Сауалы – шала, жауабы қайда?!.
Аудан басшыларының өзі ат басын сирек бұратын шағын аулымызға тамыз айының соңына қарай облыстық мәслихаттың депутаттары келіп, тұрғындармен кездесу өткізгенін естігенмен, өз басым оған қатыса алмап едім.
Ел қамын ойлаған, қырықты алқымдап қалғандарымен, ауылда қалғандардың жастаулары болып есептелетін белсенді бірер жігіт келіп: «Ағай, өткендегі кездесуде көтерілген көп мәселенің ішінен бір-екеуін іріктеп алып, ауыл тұрғындарының негізгі талаптары ретіндегі жазбаша нұсқасын депутаттарға жеткізу керек болып тұр. Көмектесіп жіберсеңіз…» деген өтініштерін жерге тастай алмай, жұртты қинап жүрген маңызды екі мәселені хатқа түсіріп бердім. Олар соңына отыз шақты тұрғынның қолы қойылған хатты уақыт оздырмай тиісті жерге тапсырғандарын да хабарлап кеткен.
…Кейін сол жігіттердің бірі келіп, қалаулыларға жазылған хат жайлы: «Жауап уақытында келді. Тек оның қандай екенін өзіңіз бағалаңыз» деп, алған ресми құжаттарының көшірмесін менің телефоныма жіберді. Қарқыны тасбақаның тырбаңынан аспайтын интернеттен әлгі құжатты жүктегенше төзімімді тауысқан мен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біреуінің (қайсысы екені көрсетілмеген) О.Клишина қол қойған қағаз мазмұнымен таныстым: облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.К.Баяхметке, өтінішімізді апарып тиісті адамдардың қолына тапсырған ауыл тұрғыны Р.Мұқановтың атына жолданған құжаттың алғашқы үш сөйлемнен тұратын абзацына біз көтерген екі мәселенің біріншісіне қатысты екі сөйлем қосыпты. Оның алғашқы екеуі басқарма басшысына бағытталған: «…ауылдағы жолдың жай-күйі туралы ұжымдық өтінішін қарау үшін жолдап отырмыз. 2016 жылы басталған жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ». (Жалпы, әңгімеміз ауылдағы емес, ауылға әкелетін жол туралы еді). Жөндеу жұмыстарының сақалы беліне түсер уақытқа созылуының себебі, аяқталуының (аяқтайтын ойлары болса) мөлшерлі мерзімі, т.с.с. өзі сұранып тұрған сұрақтармен толықтырылмаған «ауру бастың сақинасын сау басқа аударуға» ұмтылған бұл жолдау көңілімді құлазытса да, «әліптің артын бағуға», басқаша айтқанда, М.К.Баяхметтің жауабының алдымен депутаттарға, одан бізге жетуін күтуге ұйғарғанмын.
…«Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деп Ш.Смаханұлы ағамыз айтпақшы, біз бұл жол мәселесін сонау кеңестік кезеңнен бастап көтеріп келеміз: айта-айта тілімізді, жаза-жаза саусағымызды жауыр етсек, түрлі деңгейдегі мансап иелері де ести-ести құлақтарын, оқи-оқи көздерін қажатып біткен шығар. Өйткені 1978 жылы аулымызды Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданынан алып, сол кездегі Ленин ауданының құрамына ауыстырғанда, жаңа құрылған «Алматы» қой кеңшарының орталығы Өрнекке дейінгі грейдерді түртпектің толассыздығының арқасында басшылық арнайы техникасы бар маман жолшыларға емес, аудан шаруашылықтары бөлген техника мен жергілікті механизаторларға өткен ғасырдың сексенінші жылдары салдырса, көп уақыт өтпей үстіне іргеміздегі Есілдің құмы төселген болатын. Майын тартса, түгі шығатын құнарлы жеріміздің сәл су тисе езіле жаяудың аяқ киімі мен көліктің доңғалағына жармасып, жабысып алып айырылуы қиын қимас бауырмал бауырыңдай батпаққа айналып кететін топырағы ауыр көліктің салмағымен сол құмды көп ұзатпай «жұтып» қойған. Содан бері жөндеу көрмеген «байғұс» жолдың жағдайын айтып 2014 жылдың желтоқсанында (29-ы күні болса керек) жазған кезекті хатымызды алған облыстың сол кездегі кезекті әкімі Е. Сұлтанов мырза араға он шақты күн салып, ауылға ат басын тіреген еді (бұрын-соңды аулымызға ат ізін салған мұндай деңгейдегі билік өкілі де әзірге сол кісі ғана болып қалып отыр). Жағдаймен танысқан соң, жылға жеткізбей жолды облыстық мәртебесі барлардың қатарына кіргізіп, елеулі қаржы бөлдіріп, 2016 жылы жөндеу жұмыстарын бастатқан болатын. Ол кісінің аяқ асты жұмыс орнын өзгертуі салдарынан басталған іс аяқталмай қалды. Белгілі жайтты шығарып салма құралы ете тілге тиек етіп отырған облыстық деңгейдегі халық қалаулыларынан гөрі бұл жағдаймен өмірімізді осында өткеріп келе жатқан біз жақсырақ таныс едік.
Рас, біз депутаттарға хат жазысымен жолымыздың бірден жөнделе қалатынынан үміттенген жоқпыз. Бізге керегі депутаттардың «аяғын құдашаға сүйей салдымы» – берілген жағдайда, талап тілегімізді жоғарыда аталған басқарма басшысына жеткізулері емес, сол басшының шала-жансар депутаттық сауалға атқарылған нақты жұмыс пен соны тындыруға қажетті нақты уақытты көрсете берген нақты жауабы болатын. Көріп отырғандарыңыздай, көшірмесі қосымша берілген бұл жауапты ресми құжат ретінде қабылдау қиын: дұрыс қойылмаған сұраққа жөнді жауап алу мүмкін емес. Құжатты халықтың өз мүддесін қорғау үшін таңдаған өкілі, сол өкілдерінен тұратын комиссия емес, шала сауатты біреу құрастырған секілді. Менің түсінігімше, мемлекеттік тілге шорқақ не оны мүлдем білмейтін О.Клишина ханым қарауындағылардың «апама жездем сай» біреуіне сауал дайындауды тапсырған да, кейін алдына әкелген қағазға – мазмұнымен таныспастан, оқымастан қол қоя салған. Жақсы, тілді өзі білмейді екен, сол комиссия құрамында қазақша білетін біреу болмағаны-ма! Бұлай дейтінім – жоғарының бұйрығын бұлжытпай орындау талап етілетін әскери бөлім командирі емес, шешімді кеңесе отырып қабылдауға тиісті алқалық топтың жетекшісі әріптестерін хабардар етпей, қалай жеке өзі депутаттық сауал жолдай салған? Ал комиссия мүшелерінің төрт көзі түгел отыра қабылданған шешім, жіберілген депутаттық сауал деуге сенгім келмейді. Бұл – қазақшасын әзірге мен білмейтін «отписканың» дөрекі үлгісі ме, әлде қалаулыларымыздың өз ісіне деген жауапкершіліктерінің деңгейінің көрсеткіші ме?
Әрі Өрнекпен арадағы 20 шақырымдай жолды түгел жөндеуге жергілікті биліктің мойынбұра қоймайтынына арыздана жүріп етіміз өлген біз соның жүргіншілерге «Абылай аспас Арқаның қия беліне» айналған, ауылдан 5-6 шақырымдай қашықтықтағы өзіміз «көлденең» атайтын 3,5 – 4 шақырымдай бөлігіне жөндеу жүргізілгеніне риза болар едік. Ал мына сырғытпа жауап жігерімізді тағы жер етті.
Құжаттағы жоғарыда келтірілген үзіндіден кейінгі: «Сондай-ақ интернет сапасына қатысты мәселе бойынша» деп басталған келесі сөйлем басына күн туған кесірткеше құйрығынан айрылып қалыпты. Кәдімгі жұмбақтағыдай: басы бар, аяғы жоқ – бар-жоғы осы тіркестер ғана. «Жарымжан сөйлемнің аяғы нүктемен тиянақталғанына қарағанда, бұл мәселені қозғаудан пайда жоқтығына көзімізді жеткізгісі келгендеріме ме? Жоқ байқаусызда қағазға түсіп қалған басқа басқармаға бағытталуға тиісті сауалдың басын өшіруге ерінгендері ме, әлде жол жайындағы мәселеге байланысты Алдаркөсенікі секілді әләуләйіміз аяқталса ғана интернет жөніндегі хәләуләйімізді бастаймыз дейтін ескертулері ме екен?..» деген ой өздігінен-ақ көңілге ұялаған. Алайда соңғы сайлаудан бірер күн бұрын кездескен ауыл әкімі М.Қыдыбеков интернет желісін жақсарту үшін 2023 жылы ауылға орнатылмақ арнайы құрылғыға орын бөлуді сұраған әлдебір мекеменің өтінішін көрсетіп, көңілімізді толтырмағанмен, сәл де болса тоғайтып кетті. Себебі мектеп табалдырығын алғаш аттаған ХХ ғасырдағы алпысыншы жылдардың ортасынан бастап өзгелер менің құлағыма сіңіріп өсірген, жетпісінші жылдардың аяғынан өзге құлақтарға құюға өзім ұмтылған жарқын болашақ жайлы ертегінің құнын – басшылар уәдесін айтамын да білетін жасқа жеттім: әдетте А.С.Пушкин шығармасының кейіпкерінше, жарық астауымызға ғана қанағат етуімізге тура келіп жүр.
Орта ғасырлық ренессанстің (Қайта өрлеу дәуірі) елеулі тұлғаларының бірі: «Саясатшы шеберлігі өз уәдесін бұлжытпай орындауынан емес, оның іске аспау себебін түсіндіре, соған жұртты иландыра алуынан көрінеді» деген екен. Ал өздерін сайлаған халық тілегін орындау түгілі, соны тиісті орындарға жеткізудің өзіне атүсті, жүрдім-бардым қарайтын қалаулыларымыздың ресми құжатының екінші және соңғы абзацы: «Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда өтініш беруші Кодекстің 91-бабында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы екенін қосымша хабарлаймыз» деген әдемі сөйлемнен тұрады екен. Өтініштерімізді өздері сұратып алдыртқан қалаулыларымыздан келер оң ба, теріс пе, әйтеуір бір жауаптан күдер үзген ауыл тұрғындарының сол құқығын пайдаланып, сіздерге хат жолдап отырмын.