Сатыбалдының ісі сұйылып барады
Антикор қызметі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы, рейдерлікпен айналысты, әріптестерінің бизнестерін тартып алды, мемлекеттің жүз миллиондарын жымқырды және басқа да ауыр қылмыстар бойынша айып тағылған Гүлмира Сатыбалдыға қатысты ақпарат таратты.
Қаңтар оқиғасына дейін ешкімнің тісі батпаған Гүлмира Сатыбалдының мәселесімен құзырлы органдар биылдан бастап, айналыса бастады. Алғашқы іс рейдерлік бабымен қозғалды. Наурызда антикор Г.Сатыбалдыға тиесілі деген «Ария-Жаңа Астана» компаниясы мен Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жария етті.
–Олар былтыр желтоқсан айында мемлекет бюджетін ысырап ету арқылы 747 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған. Қаражат «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бөлінген, –делінген болатын таратылған ресми ақпаратта.
«Жас Алашта» бұған дейін жазғанымыздай, «Ария-Жаңа Астана» ЖШС 2019 жылдан бастап, Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша Қонаев даңғылын Ташкент тас жолымен қосу жұмыстарына қатысқан. Серіктестік тендерді «бір көзден» ұтып алған. Келісімшартта көрсетілген қаржының көлемі 10 208 388 710 теңгені құрайды. Биыл наурызда серіктестіктің былық-шылығы әшкереленіп, істі болып жатқан кезде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Ария-Жаңа Астана» компаниясымен арадағы келісім-шарты біржақты бұзып тастады. Онымен қоймай, мамырда сотқа шағымданып, тиісті міндетін орындамағаны үшін «Ария-Жаңа Астана» серіктестігін мемлекеттік сатып алуларға жөн-жосықсыз қатысушы деп тануды сұранды. Сот талап арызды қанағаттандырып, жуырда Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі деген компания «қара тізімге» енгізілді.
Енді, міне, антикордың өткен аптада таратқан тың мәліметіне қарағанда, Гүлмира Сатыбалдының бақылауындағы «Ария – Жаңа Астана» компаниясы бірнеше объектілер бойынша іс жүзінде орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстарына ақы төлеу нәтижесінде, мемлекетке жалпы сомасы 3,9 миллиард теңге залал келтірген.
— Тергеу барысында белгіленген шаралар жүзеге асырылып, мемлекетке келтірілген залал толық өтелді. Сонымен қатар, Г.Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорындардың қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізілуде.
Алдын ала жасалған есептеулерге сәйкес, жәбірленушілерге келтірілген залалдың сомасы 6,6 миллиард теңгеден асады, – делінген мәліметте.
Яғни, айыпталушылар мемлекетке келтірген шығындарды толығымен өтеп қойған. Біздің білуімізше, «Ария-Жаңа Астана» компаниясы Қазақстанның әр өңірінде мемлекеттік тапсырыстар орындаған. Шамасы 3,9 миллиард теңге осы тапсырыстардан келтірілген жалпы шығын болса керек. Айыпталушылардың шығынды өтеп қойғаны тергеу, сот барысында ескерілетін шығар, дегенмен ол жауапкершіліктен толық құтқара алмайды.
Алайда Шымкентте Г.Сатыбалдының ісі бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалды деген шенеуніктердің қызметтері өсіп жатыр. Бұған дейін «Ария-Жаңа Астана» компаниясына қатысты мән-жай бойынша қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов пен оның орынбасары Мадияр Байымбетовтың үстінен іс қозғалғаны мәлім болған. Мұны сәуірде Мадияр Байымбетовтың өзі арнайы брифингте айтты. Міне, жуырда Мадияр Байымбетов Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Ал Ержан Жолдасов қазіргі уақытта алаңсыз қызметін атқарып жатыр. Осыған қарағанда, Сатыбалдыға қатысты істің соңы сұйылып бара жатқан сияқты.
Айтпақшы, Г.Сатыбалдының бақылауындағы «Ария – Жаңа Астана» компаниясы ең ірі тапсырысты (10 миллиард теңгені) тек Шымкенттен ғана алған. Бұған сол кездегі Шымкент қаласының әкімі, Қайрат Сатыбалдының досы Ғабидолла Әбдірахымовтың шарапаты тиген болуы әбден мүмкін. Тергеу амалдары бұл жағына қаншалықты тереңдейді? Мұны да уақытында білетін боламыз.