Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:23, 05 Тамыз 2023

Сатыбалды К-700-ді де көрмейді, Сүлейменова не болғанын білмейді

None
None

Сатыбалды К-700-ді де көрмейді, Сүлейменова не болғанын білмейді

«Шопан ата» қауымдастығының төрағасы, әлеуметтік желі белсендісі Алмасбек Садырбаев экология министрі Зүлфия Сүлейменоваға отставкаға кету қажеттігін тағы да бір еске салды.

Миллиардтап шығынға батырған орман өрті, өз өмірлерін құрбан еткен орманшылар үшін емес, Сырдарияның бойында аяусыз жыртылған жер мен талап-тонауға ұшыраған дәрілік қызылмия өсімдігі үшін.  

 Садырбаевтың өткен аптада фейсбук желісінде жариялаған видеосы түркістандық бақылаушы органдар мен әкімдікті құрдай жорғалатты. Бейнежазба Сырдария өзенінің бойында түсірілген.

… Жерді арық салатын соқамен қазып бара жатқан К-700 тракторлары. Оның соңына түсіп, тамырымен қопарылған қызылмияны терген қыз-келіншектер. Тамыр «Камаз» көлігіне тиелген. Блогерге мән-жайды түсіндіріп жатқан тұрғындардың айтуынша, қызылмия Сырдарияның бойында өседі. Бұлардың жерді осылай қопарып жатқанына көп уақыт болған. Бір кездері қоян, қырғауыл өріп жүретін тоғайдан дым қалмаған. Тракторлар жиде, жыңғыл, жалпы тал-терек, өсімдік біткеннің бәрін жайпап тастаған. Бұл жөнінде Сауран аудандық әкімдігіне барып арызданған. Ондағылар жер инспекциясына сілтеген. Гүрілдеген трактор моторының фонында Алмасбек Садырбаев «Экология министрі Зүлфия Сүлейменова, қайда қарап жүрсің, жұмысыңды дұрыстап істесеңші, істемесең кетсеңші» деген сөздерді айтады.      

Бейнежазбадан кейін Сауран ауданы әкімдігіндегі шенеуніктер ұйқыларынан шошып оянса керек, іле-шала осы жөнінде арнайы мәлімет таратты. Әкімдіктің хабарлауынша, оқиға Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы және Түркістан облысы Сауран ауданының шекарасында болған. Шенеуніктер аталған жерге құзырлы органның қызметкерлерімен бірге барып, зерделеу жұмыстарын жүргізіпті. Заң бұзушылықтарға жол берген төрт тұлға анықталып, жер учаскесінің басында акт түзіліпті.

«Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне және Түркістан облысының экология департаментіне заң аясында тиісті шара көру жөнінде хат жолданды. Сонымен қатар Түркістан облысының полиция департаментіне және Түркістан облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасына өз құзыреті шегінде тиісті жұмыс атқару үшін жолданып қаралуда», – делінген Сауран ауданы әкімдігінің таратқан ақпаратында.

Ал Түркістан облыстық полиция департаменті мия тамырын тасымалдаған «Камаз» маркалы жүк көлігін анықтап, айыптұраққа қойғанын жария етті. Оның жүргізушісінен түсініктеме алынып, іс құжаттар жинақталыпты.

Әдеттегідей сұрақ туындайды: Әкімдік пен полиция өздерінің осы міндеттерін неге бұған дейін орындамаған? Тұрғындардың арыз-шағымдарына, талап-тілектеріне неге дер кезінде құлақ аспаған? Бұл неғылған жауапсыздық? Соңғы апталарда, осының алдында ғана Түркістан облысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды тапсырма беріп, барлық аудан, қалаларда жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күрес жүргізуді бастап кеткен. Рейдттер ұйымдастырып жатқан. Осындай кезде саурандық шенеуніктер мен полицейлердің Сырдарияның бойын тапа-тал түсте трактормен қопарып, дәрілік өсімдікті заңсыз терумен айналысып жүргендерді байқамай қалуы мүмкін бе? Осы жерде бір кілтипан бар сияқты. Қазақстандықтар қызылмия бизнесінің бүкіл республика бойынша «өркендеп» тұрғанын, мұның артында әлдебір ықпалды адамдар тұрған болуы мүмкін екенін айтып жатыр. Сол рас-ау, сірә. Әйтпесе, Сатыбалдының жіберген рейді көрмей өтіп кететіндей «касемьсот» түйе емес қой. «Көрмес түйені де көрмес» деп, жылы жаба салайын десең, К-700-дің арылдаған даусын естімеу үшін адамға қандай құлақ керек? Сатыбалдының өзі сырт берген бұл іске қатысты ықпалды адамдардың бар-жоғын аяқасты шала бүлініп, шабылып жатқан құзырлы органдар анықтап қалар, күтелік.   

Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бізге берген мәліметіне қарағанда, ести сала (!) «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи парк қызметкерлері аталған аумаққа барып, тексеру жүргізген. Қызметкерлердің айтуынша, жыртылған жерлер ерекше қорғалатын орман қорына кірмейді. Мұны біз хабарласқан Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкері Нұрдәулет Оразымбетов те растады.

– Ерекше қорғалатын аумақ бұл арадан 17-18 шақырым қашықтықта орналасқан. Сауран аудандық әкімдігінің мәліметтері бойынша бүлінген жерлер жекелеген азаматтарға шабындық, жайылым үшін берілген, – деді ол.

Ал енді сұғанақтардың көзқұртына айналған қызылмия туралы біз не білеміз? Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, қызылмия фармацевтика, косметология, тамақ өнеркәсібі саласында кеңінен қолданылатын өсімдік. Оны өнеркәсіпте улы химикаттардың иісін кетіру үшін де пайдаланады. Қызылмия әсіресе тибет медицинасында кеңінен танымал. Тибетте мия тамырын «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» деп атайды екен. Қытайдың дәстүрлі  медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайтын көрінеді. Соңғы жылдары Қытай, Өзбекстан, Иран, Ауғанстан елдерінде   қызылмияның тамырын сыртқа шығаруға тыйым салынған. Мамандар Қазақстанда мия тамырына деген сұраныстың күрт өскенін осымен байланыстырады. Дәрілік өсімдік шетелге қалай экспортталады, оны шекарадан қалай алып өтеді, бұл жағы белгісіз. Соңғы жылдары Түркістан облысының Өзбекстанмен шекаралас аудандарында кеурек деп аталатын шөпті заңсыз теру, тасымалдау фактілері де жиілеп келеді.

P.S. Қызылмияға қатысты тақырып әлеуметтік желіде көтеріліп, ел шулап жатқан кезде Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселеге ешқандай түсінік берген жоқ. Аталған ведомствоның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, бұл кездері министр Зүлфия Сүлейменова Өзбекстанға іссапармен барып, ағын суға қатысты келіссөз жүргізген. Ал оның қаптаған орынбасарлары мен комитет жетекшілері қызылмияның жайын айтып, көңілі бос министрлерін жылатып аламыз ба деді ме екен, бұл іске қатыстарының бар-жоғын білмей ме екен, жас бастықтарының алдына шығып кетуден тайсақтады ма екен, әйтеуір, үнсіз. Иә, судың жайы шешілсе, шөптің жайы проблема емес...

Тегтер: