Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Сатираның сыршыл шебері

Доқтырхан Тұрлыбек
Фото: ашық дереккөз

Жетпістің желкесіне мініп алып, жайраңдап, таяғына сүйеніп алып, сатира патшалығында сайрандап жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Түркі әлемі» студиясының Бас директоры, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Доқтырхан Тұрлыбекті атынан ат үркетін атақтары ылғи халықаралық болып келеді.

 

 Солай болатыны да түсінікті, өйткені ол сүйкеген сықағы сүйегіңе жететін, жазғаны жаныңды жадырататын сатирик-жазушы. Сатира ақсақалы екенін дәлелдейін: ол Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келе салып, қолына қалам ұстап, сатира жазып кеткен жоқ. Әуелі Доқтырхан көкеміз 1966 жылы Қаратау қаласында орта мектепті бітірген соң, «Қаратау құрылыс» тресінде тас қалаушының көмекшісі болып жүре бергенде, тастар туралы өлең жазып немесе тас туралы ғылыми еңбек жазып кетер ме еді. Жоқ, журналистиканың қара қазанында бұрқ-сарқ қайнап, сатираның сағызын шайнап жүріп-ақ «Түбі түскен шелек және сыпыртқы», «Сталиннің мүштігі», «Қазақы қалжыңдар», «Қалила қожаның хикаялары», «О, дүниеден келген өкіл» жинақтарын шығарып, ел танитын белгілі сықақшы-жазушы дәрежесіне көтерілді.

Доқтырхан Тұрлыбектің жарық көрген «Екі килә алма және сникерс» атты әзіл-сықақ әңгімелер жинағын оқып отырып, ойға қалдым.

Айтулы сатиралық жинақтың «Екі килә алма және сникерс» деп аталуында үлкен мән бар. Ащы мысқылмен жазылған сықақ әңгіме шағын болғанымен, қоғамдағы ауыр жүкті көтеріп тұр. Кеңес дәуірі кезінде мұрнын шүйіріп тұрған рубль тақтан түсіп, теңгеге ауыстырылғанда, 500 есе құнсызданып, миллиондаған салымшы жиған-тергенінен айырылып, жалаң аяқ қалды. Бүкіл елді дүрліктіріп, әп-сәтте қайыршыға айналдырған ақша реформасын автор сатираның үшкір найзасымен түйрейді. Өмір бойы мал баққан кемпір-шалдың еңбекпен тапқан 10 000 сомы тиын-тебенге айналып, немерелеріне алмақшы болған екі килә алма мен бір дана сникерске әрең жетеді.

Доқтырхан Тұрлыбек көлемі аз болса да, шымыр шыққан сықақ әңгімесін былайша түйіндейді: «...Әй, кемпір, бұл алпыс теңгеге керемет байып кетпеспіз. Немерелерімізге жейтін бірдеңе алайық, – деді шал жолшыбай кездескен базарға көзі түсіп.

– Өзің біл, пұл сенікі, – деді кемпірі жақтырмай.

– Балам, мына алманың бір киләсі қанша тұрады? – деді шал сатушыға жақындап.

– Жиырма теңге.

– Дұрыс, ал, мына кәмпитің ше?

– «Сникерсті» сұрап тұрсыз ғой шамасы. Бұл да жиырма теңге, – деді сатушы тақылдап.

– Олай болса, сұраған заттарды бере ғой, – деп қария жаңа ғана жинақ кассасынан алған Абайдың басы бар үш жиырма теңгелікті сатушыға ұсына береді».

