Сатыбалдыдан «Самұрыққа» өткен «Қазақтелеком» және Есекеевтің ертегісі
Осыдан тұп-тура бес ай бұрын «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының төрағасы Қуанышбек Есекеев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген.
Президенттің алдында елді 5G желісіне жедел енгізу жайында баяндаған Есекеевтің арманы асқақ. Оның айтуынша, «Қазақтелеком» ТМД кеңістігіндегі 5G технологиясын іске қосқан алғашқы және жалғыз компания. Қазір осы мақсатқа жету үшін 7 мыңнан астам базалық станция салу жоспары әзірленген. Биыл компанияның 63 мың абонентінің ескірген мыс желісін заманауи оптикалық желіге ауыстыру да қоса жоспарланған. Сондай-ақ 50 мың тұтынушы модемінің технологиялық жабдықтары жаңартылады.
Негізінде, «Қазақтелекомды» 14 жыл бойы басқарған Есекеевтің жылдағы айтатыны осы. Оның есебінше, 2025 жылға қарай «Қазақтелекомның» «дәуірлеу» кезеңі басталады. Тіпті Қазақстан аса маңызды өңірлік телекоммуникациялық хабқа айналып шыға келуі де мүмкін. Себебі алдағы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің табаны арқылы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасын іске асыру да ойда бар. Алайда бұл жоспарларға ол сенгенмен, ел сенбейді.
Жуырда бұл компания өзінің 51 тарифі бойынша бағасын көтеретінін мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, 1 шілдеден бастап, 51 тарифтік жоспардың бағасы 5 500 бен 11 000 теңгенің аралығында бекітіледі. Бұл бағалар үйдегі интернет пен ALTEL, Kcell тарифтеріне де әсер етпек. Бұл өзі де құлағалы тұрған тауға қой жайғандай бір тірлік болғалы тұр. Былтыр «мақтаншақ министр» атанып, жақында орынтағымен қоштасқан Бағдат Мусиннің «Қазақстанда ұялы тарифтер арзан» деп жалаулатқанынан кейін-ақ ұялы байланыс операторлары тарифтерін бірден көтеріп жіберген. Мәселен, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1 790 теңгеден 2 490 теңгеге дейін өсірген – баға бірден 39 пайызға қымбаттаған. Артынша, Kcell-дің «Реальный безлимит» тарифі – 3 390 теңгеден 4 390 теңгеге артып, 29 пайызға қымбаттаған. Ал Теле2 «Просто супер» тарифін 27 пайызға көтеріп, 2 590 теңгеден 3 290 теңгеге өсірген. Ал Актив операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге қосқан. Солайша, 3 390 теңгелік тариф – 5 380 теңгеге дейін өсіп, тариф 59 пайызға қымбаттай түскен.
«Қазақтелеком» да, қалғаны да қарап қалмайды
Сарапшылар енді «Қазақтелеком» 51 тариф бойынша бағасын өсіретін болса, негізгі оптикалық қуатты «Қазақтелекомнан» алып отырған өзге байланыс операторлары да бағасын қымбаттады дейді.
ІТ саласының маманы, сарапшы Елдос Еркебайдың сөзіне сүйенсек, үкіметтің осы уақытқа дейін байланыс саласына басқа инвесторларды тарта алмауы, «Қазақтелеком» компаниялар желісін демонополизация жасамауы алдағы уақытта үлкен проблемаға айналады. Енді «Қазақтелеком» халықтың қалтасын қақшуды үйреншікті әдетке айналдырса таңғалмауымыз керек. Телекоммуникация саласында 30 жылдан астам уақыт жалғыз ойыншының болуы болашақта бірнеше кедергілерді алдымыздан шығармақ.
«Біріншіден, 5G туралы айтсақ, бізде радиожиілік қазір бір ғана «Қазақтелекомның» қолында тұр. Сөйте тұра 5G туралы армандаймыз. Бізге қазір әлеуетті инвесторлар келсе де, радиожиілік спектрлері мен ресурстары жоқ кәсіпкерлер келеді. Ал бұл үрдіс саланы дамытпайды. Радиожиілік спекторлары шектеулі болғандықтан, Қазақстанның кейбір байланыс операторлары 5 жыл бойы 5G желісіне көше алмайды. Аймақтар мен шалғай ауылдарды айтпағанның өзінде қазір қалалы жерлердің өзінде байланыс, интернет төмен. Елдегі негізгі байланыс желісіне «Қазақтелеком» ғана иелік етеді. Ал басқа операторлар өз кабельдерін төсегісі келсе, «Қазақтелекомның» сымды жолағы кедергі келтіреді. Сондықтан бірінші осы мәселені ескеру керек. Демонополизацияны әу бастан жасау керек еді.
