Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:48, 04 Маусым 2024

Сәтқалиевтің саясаты – Қожанасырдың саудасы

Сәтқалиев
Фото: Жас Алаш коллаж

Еліміздің энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев алғаш тағайындалған күннен бастап жел, күн, гидроэнергетиканы дамыту, заманауи технологияны жетілдіру туралы баяндама оқудан әсте жалыққан емес.

Сәтқалиев былтыр тіпті «Қазақстан Еуропа елдеріне электр энергиясын экспорттауы мүмкін» деп те мәлімдеген. Министрдің сөзінше, болашақта генерациялық әлеуетіміз дамиды, Каспий түбіне терең су кабелін төсеу жобасы бізге Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік бермек.

Осылайша, Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның энергетикалық саудасын Еуропа арқылы қыздыруды жоспарлап жүр. Алайда министр ішкі нарықтағы энергетика саласының ентігіп тұрғанын ұмытып кете беретін тәрізді. Мәселен, қазір елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді, станциялардағы жабдықтардың тозуы 56 пайызды құрайды. Қазақстанда 6 ГВт-тан астам электр қуатының тапшылығы бар. Біз сол тапшылықты Ресей арқылы толықтырамыз. Қазақстан бүгінде Ресейдің экспортқа шығаратын электр энергиясының тең жартысын сатып алып отыр. Ресей биылғы бірінші тоқсанда жалпы көлемі 2,065 млрд КВт/сағ қуат экспорттаса, соның 977,2 млн КВт/сағ қуатын біз сатып алыппыз. Сонда өзіміз электр қуатына жарымай отырып, қалай Еуропа нарығына қуат экспорттағымыз келіп жүр?!

Ең қызығы, Қазақстан Ресейге 1 КВт/сағ электр энергиясын арзан бағаға 6,44 теңгеге сатады да, ал өзі 1 КВт/сағ электр энергиясын 19 теңгеден қымбат бағаға сатып алады. Тура бір Қожанасырдың базардан жұмыртқаны 10 теңгеге сатып алып, оны бес теңгеден арзанға сатқаны тәрізді. Салыстыруға келмесе де амалсыз, осы бір мысал еске түсіп, еріксіз сұрақтарға жауап іздей бастайсың.

Ал енді неліктен мұндай саудаға жол беріп отырмыз?! Көрші елге электр қуатын арзанға сатып, оны өзіміз неге үш есе қымбат бағамен сатып аламыз?!

«Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы KEGOC АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың сөзіне сүйенсек, екі ел арасында жасалған келісімде мұның себептері нақты көрсетілген. Ол келісім бойынша Қазақстан Ресейден электр энергиясын кеншілер үшін және тапшылықты жабу үшін сатып алады. Сату көрсеткіші бойынша былтыр Ресейден кеншілер 1 млрд 48 млн КВт/сағ, ал бірыңғай сатып алушы 1 млрд 778 млн КВт/сағ қуат импорттаған. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық ағындар бойынша Ресейге 1 млрд 329 млн КВт/сағ электр қуатын сатқан. Нәби Айтжановтың түсіндіруінше, Ресейде теңгерімді нарық жұмыс істейді. Энергия құны сағат бойынша бөлінеді. Ең жоғарғы тарифі қымбат уақыт – таңертең және кешке. Біз қуатты сатып алғанда осы ең жоғарғы сағаттарда, қымбат бағамен сатып аламыз. Ал өзіміз сатқан кезде түнде пайда болатын профицитті (артықшылықты) ұсынамыз. «Ресейге қажеттілік жоқ, олар үшін сұранысқа ие емес. Бірақ біз электр энергиясын оларға өзара әрекеттесу шарты бойынша өткізгіміз келеді», – дейді KEGOC басшысы.

Сәтқалиевтің сөзі де Айтжановтың уәжі іспеттес. Министрдің айтуынша, Ресейден сатып алынған электр энергиясы екі сегментке бөлінеді: жоспар бойынша сатып алынатын және жоспардан тыс шұғыл сатып алынатын электр энергиясы. Екінші жағдайда баға айтарлықтай жоғары. Түнгі уақытта арзан, ал ең көп тұтынатын сағаттарда тиісінше қымбатырақ. Сондай-ақ министр Қазақстан мен Ресей шекарасында электр энергиясын тұтыну бойынша ауытқулар барын атап өтті.

«Бұл ауытқулар да жоғары бағамен келеді. Ауытқулар Қазақстандағы кәсіпкерлік субъектілерінің жүктеме кестесін дұрыс жоспарламауынан туындайды. Бұл KEGOC жүйелік оператор есебінен реттеліп отырады».

Біз қарапайым мамандардың өзін оқыта алмай отырмыз

Бұл салада бұдан басқа да бірнеше өзекті мәселелер бар. Сол себепті бізді қуат тапшылығы да, оның қымбатшылығы да қыспаққа алып отыр. Оның біріншісі: Қазақстанға нақ қазір энергетика саласын дамытудың сауатты стратегиясы қажет. Саладағы маман тапшылығы, энергетикалық нысандар мен инфрақұрылымдардың жеткіліксіздігі, энергия өндіруші ұйымдардың әртүрлі тарифтеріне байланысты энергия жүйесіндегі теңгерімсіздік және саланы тиімді басқара алмау бұл саланы әбден деміктірді.