Сатира – қоғам айнасы, күлкі қаруы. Әдебиеттегі бұл жанр – ең көне әрі ең өткір жанрларының бірі. Ол қоғамдағы әділетсіздікті, келеңсіздікті, тұрмыс пен мінездегі күлкілі қайшылықтарды әшкерелеу арқылы адамға ой салып, қоғамды түзетуге ұмтылатынын білеміз. Сатираның басты ерекшелігі – күлкі. Бірақ бұл күлкі жай ғана көңіл көтеру үшін емес, шындықты өткір тілмен жеткізу, кемшілікті ажуалау үшін қолданылады. Әлем әдебиетінде Эзоп мысалдары, Гогольдің «Ревизоры», Свифттің «Гулливердің саяхаттары» секілді туындылары – сатираның мәңгі өлмес үлгілері. Қазақ әдебиетінде де сатираның тамыры тереңде. Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағанбетов, Оспанхан Әубәкіров сынды қаламгерлер халықты күлдіре отырып, қоғамның олқы тұстарын өткір сынады. Сатира қоғам үшін «қорғаныс механизмі» іспетті. Осы тұрғыдан келсек, Доқтырхан Тұрлыбектің «Екі килә алма және сникерс» жинағы оқырманға ой салатын, эстетикалық тәрбие беретін, әлеуметтік қызмет атқаратын қозғаушы күш дер едім. Жоғарыда айттық, сатираның басты ерекшелігі – күлкі. «Болаттың тіркемесі» әзіл әңгімесінде күлкі тұнып тұр. Автор жазғандай, «саяси» сенімсіздікке ұшыраған Болаттың күні қараң болып, «тіркемесімен» жүруге мәжбүр болады, тіркемесі – әлі мектепке бара қоймаған кәдімгі кішкентай ұлы. Әйелі әдейі жетектетіп жібереді. Қыдырып келген соң «қайда бардыңдар?» деп баласын сұрақтың астына алады. Сөйтіп, автор күлкінің қымызын сапырады. Ал «Өлген жылым кейінірек жазылады» сықақ әңгіменің өзегі – кеудесіне нан пісіп, өзін «ғарыштан келген» ақын сезінетін дүбәралар. Автор ащы сарказммен қуырып алады. Қоңқабай Талақбаевтың бейшаралығы, мақтаншақтығы өмірде кездесіп қалатын жайт. Әңгіме былай аяқталады: «Жақында көзі тірісінде «классик» атанған Тайлақбаев фейсбугіндегі жеке парақшасына арнайы тапсырыспен жасаған портретін жариялап, туған жылын жазып, өлген жылы кейінірек жазылады деп қолын қойды».

Еріксіз жымиясың. Еріксіз ойланасың. Міне, сатираның құдіреті осында.

Бір байқағаным, Доқтырхан Тұрлыбек мақтамен бауыздаудың шебері. Юморы басым келетін «қисық» сөздерді жиі қолданып, оқырманын жалықтырмайды. Сатираларының тақырыптары да «менмұндалап» тұрады. Мысалы: «Қатырып жатырмыз», «Ойбай құрыдым!», «О дүниеден келген өкіл» сықақ әңгімелерін оқып отырып, тақырыптан ауытқымайтын шеберлігіне, сатиралық сөз саптауына, кейіпкерлерінің күлкілі оқиғаларына еріксіз жымимасқа болмайды. Доқаң өмірде болып тұратын қызықты оқиғалар мен дөп түскен әзіл-қалжыңдарды қалт жібермей, әрлеп, әсірелеп, қазақы қалжыңмен жазудың шебері десем, артық айтқандық емес. Кітаптың төртінші бөлімі «Әзілің жарасса» деп аталады. Өзіңіз сырттай танитын, немесе етене араласып жүрген қаламгерлер туралы «не жазды екен?» деп білгің келіп, дегбірсізденіп кететініміз, көңілді күй кешетініміз рас. Қаламгерлер қалжыңы, кейде олардың аңқаулығы жайында оқып отырып, еріксіз «езуімізді құлағымызға іліп қоятынымызды» байқамай қаламыз. «Көпен қалай бас редактор болды?» әзіліне күлмеске шараң жоқ. Жас сықақшының партияның аман-сау кезінде Мәскеуге бір айлық оқуға барғаны, орысшасы онша келіңкіремесе де, шүйіркелесе кететін детальдары жүрекке жылылық әкелетін юморлы диалогтармен өрнектелген. «Нет я не в комсомоле. Главный редактор республиканского журнала» деп өтірікті соғып жіберетіні, кейін грузин Вахтангтың Алматыға соғып, «Бас редакторды» іздегені, бұл тығырықтан шығу үшін «Білім және еңбек» журналының сол кездегі редакторы, өзінің тікелей бастығы, белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбайға барлық жағдайды түсіндіріп, қызметтік «Волгасын» сұрауы – комедияның шыңы. Сатирик Доқтырхан Тұрлыбек «Оспанхан мен Ибрагим» естелік әзілінде де осындай күлкілі жайларды әсерлі әзілмен жеткізе білді. «Әзілің жарасса» бөлімі ақын-жазушылардың қалжың қуырдағымен есте қалса, «Елден жиған-тергенім» бөлімінде ауыл-аймақтағы «жатыпатарлығымен» аты шыққан ел ағаларының, құрдастары мен достарының бастан кешкен қызықты оқиғаларын қызыға оқып, еріксіз жымиясың. Егер естеліктерді «Күлкі салатына» теңесек, оған юмор, қазақы қалжың сияқты «дәмдеуіштерді» көбірек «сепкені» байқалады. «Ағайынды екеуміз» бөлімінде бауыры Бектұрсын екеуінің бастан кешкен қызықты оқиғалары неміс жазушысы Эрих Распенің «Мюнхаузенің басынан кешкендерінен» кем емес. Ал автордың сатирасына қайта оралсақ, қазақ әдебиетінде әзіл-сықақтың өзіндік өрнегін қалыптастырып жүрген әріптес ағаның «Екі килә алма және сникерс» атты әңгімелер жинағы ауыл өмірін, жаңа заманның шала түсініктерін, әлеуметтік әділетсіздікті күлкі арқылы әшкерелеуге құрылған. Жинақтағы әр әңгіме оқырманды бір жағынан мәз-мейрам етіп күлдірсе, екінші жағынан, қоғамдағы ащы шындық ойландырмай қоймайды.