Екінші, қазір «Қазақтелеком» Теле2 мен КсеІІ-ді сатсақ деп жүр. Егер осы екі байланыс операторы сатылатын болса, онда нарыққа қосымша екі ойыншы келеді деген сөз. Бірақ бұлар да келе сала бірден радиожиілігін арттырып, оптикалық талшықты сымдарын қуатты ете алады дей алмаймыз. Бұл екі-үш жылдың ішінде шешілетін мәселе емес. Нарықта бар-жоғы үш ойыншымен 5G құрып, бәсекеге қабілетті боламыз деу ақылға сыймайды. Демек, бізге бұл арада радиожиілік диапазоны бесеу, алтау болса тіптен жақсы.
Үшінші, қазір «Қазақтелеком» өзінің 51 тарифін тектен-текке қымбаттатып отырған жоқ. Күні ертең Теле2 мен КсеІІ-ді өзге инвесторлар сатып алатын болса, «Қазақтелеком» осы екі оператордан түсіп тұратын түсімнен қағылады. Демек, компания енді халықтың есебінен байымақ. Осы арада 1 шілдеден бастап компания тарифті орынды көтере ме, жоқ па, осы жағын анықтау керек. Негізінде тарифті көтеру үшін «Қазақтелеком» ешкіммен ақылдаспайды. Өзі шешім қабылдай береді. Енді бұған мемлекеттік тыйым болуы керек», – дейді ІТ сарапшы.
Елдос Еркебай – АҚШ-тағы Стэнфорд университетінде білімін жетілдіріп келген ChatGPT мастер, ІТ ағартушы. Ол көрген шетелде монополистердің жылма-жыл бағаны өсіруіне мүлдем жол берілмейді. Тиісті органдар халыққа сапалы қызмет көрсете алмай жатып, бағаны өсіретін компанияларға бірден айыппұл салады. Олардың айыппұл көлемдері де қомақты. Ал бізде «Қазақтелеком» басшыларына қомақты көлемде айыппұл салынбайды. Олар, керісінше, қомақты сыйақы алып дәндеген. Мысалы, «Қазақтелекомның» басқарушы қызметкерлері 2022 жылы 3,6 млрд теңге сыйақы алып, ел бір шулаған. Бірақ одан именген олар жоқ. Былтыр күзде «Қазақтелекомның» 4 басшысы тағы жалпы сомасы 422 159 000 теңге сыйақыны бөліп алған. Айыппұл демекші, таяуда ғана бұл компанияға азаматтардың жеке деректерін таратып алғаны үшін бар-жоғы 100 АЕК (369 мың 200 теңге) айыппұл салынды. Ал АҚШ-та қандай да бір байланыс операторлары азаматтардың жеке деректерін таратып алса, 462 млн доллар көлемінде айыппұл салынады екен.
«Қазақтелекомға» қайтыс болған адамдар да қарыз
Жеке деректерден бөлек компанияның интернет сапасы жөнінде шағымданатындар да көп. «Қазақтелеком» арқылы қосқан интернеттің жылдамдығы артуы үшін модемнің төбесінен қойып қалып немесе оны үйінің шатырына шығарып қойып жүргендер де бар. Алматы облысы Сарыөзек қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Кербез Таутесерова жуырда ғана үйіне құрған «Қазақтелекомның» модемі бірде істеп, бірде істен шығып қалатынын айтады.
«Модемді айына жалға алғаным үшін 600 теңге төлеймін. Ай сайын интернетке 7000 теңге төлеп отырмын. Алғаш он күндей жақсы істеді. Интернетті құрған сәтте «бір нүктеден он бес адам кірсе де жылдамдығы төмендемейді, бұл кеңселерге арналған тариф» деген. Бірақ үйде үш кісі кірсек бітті интернет баяулап қалады. Модемді төбесінен ұрамыз, үйдің шатырына шығарамыз, істемейді. Ал уатсап арқылы модемнің істемей тұрғанын айтсақ, «өтінішіңіз қабылданды» дейді де, отыра береді. Қоңырау шалсаңыз, операторларға түсу қиын. Ақыры модемнен үмітті үзіп, ұялы телефонымызға тариф салдық. Енді шілдеден бастап тарифтері қымбаттайды екен. Қазірден бастап «Қазақтелеком» қызметінен бас тартайын деп отырмын. Өзі қымбат, өзі сапасыз. Одан әрі қымбаттаса оның қажеті шамалы. Барып өтініш жазуым керек. Қайта-қайта барып қызметтің нақты ажырағанына көз жеткізбесең, бұлар қайтыс болған адамның шотына да қарыз жаза беретін оқиғалар болған», – дейді К.Таутесерова.
