі бәрінен жоғары. Сондықтан Ақорда бұл қаланы (Тәуелсіздіктің бесігі болған, Желтоқсан, Қаңтар оқиғаларының негізгі нүктесі болған символикалық қала!) қай уақытта да назардан тыс қалдырмайды. Әкімін сайлатып, соқырішек тілеп алар жайы жоқ.
Міне, осындай себептерден де Алматы әкімінің ауысуы бүкіл Қазақстан үшін үлкен саяси қадам ретінде қабылданады. Кім келді, кім кетті – қай уақытта да резонанс тудырады. Бұл жолы да солай болды. Қаңтар оқиғасынан кейін ескі Қазақстанға сіңіп кеткен Бақытжан Сағынтаевтың орнына келген Ерболат Досаев кет-кеттің астында үш жыл отырды. Әне кетеді екен, міне кетеді екен деп жүріп, ақыры кетті. Сол-ақ екен, жарты тәулікке жуық бос қалған Алматы әкімінің креслосы болжамдар мен сәуегейліктің нышанына айналып бара жатты. Қазақстандықтар кімді атамады! Бірақ дәл осы Дархан Сатыбалды есімі көзге түсе қоймаған. Өзі жақында ғана Түркістан облысынан босап, Ақордаға, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып барған адам, орнынан қозғай қояды деп ешкім күтпесе керек. Негізгі мәселе онда да емес, бізде шенеуніктер әр төбеге бір қонып, жүре береді, негізгі мәселе – Сатыбалдының бәсінің төмендігі. Рас, Түркістанды басқарыпты, басқа да қызметтер істепті. Бірақ дәл Алматыға келіп қонжия салатындай дәрежеге жетпеген. Сол үшін де ешкімнің ойына келген жоқ, аузына түскен жоқ. Өте сақ қимылдайтын, Ақорда сызып берген шеңберден көлеңкесін де шығармайтын, апыр-ай дегізер бастамаларымен көзге түспейтін (бұл «біріншімен» бой таластырғандай көрінетін өте қауіпті жағдай) Сатыбалды аяғы астанадан салбырап, Алматыға топ ете қалғанда біраз жұрт аңтарылып қалды. Мұндағы негізгі мәселе – алматылықтардың оны танымайтынында еді.
...Алматыға жаңа әкім келгені ұмыт болып та кеткен. Оқу жылы аяқталып жатқан қарбаластың астында елеусіз қалып кеткендей де еді. Бәрін кортеж бұзды. Бір емес, он бір көлік. Дүңкиген джип, шалқайған мерседес, арбиған микроавтобус – тегіс қап-қара. Әкімнен басқа ойға кім келсін мұндайда. Әрине, әкімдік аяқасты көзге түсіп, ауызға ілігіп қалған соң, бұлдыр болды, сылдыр болды деп, бір мәлімдеме жасауға тиіс еді. Оның үстіне мұндай резонансты жағдайға Ақорда жақ та қарап қалмайды, бара салып елді шулатып жатқан жаңа әкімге тәйт дейтіні даусыз. Оларға не деп ақталғанын кім білсін, Сатыбалдының баспасөз қызметінің халыққа айтқан сылтауы – бас қатырмаңдар дегенге сайды.
Сөзбе-сөз келтірейік:
«Таулы аймақта жүрген кортеждегі көліктердің бірінде Алматы қаласының әкімі болды» деген желідегі ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Әрі көпшілікті тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз. Сондай-ақ қала әкімінің шаһарды аралауы кезінде көлік қозғалысына шектеу қойылмайтынын еске саламыз».
Болғаны – осы. Ауылдың тұсынан белгісіз бір керуен өтіпті, біздікі емес деген сияқты... Яғни Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі (айтпақшы, содан екі күн бұрын ғана Ильзат Акчурин Сатыбалдының баспасөз хатшысы болып тағайындалған) бұл кортежде әкім болған жоқ деген жауаппен барлық мәселені шешіп тастаймыз деп ойлаған болу керек. Бірақ бұл мәлімдеме сұрақты тіпті көбейтіп жіберді. Сатыбалды емес екен дейік, сонда кім? Осынша кортежбен жүретіндей бұл кім болды? Әкімдік өкілдеріне осының бәрін бірден ашық жазуға не кедергі болды? Сенсең де, сенбесең де, ол жерде Сатыбалды болған жоқ деген жауапты «ресми ақпарат» деп ұсыну ақылға сыя ма? Ресми ақпаратқа сеніңіз! – мұндай сөз әдетте төтенше жағдайлар кезінде айтылатын...
«Жас Алаш» әкімнің баспасөз қызметіне бірнеше мәрте хабарласып, «кортеж кімдікі» деп сұрады. «Ресми жауап» өзгерген жоқ. Тіпті жауап беруші аты-жөнін айтудан бас тартты.
Иә, әкімдік өкілдері осы «ресми жауап» арқылы күмәнді тіпті қоюлата түсті. Соның негізгі бір нұсқасы: «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса», Алматының жаңа әкімі әкім болғанын жуып, тауға барып демалып қайтқан болар... Ағайын-туысын арнайылап шақырып, тауға құрметтеп (!) шығарған шығар... Әлде... Өзін президент сезініп кетті ме екен...
P.S. «Жас Алаш» кортеж және Сатыбалды тақырыбына байланысты арнайы материал дайындап жатыр. Мұнда бірталай сұрақ туындайды. Соның ең негізгісі – бұл неғылған кортеж? Сатыбалдының өзі болмаса, оның өзін аттап өтіп, бүкіл Алатауды шулататындай кімнің керуені? Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қалалық полиция департаменті, «Медеу» спорт кешені мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына арнайы сұрақтар жолданды. Сатыбалды иегінің астында не болып жатқанын білмесе, көмектесіп жіберейік. Жаңадан келді ғой. Біраздан бері «Медеу» мен «Шымбұлақтың» экологиясын бұзбау үшін кортеж түгілі жай көлік те өтпейтінін, тек электрокөліктерге ғана рұқсат етілетінін де естімеген сияқты. Әйтпесе, өзі де дәу көліктермен керуен түзбес еді, басқаға да рұқсат бермес еді...
Олжас Сламжан