Энергетик маман Қайырбек Терлікбаевтың сөзіне сүйенсек, негізінде, Қазақстанның электр қуатын өндіретін әлеуеті расымен де жоғары. Бірақ біздегі қуат өндіретін станциялардың дамуы кенжелеп қалған. Оларды дамыту үшін ең алдымен білікті мамандар қажет.

«Қазір энергетиктерді, инженерлерді оқыту барысында негізгі пәндердің саны қысқарып кеткен. Бұрын бірнеше жылда даярланатын энергетиктер мен инженерлерді қазір төрт жылда даярлап жүрміз. Кезінде мұндай мамандарды техникумдардың өзінде төрт жыл оқытатын. Қазір ЖОО-да төрт жыл оқиды да, соның тек соңғы екі жылында ғана мамандықтың кіріспесін оқытып қоя береді. Мұнымен сауатты мамандар қалыптаспайды. Бұл мамандықты оқыту бағдарламалары адамға түсінікті тілмен жазылуы керек. Кейбір оқулықтар орыс тілінен тікелей аударылғандықтан студенттер бағдарламадағы сөздерді түсінбей әлек болады. Мәселен, бекітілген бағдарламада «трансформатордың бос жүрісі» деген сөз бар. Трансформаторда бос жүріс болмайды. Жүретіндей оның аяғы жоқ. Бос жатқан «тогы» деген сөзді бағдарламаға осылай енгізіп жіберген. Бұдан басқа да бірнеше мысалдарды келтіруге болады. Сондықтан бізге жас мамандарды оқыту жүйесін сауатты ету керек. Қуат өндіретін станцияларға сауатсыз мамандарды жіберудің соңы үлкен апатқа апарып соқтырады. Трансформатордың бос жатқан тогын ажырата алмайтын маманды қалай станцияға қуат өндіруге жібересің?!», – дейді Қ.Терлікбаев.

Қазір ірі мегаполистерде халық бірнеше сағаттап жарықсыз қалып жатады. Тіпті Астана, Алматы қалаларының өзінде, қалаға таяу шет аудандарда да бұл үйреншікті жағдайға айналған. Мұның барлығы қуат тапшылығын одан әрі тереңдететін қадамдар.

«Бұл салада әртүрлі мамандар жұмыс істейді. Біреуі желіні жөндеумен айналысса, екіншісі қосуға жауапты, енді бірі жалпы желідегі жұмысты қадағалап отырады. Бізде энергетикадағы қауіпсіздікпен, қорғаныспен айналысатын маман тапшы. Бұл маманның міндеті электрлік қондырғыларды қорғайтын жүйе құру. Мұндай мамандар сауатты жұмыс атқарғанда, қысқа тұйықталу болған кезде апат болған тізбектегі электр желісі өздігінен істен шығып, қалғандары істеп тұра беруі керек. Қазір бізде ондай жоқ. Бір жерде қысқа тұйықталу болса, бүкіл қаланың немесе бүтін бір ауылдың жарығы өшеді. Былтыр Астана халқы бірнеше сағат жарықсыз қалды. Міне, бұл осы салада қауіпсіздікпен айналысатын мамандардың тапшы екенінің айқын көрінісі. Мұндай мамандарды Ресейде арнайы оқытады. Бізде мүлдем оқытылмайды. Ол маман иелерін энергетика тілінде «релейщик» дейді. Біз қарапайым ғана осы мамандарды оқыта алмай отырмыз.

Бұдан бөлек, бізде тізбектен электр энергиясын ұрлау, станциялардың өндірген электр энергиясын орта жолдан сатып алып тарату, оларды одан әрі тұтынушыларға тарататын делдал компаниялар көп. Мұның бәрі қуатты үнемдейтін емес, ысырап ететін тәсілдер. Біздегі қуат өндіретін, сататын осы компаниялардың тарифтері де әртүрлі. Қала халқы бөлек, ауыл халқы мүлде бөлек, қалаға жақын шет аудандардың жұртшылығы басқаша тарифтермен электр энергиясының құнын төлейді. Айналып келгенде делдал компаниялар халықтың есебінен ауадан ақша жасап отыр. Ортақ тарифтің жоқтығы, оны атқарушы биліктің қуат өндіретін компаниялардан талап ете алмауы, заңның солқылдақтығы энергияның орынсыз жұмсалуына апарып соқтырды да, тапшылық пен қымбатшылық туындады. Мұның соңында халық ұтылды», – дейді энергетик.

