Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:20, 13 Қыркүйек 2023

Сатылып жатқан виза бар, Нұртілеу, неге көрмейсің?

None
None

«Жас Алаш» газетінің 24 тамыздағы (№67) санында « Қандас жолы: кезегі жетпейтін виза, ақшасы жетпейтін қазақ» атты мақала жарияланды.

Онда Қытайдағы қазақтар Қазақстанға келу үшін визаларын аштыра алмай, сабылып жүргені жазылды. Сондай-ақ Үрімжідегі «ҚР СІМ Үрімжі қаласындағы паспорттық визалық қызметі» мекемесі «виза кезегін сатып отыр» деген қандастардың арызын жан-жақтылы зерттедік. WeChat әлеуметтік желісінде «кезексіз виза ашып береміз» деген делдалдармен тілдестік, «виза кезегін сатып алдық» деген қандастармен де пікірлестік. Сонымен қоса ҚР СІР министрлігіне ресми сауал жолдадық, бірақ олар белгіленген бес жұмыс күн ішінде сұрағымызға жауап жібермеді.

Дегенмен Үрімжідегі виза мәселесі түпкілікті шешілген жоқ, Қытайда ең көп қолданушысы бар WeChat әлеуметтік желісінде және Tiktok әлеуметтік желісінде әлі де «виза аштырып береміз» дейтіндердің қатары азаймай тұр. Қытайдағы туыстарының тағдырынан алаңдаған бір топ азамат енді құзырлы орындарға шағым түсіруге мәжбүр.

7 қыркүйек күні бір топ азамат ҚР Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы өкілдігінің консулдық мәселелер басқармасына барды. Жиналғандар министрліктің Алматыдағы өкілдерімен жолығып, арыз-шағымын жеткізбекші болды.

Алайда «ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің консулдық мәселелер басқармасы» келген жұртқа жылы қабақ таныта қойған жоқ. Қызметкерлері көпшілікпен бетпе-бет жолықпай, терезе ішінде тұрып сөйлесті. Өзін консулдық мәселелер басқармасының бас маманы Беделбек Әділ деп таныстырған қызметкер тұрғындар арызын қабылдап алып, жоғарыға жеткізетінін айтты.

Арыз айтып келгендерді ашындырған басты мәселе – тегін берілуі тиіс визаның ашықтан ашық сатылып жатқаны. Бұл туралы Табиғат Әділбекұлы есімді азамат айтып берді: 

«Қытайдағы бауырларымыз қолында паспорты болса да виза аштыра алмай жүр. WeChat әлеуметтік желісінде виза ашуға кезек беретін Kezek2 деген парақша бар. Онда бір аптада 480 адамға кезек береді. Мен өзім талай рет сынап көрдім, осы 480 орын 5 секундта таусылып кетеді. 480 орынның осынша аз уақытта түгеп қалатыны ақылға қонбайды. Соған қарағанда, көп кезек алдын ала сатылып кететін сияқты. Мүмкін 80 адам кезегін заңды тәртіппен алатын шығар, ал қалғаны бұлыңғыр. Кезек алу үшін делдалдарға ең кемі 1000-2000 юань көлемінде ақша  (60-120 мың теңге) төлейсіз, тіпті жедел аштыртсаңыз баға 700 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жетеді. Кезекті делдалдар ашықтан-ашық сатып жатыр. Олардың Үрімжідегі консулдық қызметкерлерімен байланысы бар екені анық. Іштегі қызметкер көмектеспесе, қарапайым халық ала алмаған кезекті делдалдар қалай алады?!

Ақыр амалсыз туыстарыма виза аштыру үшін делдалға әр адам үшін 120 мың теңгеден төлеуге келістім. Бірақ олар ақшаны азсынып, кезек алып бермеді. Мұның бәрін дәлелдеп көрсете аламын, телефонда сақталып тұр. Олар тіпті 76 жасқа келген әжейді алдап, ақшасын алып кетіпті. Кезек те алып бермеген.

Осындай заңсыздықтардың басында Қазақстанның Қытайдағы бас елшісі, әсіресе Үрімжі қаласындағы консулы тұр деп есептеймін. Сол үшін, бірінші талабым — Қазақстанның Үрімжі қаласындағы консулын жұмыстан алу керек. (ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында КХР, Үріжші қаласындағы ҚР СІМ Паспорттық-визалық қызметінің Жетекшісі ретінде Болат Сырлыбаев деген азаматтың аты аталған). Екіншіден, ақша жымқырудың жолына айналған Kezek2 қосымшасын жабу қажет. Тұтас әлемде виза тікелей қолға беріледі, бізде ғана белгісіз сайтқа сүйеніп отыр. Ал Kezek2 толыққанды істеп тұрған жоқ. Осындай заңсыздықтардың кесірінен Қытайдағы қандастар виза аштырып, атажұртына келу үшін миллиондаған ақша жұмсауға мәжбүр. Негізі Алтай сияқты алыс аймақтардан Үрімжіге барып-қайтудың өзі біршама қаржыны талап етеді. Жолы мен визаға осынша шығындалған адам Қазақстанға қалай келеді. Сол үшін бұл мәселені шұғыл реттеу қажет».

Арыз айтып келушілер өтініштерін тіркетті, алайда бұл кісілердің зары Астанаға жетіп, сыртқы істер министрінің қолына тигенше біраз уақыт бар көрінеді. Себебі өзін «ҚР СІМ Алматы қаласы өкілдігі консулдық мәселелер басқармасының бас маманымын» деп таныстырған Әділ Беделбек «қолдарынан ештеңе келмейтінін» айтты.

«Бізде Айбек Смадияров есімді ресми өкіл бар. Сұрақтарыңызды сол кісіге қойсаңыздар болады. Негізі біз өзіміз СІМ-ге қараймыз, орталық аппарат Астанада. Ал Үрімжідегі консул бізге бағынбайды. Тікелей орталық аппаратқа немесе елшіге есеп береді. Осында  қалдырған арызды елшілікке және орталық аппаратқа жібереміз», — деді ол. 

Көрдіңіз бе, қарапайым азаматтың жазған арызының Астанаға жету жолы осындай иір-қиыр. Ал жеткен күннің өзінде де оған нақты жауап келе қоюы қиын. Себебі сыртқы істер министрінің баспасөз орталығы «Жас Алаштың» ресми сауалына әбден күттіріп, белгіленген уақыттан кешіктіріп, екі аптадан кейін жауап берді. Ұзын сонау хаттың біздің сауалымызға қатысты тұсы мынадай: «Әлеуметтік желілерде Паспорттық-визалық қызметтің қызметкерлері электрондық кезекке тұру орындарын сатып жатыр деген жалған ақпарат таралуда. Осыған орай Паспорттық-визалық қызметі тарапынан ҚХР Шынжаң ұйғыр автономиялық ауданының құзырлы органдарына тиісті хаттар жолданды.

Осыған орай, Паспорттық-визалық қызметі қызметкерлерінің электрондық кезек бойынша алаяқтық әрекеттер жасаушыларға және ақпараттық ресурстарға қатысы жоқ екендігін атап өтеміз.

Сонымен қатар үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап Паспорттық-визалық қызметі қызметкерлерінің саны 3 бірлікке көбейді. Сондықтан қандастарымыздың құжаттарын қарастыру әрі күнделікті қабылдау үдерісі өзгереді деген сенімдеміз. ҚР СІМ Баспасөз қызметі».

Сондай-ақ хаттың  басында «Қытай Халықаралық Республикасы» депті, мұны «Қытай Халық республикасы» деп түсіндік. Ал «шектеу шараларының» дегенді шектеу шаралары деп ұғындық. Әрине, мұндай бірлі-жарым қателіктерге көзжұма қарауға да болатын шығар, бірақ ресми хаттар әсіресе мемлекет аты дәл осылай өрескел қате жазылмауы тиіс деп ойлаймыз.

Хаттың ұзын-ырғасы виза кезегі сатылып, Үрімжіде жасалып жатқан алаяқтықпен сондағы Паспорттық-визалық қызметі мекемесінің еш қатысы жоқ екен. Іштен ешкім жалғасып, жемқорлыққа жол беріп отырған жоқ дейді. Ал ашықтан-ашық виза кезегін сатып жүргендер туралы тіс жармаған. Сонда бұл «ешкімнің қатысы жоқ» өзінен-өзі істеліп жатқан «жұмбақ» дүние болғаны ма?! Хаттағы көңіл қуантарлық жалғыз жағдай «қыркүйек айынан бастап Паспорттық-визалық қызметі қызметкерінің саны 3 адамға көбейеді» екен. Бірақ мұнымен атажұртына көшіп келемін деген қандастарға үлкен кедергі болған виза аштырудың мехнаты азая қоймасы анық. Дегенмен бұған бас қатырып отырған Сыртқы істер министрі жоқ. Өздеріне қатысты сауалдан жалтарып, қалай да жол тауып құтылса болды.

Тегтер: