Сәтқалиев Қазақстан мұнайын құтқарып қала ала ма?

Қазақстанның басына бір қара бұлт үйіріле бастағаны белгілі болды. Әрине, Қазақстанды шауып аламын деген жау жоқ.
Бірақ шешімі күрделі дау күтіп тұрғаны белгілі. Ол Каспий мұнай концорциумы терминалының қауіпсіздігіне байланысты.
Мәселе КМК-ның мұнай құятын терминалдары Ресейдің Қара теңіз жағасында орын тепкен Новороссийск қаласында орналасқан. Қазір сол портқа Украина тарапы соққы жасауда. Өйткені Ресейдің сол жерде Қара теңіз флоты қоныс тепкен. Сол тұстан ресейлік әскери кемелер қанатты зымырандармен Украинаны атқылауда. Ал қарымта соққы ретінде Киев кемелер орналасқан портты дрондар арқылы бомбалауға көшті. Бұл енді сол жерде тұрған мұнай терминалдарына да төнген қатер. Шалыс жасалған бір соққы мұнай терминалдарының күлін көкке ұшырары анық. Онда Қазақстан мұнайының күні қараң дей беруге болады. Неге?
Мәселе мынада, Қазақстанның «Қашаған», «Теңіз» және «Қарашығанақ» кеніштерінде өндірілген мұнайдың 80 пайызы сол КМҚ арқылы Новороссийск портындағы мұнай терминалдарына құйылады. Одан әрі танкерлерге тиеліп, Еуропа асады. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 60 пайызы осы құбыр арқылы тасымалданады деуге болады. Оның үстіне Қазақстан бюджетінің 75 пайызы осы мұнайдан түскен қаржыдан құралатынын ескерсек, Новороссийскідегі терминал істен шықса, еліміз үшін үлкен зиян екенін бағамдай беруге болады. Мұның алдына осы терминалдарда бірнеше рет іркіліс болып, Қазақстан тарапы жүздеген миллион доллардан қағылып қалған.
Осыдан бірер күн бұрын Украина жағы портқа тағы да соққы жасаған соң, Қазақстан тарапы қарап отыра алмады. Үкіметбасы КМҚ директорымен кездесті. Ал Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Новороссийск портының қауіпсіздігі мәселесін саяси деңгейде көтеретінін айтты. Жөн-ақ. Бірақ тәуелсіздік алғалы көп тармақты саясат ұстанып келген Қазақстан мұнай тасымалында да неге көп тармақты құбыр құрылысын жүргізбеген? Түсініксіз? Енді келіп бастарына тигенде ғана, тал қармаудың қамына көшті. «Қазақстан өз мұнайын экспортқа шығару жолдарын диверсификациялауға кірісті. Баку-Жейхан бағыты бойынша келісім жасалды. Баку-Супса мұнай құбыры бойынша, «Дружба» мұнай құбыры бойынша да келіссөз өтіп жатыр», – дейді Сәтқалиев.
Рас, біраздан бері Қазақстан Каспийдегі танкерлер арқылы Әзербайжанға мұнайын тасымалдауға көшкен. Одан ары Баку – Тблиси – Жейхан құбырымен Түркияға, Еуропаға экспортталады. Бірақ танкерлердің мүмкіндігі шектеулі. Жылына ары кеткенде 10 миллион тоннаға жетер-жетпес көмірсутегі отынын тасымалдай алады. Ал КМҚ-ның мұнай өткізу қабілеті жылына 67 миллион тонна. Осының өзі-ақ КМҚ-ның Қазақстан үшін орны бөлек екенін көрсетіп тұр. Демек, ресми Астананың өре түрегелетіндей жайы бар. Бірақ наразылық нотаны кімге жібереді? Кімге сұқ саусағын безеп, сес көрсетеді? Мәселе осында. Украина дейін десек, олар өз жерін қорғап, соғысып жатыр. Новороссийскідегі портты атқыласа, ол жерде Ресейдің әскери кемелері тұр. Сол кемелер зымырандармен Украин қалаларын атқылауда. Мыңдаған адам ажал құшуда. Инфрақұрылымдар, стратегиялық нысандар қиратылуда. Осы кемелердің үнін өшіру үшін украиндар амалсыз портқа соққы жасауға көшті. Украина президенті Зеленский «Ресейдің Қара теңіз флотының бірде-бір кемелерін сау қалдырмаймыз. Жалпы, Ресей порттарына кіріп-шығатын су жолындағы барлық кемелер біздің заңды нысанамыз» деп, қаһарын төге сөйлеуі тегін емес. Демек, Қырым түбегіндегі көзге түскен барлық кеме-баржа-танкерлер украин жағының нысанасына айналмақ. Тіпті осыдан біраз күн бұрын Новороссийск портына таяу тұрған Ресейдің ең ірі «Сиг» мұнай танкері дрондардың соққысына ұшарады. Демек, порттан Қазақстан мұнайын тиеп шыққан танкерлер де украин тарапының шабуылына тап болуы әбден мүмкін.
Осы орайда Түркия президенті Ердоған «Ресей Украина жанжалы Қара теңіз бассейнін қамтуы, бұл деген осы өңірдің барлығына төнген қауіп» деп баға беруі жай айтыла салған сөз емес. Демек, құрлықтағы жанжал енді теңізді де шарпи бастады деген сөз. Яғни бұл Қазақстанның мұнай тасымалдауына үлкен кедергі болмақ. Осы орайда ресми Астана кімге арыз айтпақ? Кімнің әрекетін дұрыс, кімдікін бұрыс деп айыптамақ? Әрине, Украина тарапы өз жерін басқыншыдан азат ету үшін күресіп жатыр. Оған «бұл қалай?» деп ешкім дау айта алмас. Ал басқыншылық әрекетке барып отырған Ресейге қарсы Астана «соғысты тоқтат. Әскеріңді украин жерінен шығар» деп айта ала ма? Соғыстың жүріп жатқанына бір жарым жылдан асты… Енді келіп, Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің «Новороссийск портының қауіпсіздігі мәселесін саяси деңгейге көтеріміз» дегені не сөз? Порттың қауіпсіздігі соғыстың тоқтауына байланысты. Ал соғысты ашып отырған Ресей емес пе? Сәтқалиевті Кремль қожайынына қарсы доқ көрсетіп, бірдеңе айта қояды деу ақылға сыймайды.
Украина жағына келетін болсақ, олар Қара теңіздегі үстемдікті қолға алуға тырысып жатыр. Теңіздегі барлық кемелерді атқылап, Ресей портын құрсауға алмақ. Ресей Қара теңіз арқылы жылына 100 миллиард доллар болатын жүк тасымалдайтынын есепке алсақ, сол көл-көсір пайдадан көп ұзамай Мәскеу қағылып қалмақ. Онсыз да соғыстан әбден титықтап қалған Ресей экономикасына бұл үлкен соққы болып тимек. Новороссийск порты құрсауда қалса, Қазақстан да орны толмас шығынға батары қазірдің өзінде белгілі болып қалды...