Сатылып жатқан виза бар, Нұртілеу, неге көрмейсің? – 2
Былтыр Jash Alash- та «Қандас жолы: кезегі жетпейтін виза, ақшасы жетпейтін қазақ» атты мақала жариялаған болатын.
Мұнда біз Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға келу үшін виза аштыра алмай сабылып жүргенін, тегін берілуі тиіс визаны қыруар қаражат жұмсап аштыруға мәжбүр болғанын жазған едік. Кейіннен бұл жағдай ақпарат құралдарында айтылып, қоғамда талқыланған соң оң шешімін тапқан сияқты еді. Алайда жақынғы күндері виза аштыру қайтадан қиындай түсіпті. Мұны «Жас Алашқа» хабарласқан бірнеше адам растады. Олар «виза кезегін алу мүмкін емес. Есесіне, делдалдар арқылы виза кезегі ашық саудаланып жатыр» дейді.
Біз бұл мәселені зерттеуді алдымен Қазақстанның сыртқы істер министріне ресми сауал жолдаудан бастадық. Себебі осыған дейін министрлік біздің сауалдарымызға кешіктіріп жауап берген. Бұл жолы олар кең молынан толғанып жауап берсін деп уақытты ұзағырақ бердік. Сонымен, 8 қараша күні министрлікке ресми сауалнама жібердік.
Енді «виза ашық сатылып жатыр» деген ақпараттың рас, өтірігін нақтылауға көштік. Негізінен «виза аштырып берушілер» көбінесе WeChat әлеуметтік желісін пайдаланады, сонда жеке парақшаларында хабарландыру жариялап, адамдармен мессенджерде сөйлеседі екен. Осындай «виза ашып берушілердің» біреуімен сөйлесіп көрдік. WeChat әлеуметтік желісіндегі есімі Zerde (WeChat ID zerde0523). Бұл кісі біздің: «Кезек алу керек пе? Жұмыстың рет тәртібі қалай?» деген сұрағымызға, «Кезек алмайсыз, тікелей базаға кіргізіп береміз. Сіз бірнеше күн бұрын ескертіп, нақты қай күні виза аштыратыныңызды айтсаңыз, біз сіз айтқан күнге «байланыспен» базаға кіргізіп беруге болады» деп жауап берді. Жұмысының құны бір адамға 2300 юань (шамамен 161 000 теңге). Мұндай «виза аштырып берушілерді» WeChat әлеуметтік желісінде көптеп кезіктіресіз. Олар тіпті жарнамаларын жеке парақшаларында ашық жариялайды. Мысалы, «Сәуле» (WeChat ID бүркемелеп, өзгелерге көрінбейтін етіп қойған, біз мұны сақтық үшін істеген болуы тиіс деп топшыладық) есімді WeChat қолданушы «виза аштырып беремін» деп күн құрғатпай жариялайды. Негізгі мәтіні: «Ертең визаға күнбе-күн кезек алатын кісілер хабарласыңыздар».
Біз «делдалдарға виза аштырдым» деген азаматшаны да тауып тілдестік. Гүлнәр (аты өзгертіліп алынды) есімді бұл кісі ұлының визасын аштырыпты. «Кезек алып аштыру мүмкін болмаған соң, амалсыз делдалдарға аштыруға мәжбүр болдым. WeChat-та сөйлестік. «Бір адамға 2800 юань (шамамен 1960 00)» деді. Ақшасын алдын ала жіберттіріп алды. Сосын виза аштыратын адамның паспортының фотосын алды. Ертесі Үрімжідегі Қазақстан консулдығының алдында күтіп тұрдық. Консул маңында адам аз. Бір кезде біз сөйлескен делдал ұлымның виза аштыруға қажетті анкеталарын толтырып алып келді. Сосын дайын анкетаға ұлымның фотосын жапсырып, құжаттарды қолыма ұстатты да: «Енді күту залына барып, менен хабар күтіңіздер. Телефондарыңыздың дауысын басып қойыңыздар. Мен «кіріңіздер» дегенде ішке кіресіздер» деді. Біз оның айтқанын істедік. Сәлден соң «кіріңіздер» деген хабар келді. Сол кезде ішке кіріп, кезегімізді күтіп, визаға құжатымызды тапсырдық. Консулдың есігіндегі күзетші келушілердің қолындағы анкетаға қарайды, дәл сол күнгі кезек жазылса ғана ішке кіргізеді. Ал өз бетінше кіргісі келген кісілерге рұқсат етпейді. Сосын бір байқағаным, консулда қызмет етіп отырған кісілер тым дөрекі, сәл дауысыңыз қаттырақ шығып кетсе: «Шығыңыздар бұл жерден, визаларыңызды ашып бермейміз» деп, айғай салады», – дейді Гүлнәр.
«Виза ашып береміз» деген делдалдардың жауабына, виза аштырған кісілердің сөзіне сүйенсек, Үрімжіде тегін болуы тиіс визаның сатылып жатқаны рас. Мұны көші-қон ісіне белсене араласып жүрген Табиғат Әділбекұлы есімді азамат та жоққа шығармайды.
«Қытайдағы визаның сатылуы ол жақтағы қазақтардың атажұртына келуіне айтарлықтай кедергі болып тұр. Тіпті визаны сатып аламын деп алданып қалған адамдар да бар. Қазір визаны ең кемінде 150 мың теңгеге ашып берді. Уақытыңыз тығыз, жедел аштырам десеңіз, бұдан да көбірек ақша сұрайды. Өзім сөйлескен делдалдар «бір адам 2500-300 юань» (шамамен 175 000-210 000 теңге) деді. Негізі визаның кезегін kezek 2 дейтін сайттан алуға болатын еді. Қазір бұл сайт жөнді жұмыс істеп тұрған жоқ. Мұның бәрі тегін берілуге тиісті визаны ақшаға сатудың әрекеті. Оны өзіміздің консул қызметкерлері істеп отыр деп ойлаймын. Егер осының соңын тексеретін болса, Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышевке келіп тірелуі мүмкін. Сондықтан Үрімжідегі паспорттық визалық мекеменің басшысын, тіпті қажет болса, Қытайдағы елшіні тексеру керек. Осы іске қатысы бар азаматтарды заңды жауапкершілікке тарту қажет. Виза сату сонда ғана тоқтайды», – дейді Т.Әділбекұлы.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Астана филиалының басшысы Ғалым Үлкенбайұлы да «визаның сатылып жатқанын» растады.
«Визаның сатылып жатқаны рас. Осыған дейін виза аштыра алмадық деп Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына арыз айтып келгендер де болды. Содан біз тамыз айының соңында қауымдастықтың атынан Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне хат жаздық. Онда қазір Қытайдағы қандастар үшін виза аштырудың қиындағанын, визаның делдалдар арқылы ашық сатылып жатқанын айттық. 15 күннен соң қайта-қайта сұрап жүріп, хатымызға жауап алдық. Бірақ олар біздің айтқандарымызды жоққа шығарып, «виза ашып жатырмыз» деп жауап беріпті.
Визаның дәл бұлай ашық сатылуына Қытайдағы Қазақстан елшілігінің, сондай-ақ Үрімжідегі «ҚР СІМ Үрімжі қаласындағы паспорттық визалық қызметі» мекемесінің тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Себебі «виза аштырып береміз» деп жүрген делдалдар консул қызметкерлерімен жең ұшынан жалғаспаса қалай оны өз беттерінше істей алады. Іштен біреу бұл іске кіріспесе, сырттағы делдалдар қалай виза аштырып береді? Мысалы, іштегілер «ертеңгі виза кезегіне бәленбай орын бос» дейді. Сосын сырттағы делдалдар жұмыстарына кіріседі. Ашық жарнама жасайды, былайша айтқанда, «клиент» іздейді. Ақшаны бөліседі.
Қытайдағы қазақтардың атажұртына келуіне жасалып отырған бұл кедергіні жоюдың жолы – Қытайдағы елшіден тартып, қарапайым қызметкеріне дейін ауыстыру қажет. Себебі олар әбден тамырын тереңге жайып, орнығып алған. Осы мәселе айтыла басталса, аз уақыт визаны кедергісіз ашады да, абыр-сабыр басылған соң қайтадан виза сата бастайды. Сондықтан іштегі мәселені реттеу керек, сонда сырттағы делдалдар өз-өзінен жоғалады.
Үрімжідегі «ҚР СІМ Үрімжі қаласындағы паспорттық визалық қызметі» мекемесінде, қазір менің білуімше, екі-ақ дипломат жұмыс істейді. Өзге қызметкерлерді жалдап істетеді. Осы жалдап алған қызметкер де сырттағы делдалдармен жалғасып, виза сатып отырған болуы мүмкін.
Шынын айтқанда, визаның бұлай сатылуы қазақ көшіне үлкен кедергі келтіріп отыр. Қазір бір адамға визаны 3000 мың юаньға (шамамен 210 000 теңге) дейін ашып жатыр. Сонда бір отбасында бес адам виза аштырса, қанша ақша болады? Сосын Қазақстанға барамын деп виза аштырғалы келген қандасымыз визаның осыншалықты қымбатқа сатылып жатқанын көрсе: «Бармағаным Қазақстан болсын» деп, қолын бір-ақ сілтемей ме?! Сондықтан бұл мәселе тез арада оң шешімін табуы тиіс. Мұны шешудің жолы ең әуелі Үрімжідегі дипломаттардың санын арттыру қажет. Сосын күнделікті виза берілетін адамдардың санын көбейту қажет», – дейді Ғ.Үлкенбайұлы.
Біз бұл материалды дайындауда сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жіберуден бастағанымызды айтқанбыз. Алайда материал дайын болғанға дейін ешқандай жауап келмеді. Өткен жылы дәл осы визаның сатылу мәселесін сұрағанымызда «Паспорттық-визалық қызметі қызметкерлерінің электрондық кезек бойынша алаяқтық әрекеттер жасаушыларға және ақпараттық ресурстарға қатысы жоқ екендігін атап өтеміз» деп жауап беріп еді. Биыл не деп жал табар екен. Күтейік. Айтпақшы, былтыр министрлік «Сонымен қатар үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап Паспорттық-визалық қызметі қызметкерлерінің саны 3 бірлікке көбейді. Сондықтан қандастарымыздың құжаттарын қарастыру – әрі күнделікті қабылдау үдерісі өзгереді» деп еді. Үрдістің өзгермегені анық. Ал Ғ.Үлкенбайұлының сөзіне сенсек, қызметкерлердің саны да көбеймеген секілді. Анығы, Үрімжіде виза емін-еркін сатылып жатыр. Бұған қатысты Мұрат Нұртілеу мырза алдағы уақытта қандай да бір жауап беріп жатса, оны да жариялайтын боламыз.
Жақсылық Қазымұратұлы