Сатқалиев: Қазақстандағы АЭС құрылысы 2029 жылы басталуы мүмкін
Қазақстанда атом электр станциясының (АЭС) құрылыс жұмыстары 2029 жылы басталады.
Бұл туралы ҚР Атом энергиясы бойынша агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Сәтқалиевтің айтуынша, ресейлік «Росатом» компаниясы Қазақстан аумағында алдын ала техникалық жұмыстарды жоғары қарқынмен бастап кеткен.
"Шамамен 50 ұңғыма бұрғыланды,топырақтың сынамалары алынып, зертханалық талдау жүргізілді. 2 мыңнан астам нүктеде радионуклидтерге талдау жасалды. Гидрологиялық, гидротехникалық, инженерлік зерттеулер өтіп, жер бедеріне топографиялық зерттеу жасалды. Екі гидробекет орнатылды", - деп мәлімдеген Атом энергиясы агенттік төрағасы.
Агенттік төрағасы жобалық-іздестіру кезеңі құрылыс алдындағы негізгі жұмыстарды қамтып, 18 айға созылатынын айтады..
АЭС үшін кадр даярлау басталды
Сәтқалиевтің айтуынша, болашақ атом станциясында жұмыс істейтін кадрлық резервті дайындау да белсенді жүріп жатыр. Қытай Қазақстан үшін 200 грант бөлген. Жас мамандар Франция, Қытай, Ресей және Венгриядағы энергетикалық нысандарда тағылымдамадан өтпек.
«Қазір біз атом энергетикасында жұмыс істегісі келетін жас мамандардан өтініш жинап жатырмыз. Олар көрсетілген елдердегі атом нысандарында тәжірибеден өтіп, қажетті мамандық бойынша білім алады», – деді Сәтқалиев.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін елімізде үш атом электр станциясын салу қажет екенін мәлімдеген. Ол бұл жобалардың энергетикалық қауіпсіздік пен төмен көміртекті даму жолындағы стратегиялық маңызын атап өткен. Ал биыл маусымда Қазақстан үкіметі бірінші АЭС-ті салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің «Росатом» компаниясы болатынын айтқан. Екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады.
Дегенмен қоғамда АЭС салуға қатысты көптеген сын-пікір мен алаңдаушылық бар. Экологтар атом станциясы Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Саясаттанушылар мен белсенділер, әсіресе, Ресеймен энергетикалық тәуелділік мәселесін көтеріп отыр. Атап айтқанда, «Росатом» жобасына қатысу Қазақстанды геосаяси және энергетикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелді етіп қоюы мүмкін деген қауіп айтылады.