Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:23, 12 Сәуір 2023

Сатыбалды да Шөкеевті қайталауға көшті

None
None

Былтырдан бастап Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен көзбояушылыққа айналып кеткен әкімдердің есеп беруі тоқтатылып, оның орнын кездесулер басты.

Осы Жарлыққа сәйкес қазір облыс әкімдері әр ауданның халқымен жылына екі мәрте жүздесіп, олардың талап-тілектерін тыңдайды. Бірақ атқамінерлер кездесуді де көзбояушылыққа, жаттандылыққа айналдырып алған сияқты. 

Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды алдын ала бекітілген кестеге сәйкес шалғайда жатқан Шардара ауданының халқымен кездесті. Облыстық әкімдіктің таратқан мәліметіне қарағанда, кездесуде әкім Шардара ауданының су қоймасымен, тайдай тулаған балығымен, әлемді таңғалдырған спортшыларымен танымал екендігіне тоқталып, ауданда алдағы жылдары тігін фабрикасы және май шығаратын, жүгері мен мақта өңдейтін кәсіпорындар салынатынын, бұдан бөлек бірқатар ауылдарға көгілдір отынның келетінін мәлім еткен. Кездесуден кейін облыс басшысы құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге бірыңғай қабылдау өткізген. Біздің айтайын дегеніміз, осы кездесу мен қабылдауда Шардара қаласының ең басты проблемасы – ауыз су мәселесі қозғалған жоқ. Неге қозғалмады, неге айтылмады, бұл жағы жұмбақ. Алдарына облыс әкімінің өзі келіп тұрған кезде шардаралықтардың ең басты мәселені бұғып қалуы мүмкін бе? Әлде бұл Сатыбалдының халықпен кездесуі алдын ала дайындалған сценариймен өтетінін білдіре ме?  

Шардара қаласындағы ауыз су проблемасы «Жас Алашта» осыған дейін бірнеше мәрте жазылған. Отыз мыңнан астам тұрғыны бар қаланың халқы әлі күнге дейін ауыз суды Шардара су қоймасынан ішеді. Рас, су тазартудан өтеді. Бірақ тазарту станциясының әбден тозығы жеткен. Одан шыққан судың сапасы өте нашар.

— Колонкадан ағатын су ішуге мүлдем жарамайды. Сондықтан тұрғындар оны тек тұрмыстық мақсатта қолданады. Ал ауыз суды сатып алып ішеміз. Біреулер литрін 2 теңгеден алады. Мен өзім аулаға хауыз істеп қойғанмын. Осыған 4 тонна суды сатып әкеліп құямыз. Мұндай қызмет үшін «водовозға» 4 мың теңге төлейміз. Мен ғана емес, жұрттың көбі сөйтеді. Ал «Шардара қаласына таза су келеді» дегенді әкімдер айтқалы қашан. «Президент әкімшілігі бақылауға алыпты» дегенді де естігенбіз. Алайда уәденің бәрі айтылған жерінде қалып жатыр ғой, – деді өткен аптада біз тілдескен тұрғындардың бірі.

Шардарадағы ауыз су мәселесі соңғы 15 жыл бойы көтеріліп келеді. Жергілікті әкімдік оны шешу үшін біраз жобаларды қолға алған болатын. Бірақ неге екені белгісіз, олардың ешқайсысы іске аспаған.

Арғы жақты айтпай-ақ, тек соңғы жылдарға тоқталайық. 2019 жылы облысқа әкім болып келген Өмірзақ Шөкеев Шардара қаласындағы ауыз су проблемасының өте өзекті екенін айтып, оны шешу үшін тиісті тапсырмалар берді. Алғашқыда шенеуніктер мәселені су тазарту стансасын жаңғыру арқылы шешпек болды. Жергілікті шенеуніктер тіпті 3 миллиард теңгеге жоба жасап, қаржыны республикалық бюджеттен бөлуді қарастырып қойған болатын. Алайда атқамінерлер бұл жобаны аяқсыз қалдырды. 2021 жылдан бастап Шардараға 30-40 шақырым қашықтықтағы «Тама-Тастанбек» деген жердің суын жеткізетін жаңа жоба қолға алынды. Сол жылы мәслихат депутаттарының алдында берген есебінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбай:

— Егер жобаға қаржы бөлінсе, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады, – деген болатын. Алайда жоба 2022 жылы іске аспады.

Былтыр сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев әкімдікте өткен жиында Шардараны ауыз сумен қамтамасыз ететін жаңа жобаны жыл соңына дейін бастап, келер жылы толық жүзеге асыру көзделгенін мәлімдеген еді. Алайда бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, жоба биыл да іске аспаған. Неге?

Осы сауалды біз Шардара ауданы әкімінің орынбасары Нұрмахан Сапаровқа қойдық.

— Жоба жасалып қойған. Бірақ былтыр желтоқсанда ол сараптамадан өтпеді. Біраз кемшіліктер шықты. Қазір жоба Астанада жатыр. Сараптаманың ендігі қорытындысы 4 мамырда шығуы керек, – деді әкімі орынбасары.

Оның айтуынша, жоба құны алдын ала болжам бойынша 14 миллиард теңгені құрайды. Егер ол биыл сараптамадан өтіп, оң қорытынды алса, жұмыстар келесі жылдан басталуы мүмкін. Әрине, 14 миллиард теңгелік жұмыстың бір жылда бітпейтіні бесенеден белгілі. Ол кемінде үш жылға созылуы мүмкін көрінеді.

Сапаров қазіргі уақытта Шардара қаласындағы ауыз судың нашар екендігін жасырған жоқ. Су тазарту стансасы сексенінші жылдары салынған. Құрал-жабдықтары әбден ескірген. Жазда су қоймасындағы судың деңгейі түсіп кетеді. Осы кездері судың сапасы нашарлайды. Бірақ әкім орынбасары су тазарту стансасынан келетін суды қайнатып ішуге болатынын алға тартты.

Айтпақшы, біз тілдескен шенеунік те Шардарадағы ауыз су проблемасының қазіргі уақытта Президент әкімшілігінің бақылауына алынғанын мәлім етті. Ал Ақорданың бақылауындағы жұмыстар сағызша созылып, неге іске аспай қала береді? Бұған кім кінәлі? Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай ма, әлде ауыз судың құрылысына жауапты облыстық энергетика басқармасының басшылары ма? Шардаралықтарды құрғақ уәдемен жарылқап кеткен Шөкеевтің тірлігін Дархан Сатыбалды да қайталауға көшті ме?

Тегтер: