Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:22, 05 Қараша 2020

Сәттілік

None
None

Әзіл-шыны аралас 

      Алматының албыраған алтын кештерінің бірінде домбыра, гитарамызды арқалаған күйі Ақан достың құрбысының үйін бетке алдық. Сүрлене бастаған досымыздың алданышына айналған әлгі аруды бәріміз де шындап жақсы көре бастағандаймыз. Бір жерде бірер аптадан артық тұрақтамайтын тұлпарымыздың «тұсалатын» уақыты жақын сияқты. Үшінші айдың жүзі сынғанда жүрісін азайтып, әлгі үйде көбірек уақытын өткізіп жүрген досымызға іштей тілекші бола бастадық.

       Бүгін – болашақ келіннің (бұйырса деп-ақ сөйлеп едім) туған күні. Желігіп жүрген журфактың бір топ сырбазы. Негізінен, балалы-шағалы. Арамызда басы босы сол сүрбойдақ пен ауылдас досы Нурик қана. Нуриктің бізден біраз жас кішілігі болғасын оған көп мән бере бермейміз бе, әлде алдымен ағасын аяқтандырып алайық деген ойымыз ба, әйтеуір, әңгімеміз әлгі келін жайлы. Сонымен, көтеріңкі көңіл күймен ойнап-күліп үйге ендік. Ақаннан басқа, бесеуміз. Кірер-кірместен той басталды. Той дегенде, не ғой, біздің жүрген жеріміздің бәрі той болатын ол кезде. Арамыздағы екеуі үлкен телеарнаның журналистері. Ақанның өзі де бір арнада тілші. Бәріміздің көңілімізді таба білетін сырбаз інішегіміз Нурик қана, ол да қара жаяу қасқа емес. Кіргеннен әндеткен бізге өзінің ерекше даусымен қосыла кеткен Ақан досымызға болашақ келін де қиыла қарай қалыпты. Қалған бесеуміз бірдей қасындағы құрбысына ашкөздене аңтарыламыз… Ақсарының әдемісі екен. Екен деймін-ау, хас сұлудың нақ өзі. Тобығына түскен білектей қос бұрымы буындырып бара жатқандай жағамды кеңейтіп, галстугімді босатып, әуре болып жатқанымды енді байқадым. Сол сұлу аяқастынан бәрімізді бойдақ қылып жіберді.

      Ым-жымымыз бір біз де жолы болмай жүрген сүрбойдақтың кейпіне еніп, кейіпкер бола қалғанбыз. Енді үстелге жайғасар шақта ептілеуіміз Ерекең асабалықты асығыс қолға алған күйі бәрімізді әлгі бойжеткенмен таныстыра бастады. «Бес бойдаққа – бір той» демекші, бесеуміз де жалғыз құрбы қарындастың қасына отыруға үміттіміз. Осы сәтті ұрымтал пайдаланған Ерекең:

— Құралай, – деді, – өзің де сезіп отырған боларсың, осы отырған бесеуміз де киігі кездеспей жүрген кәрі аңшылар едік. Ойламаған жерден жолықтырған олжасын ешкім ешкімнің қанжығасына қимасы анық. Мынадай сұлулықтың алдында бәрі де дәрменсіз. Сондықтан менің бір шартым бар, егер көнсеңіз, шешімді өзіңіз қабылдасаңыз.                Осыны айтқан ол өзінің балдай тіліне елітіп қалған арудың бас изеуін ғана күткендей. Әдемі жымиыспен әзер ғана ишарат жасаған әлгі арудың алдына тұра қалды да, бәріміздің атымыз жазылған жреби қағаздарды шиыршықтап шәпкеге атып ұрды.

  Шарт жалғыз. Шәпке өзінікі. Құралай өзі есімін тартқан жігіттің қасына отырады. Бәріміздің де күдігіміз басым. Кімнің қай атаға сыйынатынын да топшылап отырмын. Аруақ кешірсін, әрине, бір қызығы, мен қысылған сәтте нағашы атама көбірек сыйынады екенмін.

       Тек қана сәттілік!

       Әнтек жымиған әлгі сұлудың шиыршықталған қағазды ашып, атымызды атағанша ауа да тарылып бара жатқандай. Жан-жағына жалтақтамастан «Жарлы!» деген күйі жарлық шығарғандай жалт қараған жанарынан тілім байланып қалғандай. «… жаңылмай, тартқан қолдан айналдым!» деп, Шегедей шыңғырып жіберуге шақ қалғанымды өзім де сездім. Енді-енді өзіме келе бастаған тұста әлгі ер болмағыр Ерекем қайтадан: «Жо-жоқ, дұрыс емес, ойын шарты бұзылды» деген дау шығарды. Сонымен, жреби қайта тартылатын боп шешілді. Жазған құлда не жазық. Жаңа ғана алып-ұшқан көңілім су сепкендей. Жалтақтап Құралайға қарай беремін. Ол да кет әрі емес сияқты. Анау болса иығы бүлкілдеп, теріс қарап «ішірткі» жазып отыр. Бұл жолғы ішірткі бесеу емес, ойын ережесі бойынша сол жерде отырған сегіз адам толық жазылуы керек екен. Ойлап тапқан сылтауы сол-ақ болыпты. Көзімізше санап тұрып сегізін және «садақаға» деп бір бос, ақ ішірткіні қоса салды. Мүмкіншілік мүлдем азая түсті. Қолындағы шәпкені ұзақ сілкілеген асаба қайтадан Құралайға ұсынған. Неге екенін қайдам, мен бұл жолы өз аталарыма сыйындым. Қолдай гөр, аруақ!

      Жанарын менен тайдырмаған күйі алып шыққан шиыршығын ашар-ашпастан тағы да «Жарлы!» дегенде, Ерекең еріксіз: «Ит-ай, аузың неткен салымды еді!» – десін. Сәттіліктің не екенін еріксіз мойындаған ол өзі жазған сегіз шиыршықты түгел ширатып алдымызға қойғанда, мен екі жұртыма да риза болғанмын. Сөйтсек, менің атым жазылған ішірткіден бөлек, жетеуіне де Ерекем өзінің атын жазыпты. Міне, бұйрық! Жұрт қыран-топан.

       Бала көңіл достарының қызығын сырттай тамашалаған күйі әдемі әуенімен әрлеп отырған  Ақан дос та осы сәт даусын көтеріп шырқай жөнелді:

Елікпеген ем,

Еліктірдіңдер.

Желікпеген ем,

Желіктірдіңдер.

Әтең-ай, әттең,

Жүрегім жалғыз.

Бәріңе бірдей,

Бөліп берер ем!..

      Әттең-ай, әттең!..

     Таң да атып қалыпты.

      Иә, қыстың ұзақ түні де қысқалық ететін қылшылдаған жастар қыздармен қимай қоштасып бара жатып, келесі кештің тезірек батуын іштей тілегендей...

    Ал мен содан бері достарыма тек қана сәттілік тілеймін!

Тегтер: