Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:21, 30 Қаңтар 2024

Саттық. Санынан жаңылдық. Ұмыттық

бала сату
Фото: из открытых источников

Сөз жүзінде «жетімін жылатпаған қазақпыз», ал іс жүзінде шетелге бала беру көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұрған елміз. Қандай қарама-қайшылық! Бұл ойдан шығылған дерек емес, 1999 жылдан бері шетелдіктер Қазақстаннан 10 мыңға жуық бала асырап алған. Оның көбі мұхит асып, Америкаға кетіпті. Одан бөлек Испания, Германия, Франция, Бельгия сынды Еуропа елдерінде де қаракөздеріміз қаптап жүр.

«Балаларды қорғау және шетелдіктердің бала асырап алуын қолдау туралы Гаага конвенциясы» деген халықаралық құжат бар. Ол бойынша бала «жетімдер үйінде» емес, отбасы қамқорлығында өсуі керек. Ата-анасынан айырылған баланы ең алдымен өз еліндегі азаматтар асырап алуы қажет, егер өз елінен мұндай мүмкіндік табылмаса, бала шетел асуға мәжбүр болады.

Бірақ біздің елде бұл талап сақталмайтын сияқты. Бөтеннің баласын бауырына басуға ынталы қазақстандықтар көп болса да, шетелдіктер олардың алдын орап кететін жағдайлар кездеседі. Өйткені шетелдіктер Қазақстаннан бала асырап алғаны үшін орташа есеппен 30-40 мың доллар төлейді деген ақпарат бар. Әрине, бұл ақшаны тікелей мемлекет алып, бала сатпайды. Бірақ шетелге бала беруді ұйымдастыратын агенттіктер заңды белден басуы мүмкін.

Қанша бала шетел асты?

Гаага конвенциясына қосылған елдер балалар үйін жауып, сәбилерге баспана тауып беруге міндетті. Ел билігі осыны желеу етіп, 1999 жылдан бастап шетелге оңды-солды бала «таратқан» көрінеді. 1999 жылдан 2012 жылға дейін 8 837 бала шетел асыпты. Туған топырағынан тамыр үзген сәбилер саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені оң-солын ойламайтын қазақ билігі әу баста шетелге бала беру ісіне бейжай қараған. Бұған ғасыр басында отандық БАҚ-та шыққан ақпараттар куә.

Қазақстан үкіметі «Бала асырап алу жөніндегі Гаага конвенциясы» аясында жұмыс істеп жатырмыз дегенімен, оған қосылу және оны ратификациялау туралы заң 2010 жылы ғана мақұлданды. Заң жобасы мәжіліске 2006 жылы сәуірде түскен. Жоба мәжілісмендердің тартпасында 4 жыл жатты. Осы заң қабылданып, «Неке және отбасы туралы» кодекске өзгеріс енген соң ғана шетелге ағылған балалар көшіне тосқауыл қойылды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2013-2019 жылдары шетел азаматтары елімізден 157 бала асырап алды. Ал кейінгі 4 жылда 1 бала ғана шекара асты. Басқаша айтқанда, конвенцияға қол қойғанға дейінгі 10 жылда шетелге кеткен балалар құжат шыққаннан кейінгі 10 жылмен салыстырғанда 50 есе көп. Осыдан-ақ қаракөздеріміздің жаппай шетел асуына заңның әлсіздігі себеп болғанын аңғарамыз.

Мұны сол кездегі депутаттар да байқап, дабыл қаққан. «Жас Қазақ үні» газетінің 2002 жылы 28 маусымдағы санында мәжілісмен Амангелді Айталының «Шетелге бала беруге мораторий жариялаған жөн» деген үндеуі шығыпты. Онда: «Халық саны әлемде ең көп Қытайда ондаған миллион жетім бар. Қытайдан бала асырап алу тәртібі өте қиын, болашақ ата-ана ол елге бірнеше мәрте барып жүріп, баланы әрең алады. Ал Армения сәбилерін армяндарға ғана асырауға береді. Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты елдер бала асырап алу тәртібін қиындатып, іс жүзінде шетел азаматы ала алмайтын деңгейге жеткізген. Көптеген мемлекет болашақ ата-ананың тілі, діні мен ұлтына ерекше мән береді. Шетелге бала беруге түрлі шектеулер қойған елдер де бар. Қазақстанның 2 мыңға жуық сәбиі 15 елде өсіп жатыр. Еліміздегі демографиялық жағдайды ескере отырып, жетімдікті болдырмау, ананы, баланы қорғау мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдайтын мезгіл туған тәрізді», – дейді.

Рогов көбейтіп, Ыдырысов азайтып көрсеткен

Ел үкіметі шетел асқан балаларды бақылаудан шығарып алғанын дәлелдейтін дәйек көп. Мысалы, әу баста шетелге кеткен балалар мәселесімен әділет министрлігі, білім және ғылым министрлігі, сыртқы істер министрлігі айналысқан. 2001 жылы парламент отырысына үш министрлік үш түрлі дерек әкеліп, масқара болғаны бар. Әділет министрлігі – 1 261, білім және ғылым министрлігі – 977, сыртқы істер министрлігі 736 баланы шетелдіктер асырап алған деп мәлімдеді. Сөзден сүрінгенін кеш түсінген үш министр Игорь Рогов, Нұралы Бектұрғанов, Ерлан Ыдырысов «ақылдаса» отырып, 1999-2001 жылдары 1 797 бала шетел асты деген ортақ «мәмілеге» келді.

Көп жағдайда үкімет таратқан статистика бірізді емес. Осы күнге дейін 8 964 бала шетел асты деген ресми ақпарат та сенімді болмауы мүмкін. Өйткені билік шетелге бала беру 1999 жылы басталғанын айтып жүр. Бірақ өзге елдегі өрендерімізді түгендеп, «Шетелдегі қазақ балалары» атты тележоба жасаған журналист Жанар Байсемізова Испанияға тоқсаныншы жылдардың басында барған қызбен жолыққанын айтып жүр. Ол Еуропаға жеке қорлардың көмегімен Ресей арқылы барыпты. Ел арасында экс-президенттің жұбайы Сара Назарбаева жетекшілік ететін «Бөбек қорының» шетелге бала жіберуге қатысы бар деген ақпарат тарап жүр. Демек, өткен отыз жылда өз елінен жыраққа кеткен жаутаңкөздер ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Мемлекет шетелдегі балаларға қорған бола алмады

Билік шетелге кеткен балалардың санын ғана емес, олар өзге елде қалай өмір сүріп жатқанын да білмейді. Заң бойынша, шетелдік асырап алған бала 18 жасқа дейін Қазақстан азаматтығын сақтап қалады. Демек оған дейін баланың амандығына Қазақстан да жауапты. Біздің үкімет әрдайым сырттағы сәбидің жағдайынан хабар алып, асырап алған ата-ананың жауапкершілігін қузап отыруы қажет. Бірақ бұл біздің үкіметтің қолынан келген жоқ. Тіпті ғасыр басында-ақ есептен жаңыла бастаған.

2006 жылы Ресей мен АҚШ-тың құқық қорғау органдары бірге тексеріс жүргізіп, қайырымдылық қорларының атын жамылып, бала сатумен айналысқан қылмыстық топты анықтады. Мысалы, 20 жылда АҚШ-та 19 ресейлік бала қаза тауыпты. Бұл қатарда біз де бармыз. Белгілі деректерге сүйенсек, екі баламыз оққа ұшып, бір бала өзіне қол жұмсаған. Тағы екі қазақстандық балаға асырап алған ата-анасы азғындық жасағаны белгілі болды. 2014 жылы бас прокуратура шетке кеткен 673 баланың тағдыры беймәлім екенін хабарлады.

Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі өкілі Зағипа Балиева шетелге бала беру түбі жақсы іс емес екенін айтқан. «Біздің жұмысымызда назардан тыс қалған тұстар көп. Білім және ғылым министрлігі мен сыртқы істер министрлігінің жұмысына айтылар сын аз емес. Нәтижесінде, бір штатта бағып алған екі баламызды бірдей өлтірді. Тағы бір отбасы екі азаматымызды ұзақ уақыт зорлап келген. Қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отырмыз, қайда қарап отырмыз?» – деп күйінген еді Зағипа Балиева. Сол кездегі мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметов: «700 бала із-түссіз кетті деген жүрекке ауыр салмақ салып жатыр. Қазақ тышқақ лағы кетсе де іздейді, ол қалай дегенде де біздің ұрпағымыз ғой», – деп дабыл қақты.

Өзге ел азаматтарына берілген балаларды қорғау үшін еліміз халықаралық Гаага конвенциясына қол қойды. Бірақ бұл заңды қабылдау оңай болған жоқ, екі рет мәжіліс босағасынан қайтқан. Соңғы рет, 2010 жылы қаңтарда мәжілісмендер алдына заң жобасын сол кездегі білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев алып кірді. Түймебаевты тыңдаған депутаттар өре түрегеліп, жобаға қарсылық танытқаны бар. Серік Қонақбаев атып тұрып, «Қазақстанда балаларды шетелге жіберумен айналысатын қанша агенттік бар, министрлік оларды қалай бақылайды», – деп сұрады. Түймебаев «агенттіктер санын білмеймін» деп шынын айтты. Осы тұста сөзге мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов араласып, министрді құтқарып қалды. «Конвенцияға қосылу ертеңнен бастап бүкіл баланы таратып жіберу деген сөз емес. Егер шетелге бала жібермейік десеңдер, өздеріңіз асырап алыңыздар», – деп «жекіген» спикерден сескенді ме, талқы кезінде жаға жыртысқан 98 депутаттың 97-сі жобаны қолдап дауыс берді, біреуі қалыс қалды.

Мәжілісте 4 жыл жатып, Түймебаевты терлетіп жүріп қабылданған заң пайдасыз болды демейміз. Соның арқасында шетелге бала беру тәртібі қатаңдап, талап күшейді. Бұл қызмет тек аккредитациядан өткен агенттіктер арқылы жүзеге асатын болды. Бірақ қазақ билігі қашан мінсіз жұмыс істеген? Үкімет талапты күшейттік, 10 жылда шетелге 158 ғана бала кетті деп арқаны кеңге салып отырғанда астыртын сауданың көрігі қызған сияқты. Заңсыздықты заңды жолмен істейтіндер пайда болған. Мысалы, баласын сатқысы келген ана «алушыны» алдын ала табады, сәбиі дүние есігін ашқан кезде құжаттағы «әкесі» деген тұсқа баланы алатын адамның атын жазады. Сосын баласынан бас тартады, заң бойынша бала «әкесіне» өтеді.

Үкімет әу баста шетелге ата-анасы және туыстары жоқ, ауру-сырқауы бар балаларды береміз деп уәде еткен. Бірақ бұл талап сақталмағаны анық көрініп отыр. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы шекара асқан өрендеріміздің көбі денсаулығында мін жоқ жеткіншектер екенін көрсетті. Тіпті кейбірінің туған анасы табылып жатыр. Жақында Бельгиядан Эдди Жан Савельев (Жәнібек) есімді бала Қазақстанға туған анасын іздеп келді. Журналист Қымбат Досжан Жәнібектің анасы болуы мүмкін әйел табылғанын хабарлады. Оның айтуынша, Жәнібекті шетелге беру кезінде көптеген заң бұзу әрекеті болған.

Африкаға бала сатқан Қазақстан

Шетел асқан 9 мыңға жуық бала әлемнің 30 елінде тұрып жатыр. Басым көбі АҚШ-та (6 406), бұдан бөлек Испанияда – 600, Бельгияда – 343, Германияда – 173, Канадада – 167, Ирландияда – 140, Францияда – 131 Қазақстан тумасы жүр. Оның – 3 752-сі қазақ, 4 057-сі орыс баласы, өзге ұлт өкілдері – 360.

Ресми дерек осылай дейді. Билік балаларды дамыған Еуропа елдері мен АҚШ-қа ғана жібердік деп мәз болып жүр. Бірақ Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге де бала бергеніміз белгілі болды. 2014 жылы бас прокуратура 1-департаментінің прокуроры Дулат Омар «Консулдық есепте Африка елдерінде 36 бала, 34-і Оңтүстік Африка республикасында деген ақпарат бар» деп мәлімдеген. Ал жақында сенатор Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалында «Шетелдегі кәмелетке толмаған 3 588 бала туралы ақпарат бар. Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы
104, Бельгиядағы 113 баланың тағдырын білмейміз» деді. Кейін сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл ақпаратты жоққа шығарып, «Африкаға бала берген жоқпыз» деп шыр-пыр болды. Бірақ ол бұл мәселе кеше ғана емес, 2014 жылдан бері айтылып жүргенін естен шығарып алған сияқты.

Шетелге бала беру жайлы БАҚ не жазды?

Беті сарғайған ескі газеттерді оқып отырып, «ғасыр басында ел билігі шетелге бала беруге мүдделі болған ба» деген ой келді. Баспасөзден осы мәселе туралы сыни ақпаратты көп таба алмадық. Керісінше, шетелге бала беруді жағымды жағынан жазуға тырысқан жазбалар бар екен. Мысалы, «Заң» газетінің 2007 жылы 21 маусымдағы санына Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі берген ақпарат жарияланыпты. Онда 2002 жылы туған А.Изеев есімді баланы АҚШ-тан келген 1958 және 1963 жылы туған азаматтар асырап алғаны жазылған. Ері бір компания директоры, әйелі консалтингтік фирманың президенті екенін астын сызып көрсетіпті. Сондай-ақ сәби туғаннан сырқат екенін жазған. Осының бәрі «ата-анасы жоқ, сырқат сәбиді шетелге асырауға бердік, болашақ ата-ананың жағдайы жақсы, демек бала бақытты болады» дегенге меңзеп тұрғандай көрінеді.

Сондай-ақ 2010 жылы мәжіліс депутаты Динар Нүкетаева: «Жетім балалар арасында сырқаты барлар көп. Оларды өзге елдің азаматтары асырап алғаннан кейін емдетеді. АҚШ-қа барған талай баланың дертінен айығып кеткенін көргенмін», деп оң пікір білдірген. Сол жылы білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев та елде жетімдер саны көбейіп бара жатқанын айтып, әлемде балалар үйі жабылып жатыр, бізде керісінше деп мәлімдеген.

Ата-анасыз балалардың бүгінгі жайы қалай?

Біздің елде ата-анасы жоқ балалар жайлы ақпарат жабық. Балалар үйінде кімдер тұрып жатқанын білу мүмкін емес. Осының өзі жемқорлыққа итермелейді. Қоғам Ресейдегідей балалар үйіне қандай бала түскенін, оны кім асырап алғанын біліп отырса, жағдай қазіргіден жақсырақ болар еді. Бірақ елде балалар үйі азайып жатқаны анық. Статистика комитетінің дерегіне сенсек, 2022 жылы Қазақстанда 22 081 жетім бала тіркелген, оның 551-і балалар үйінде тұрады. Елде жалпы 19 балалар үйі бар. 2000-жылдармен салыстырғанда екі көрсеткіш те көңіл көншітерлік. Бұған халықтың әлеуметтік жағдайы мен құқықтық сауаты артқаны да оң әсер етіп отыр.

Ал Қазақстанда денсаулығына байланысты отбасылардың 15 пайызы бала сүйе алмай отыр деген ақпарат бар...

Қуаныш Қаппас