Қолдағы станцияларды жарыта алмай отырып күнге қол созамыз

Рас, қазір осы салада жүрген қуат өндіретін компаниялардың барлығы капиталист болып алған. Энергетика министрлігіне болашақта осы «дертпен» күресуге тура келеді. Бұл салада делдал компаниялардың көптігі энергетиканы еш дамытпайды. Бұл үрдіс тек белгілі біреулердің жекелеп баюына ғана ықпал етпек. Мұндай компаниялар «энергетика саласында үздік ойыншыға айналамын, елге осы салаға байланысты озық техникалар әкелемін, жоғары жабдықталған қуат орталығын саламын немесе электр энергиясына қажетті түрлі жабдықтар шығаруды қолға аламын» деген жоспар құрса бір жөн. Керісінше, бізде бұл нарықта жүрген компаниялардың шикілігі соңғы үш жылда нақты көрініс беріп жатыр. Мәселен, 2022 жылы Қазақстан аумағының 46,3 пайызын электр энергиясымен, 43,4 пайызын көмірмен қамтамасыз ететін Екібастұз ЖЭО-сы істен шықты. Аймақта төтенше жағдай жарияланды. Артынша, бұл ЖЭО-ны бақылайтын олигарх Александр Клебанов үкіметке «керек болса жылу орталығын 1 теңгеге сатып кетемін» деп мәлімдеді. Міне, бұл мысал да Қазақстанның энергетика саласын иемденген олигархтардың осы уақытқа дейін аталмыш салаға жетістіріп инвестиция салмағанын айқындайды.

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтің сөзінше, 30 жыл бойы бұл салада желілерді толық жаңарту, заманауи технологиялармен жабдықтау болған жоқ. Саланы нашар менеджерлер басқарды, нашар технологиямен жабдықталды, инвесторлар өз мүдделерін ғана ойлады.

«Бұл салаға келген инвестор өзінің пайдасын ғана ойлады. Енді келіп дүрмекке ілесіп, жасыл энергетика, күн мен желден энергия алу жайында айтамыз, оған да шетелдіктерді инвестор қылғымыз келеді. Біз осы уақытқа дейін дәстүрлі станциялардың жұмысын жолға қоя алмадық. Сонда жасыл энергетиканы, күн мен желден энергия алуды қалай қолға аламыз?! Бұл ретте мамандарымыз ол технологиялардың тілін біле ме?! Қаншалықты сауаттымыз?! Бізге қойылатын жел генераторлары қатты дауылдарға шыдай ала ма?! Егер күн мен жел станцияларына қажетті жабдықтарды өзімізде шығарсақ, онда оның пайдасы шаш-етектен болар еді. Бірақ бізде ол жабдықтардың бірі де өндірілмейді. Барлығын сырттан тасимыз. Ал ол қып-қызыл шығын. Күннен энергия алатын қондырғылар арзан тұрмайды. Оның барлығын қарызданып, шетелден алдыр­амыз, сөйтіп, тағы бір инвесторды байытамыз, өзіміз қарызға батып қала береміз. Пайдасын олигархтар көреді. Бұл жобалар қысқа мерзімде бітетін шаруа емес, бұған да қыруар қаржы керек.

Сондықтан өзімізде бар дәс­түрлі жылу электр станцияларын, энергия өндіретін станцияларды жаңғырту керек. Атқарушы билік «үкімет-ғылым-бизнес» бағытын ұстануы тиіс. Әрбір бастаманың ғылыми негізі дәлелденіп, зерттеліп, тиімділігіне көз жеткізіп барып жүзеге асқаны абзал. Өкінішке қарай, мұндай ұсыныстарды естір құлақ жоқ. Егер осы уақытқа дейін энергетика саласына инвесторлар салған қаражат өзін-өзі ақтаған болса, үкімет былтырдан бері «Инвестиция орнына тариф» саясатын ұстанбас еді. Энергетика министрлігі мұны реформа деп енгізе қойды да, тарифті қымбаттату есебінен электр желілерін, ЖЭО жаңартамыз деп ақталды. Ал негізінде бізде тарифтердің бағасы жылда қымбаттайды. Мұны халықтың есебінен күн көру дейміз. Егер инвесторлар нақты жоспармен мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеген болса, мұндай саясатты ұстанбас едік. Салаға басты инвестор мемлекеттің өзі болуы тиіс. Энергетика саласын тарифті көтермей-ақ, мемлекет өзі қомақты инвестиция құю арқылы дамыту қажет», – дейді ғалым.

Қазір ешқандай орган да, ұйым да аталмыш саладағы ахуалды нақты қадағалап, тарифтен түскен қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын бақылап отырған жоқ. Энергетика министрлігі сол қуат өндіретін компаниялардың өзінен алынған статистикаға сүйенеді. Ал олар дұрыс ақпарат бере ме, ол жағы тағы беймәлім. Сондықтан бұл саланы бақылаушы орган құру керек. «Ол үшін қазіргі энергетика министрлігін екіге бөліп, электроэнергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы министрлігін құру қажет. Сонда тарифтен түскен қаржыға нақты не істеліп жатқаны белгілі болып отырады».

Бірақ бас-басына министрлік құра беруден шаруа дөңгелене ме?! Бұл әрекет тағы да сол, «нашар менеджерлердің» санын көбейтіп жүрмей ме?! Қалай десек те қазір энергетика саласына серпіліс керек екені сезіліп тұр. Ал мұны кезінде ТМД-ның «Еңбек сіңірген энергетигі» атанған министр Алмасадам Сәтқалиев сезініп жүр ме екен?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