Рас, аталмыш компания қызметіне қатысты мұндай оқиғалар шынымен де болған. Осыдан үш жыл бұрын Алматы облысы Ақсу ауданының тұрғыны марқұм әкесінің атына тіркелген нөмірді интернетке, радио және онлайн теледидарға қосу фактісі туралы арыз жазған. Артынша, «Қазақтелеком» қызметкерлері «техникалық қателік» екенін айтып кешірім сұрап, марқұмның қарызы мен абоненттік шоттың жабылғанын мәлімдеген. Тіпті «Қазақтелеком» қарыздың жоқтығы туралы анықтама да берген. Бірақ бір жыл өткен соң, олар қайтадан марқұмның атына төлем жіберген. Ақыры марқұмның туыстары «Қазақтелеком» компаниясын сотқа берген болатын.
Сатыбалдыдан «Самұрыққа» көшсе де...
Бұған дейін бұл компанияның негізгі акциясына Қайрат Сатыбалды иелік етіп келді. 2022 жылы компаниядан қомақты қаржы жымқырды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен Қайрат Сатыбалды ұсталды. Кейін алты жылға сотталды. Содан бастап «Қазақтелеком» мемлекет меншігіне қайтарыла бастады. Қазір «Қазақтелеком» компаниясының құрылтайшысы «Самұрық-қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. Ал «Қазақтелекомның» Сатыбалдыға тиесілі акциясы қаржы министрлігіне өтті. Қазір министрліктің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне компанияның 3 084 893 акциясы немесе барлық пакеттің 28,81 пайызы тиесілі.
Үкімет былтырдан бері телекоммуникация саласын демонополизациялау, нарыққа жаңа инвесторларды тарту, қызмет сапасын арттыру, елді 5G жиілік желісіне қосу жайын қозғап жүр. Негізінде, осы уақытқа дейін «Қазақтелекомға» ешқандай компанияда жоқ жеңілдіктер беріліп келген. Компания халыққа көрсеткен қызметі үшін қосымша құн салығынан да босатылып келген. 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобының таза пайдасы 128 млрд теңгеден асқан. Ал былтыр «Қазақтелеком» 104,403 млрд теңге табыс тауыпты. Байқасақ, былтырғы түсім 2022 жылмен салыстырғанда 19 пайызға аз. Шамасы, компанияны 14 жыл бойы мызғымай басқарып келе жатқан Қуанышбек Есекеев шаршады ма екен?! Әйтеуір былтыр алғаш рет «Қазақтелекомның» табысы күрт төмендепті.
Бұл компанияның тамырына қан жүгірту үшін не істеу керек?
«Жаңа кадрлар келуі керек. «Самұрық-қазына» «Қазақтелекомдағы» үлесін 79 пайызға дейін арттырды. Сондықтан телекоммуникация саласына жаңа топ менеджерлердің келуіне ықпал етуі керек. Мемлекет те бұл саланы монополиядан тазалауда дәрменсіздік танытпауы керек. Тура осылай қалдыра салу қаржылық жағынан тиімді болса да, біздегі интернет пен ұялы байланыс сигналы ескірді. Сын көтермейді. Өзіне тең келетін бәсекелестік жоқ болған соң «Қазақтелеком» қаншама жылдар бойы жұмыс істемей, әбден жаман үйреніп алған. Енді осы мәселені реттеу үкіметтің және «Самұрық-қазынаның» жұмысы болуы керек», – дейді ІТ сарапшы Елдос Еркебай.
Ал мұндай мәселелерді аталған тараптар реттей ала ма, жоқ па, ол жағын алдағы уақытта көретін боламыз. Қазір біздің көріп отырғанымыз, ел сапалы жол мен сапалы ауыз суға зар болғаны тәрізді сапалы интернетке де зәру болып отыр. Ал «Қазақтелеком» АҚ басшысы Қуанышбек Есекеев болса, сол елді 5G желісіне қосу және Қазақстанды аса маңызды өңірлік телекоммуникация хабына айналдыру жайында ертегі айтып жүр.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