«Шарик-марик, әкім және мен» әңгімесі де оқырманын бейжай қалдырмайды. Ал «Пара» – қоғам дертіне күлкі. Бұл әңгімеде жазушы қазақ қоғамындағы тамыр-таныстық пен парақорлық мәселесін ащы мысқылмен аямай түйрейді. Шағын ғана оқиғада асфальт жасау зауытының бас директоры Арсызбай Жалмаңбайұлының бет-бейнесін ашып, әшкерелейді. Қытайдан келген қандасымыз Айдынды жұмысқа тұрғызу үшін одан пара алғаны күлкі шақыратын диалогтармен өрбіген, әрі ащы мысқыл арқылы әкесін танытып шыжғырады.

Қазақ сатирасында әр дәуірдің өз кейіпкері бар. Кеңестік кезеңде – «қызыл сөзді шенеунік», тоқсаныншы жылдары – «саудагер», ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, «новый қазақ» деген ерекше құбылыс пайда болды. Жазушы-сатирик Доқтырхан Тұрлыбек осы құбылысты ащы мысқылмен бейнелеп, «Новый қазақ» әңгімесінде күлкілі кейіпкер жасайды. Әңгімеде қарапайым көршісі аяқ астынан «новый қазаққа» айналады. Бұрынғы жұпыны тіршілігін ұмытып, қарызға белшесінен батса да, «Мерседес» сатып алған. Автор осы деталь арқылы жаңа қазақтардың психологиясын ашады: олар үшін бастысы – халыққа көрсететін жылтырлық, ал ішкі рухани байлық екінші кезекте қалады. «Новый қазақ» немістің үйін сатып алып, соны мақтаныш етеді. Шындығында, ол үйдің қымбат бағасы оған қажет емес, ең бастысы – «менің үйім өзгелерден бөлек» деген жалған пафос. Жазушы мұны кекесінмен сипаттап, «өз үйін емес, өзгеден қалғанды иемденген» бейнені ажуалайды.

Әңгімедегі ерекше күлкілі деталь – жаңа қазақ әйелінің жетектеп жүрген сабалақ иті. Әйелі итті серуендетіп жүрген жоқ, керісінше, «күйеуінің байлығының белгісін» ұстап келе жатқандай. Иттің өзі – сәнқойлықтың, жасанды «еуропалық өмір салтының» символы. Автор мұны өте шебер ирониямен берген: «әйелі итін емес, байлығын жетелеп жүргендей» әсер қалдырады. «Новый қазақ» бейнесі тек күлкі үшін емес, қоғамдағы әлеуметтік айырмашылықты, жасанды мәдениетті көрсетеді. Бір кезде ауылдағы көршісімен қатар жүрген қарапайым адам бір күнде «ақшалы» болып шыға келеді де, өзгелерді менсінбей қалады. Бірақ оның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, іс-әрекеті – бар байлығын әшкерелеп, жасанды екенін көрсетіп тұр.

Қорыта айтқанда, Доқтырхан Тұрлыбектің шығармалары жеңіл оқылады, бірақ жеңіл ойландырмайды. Оның әңгімелері – қарапайым оқырманның күлкісін тудырып, қоғамдағы мінді көрсететін айна десек қателеспейміз.

Мұхтар ШЕРІМ,

Халықаралық «Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты