Сауд Арабиясы Иранға ескерту жасады
Сауд Арабиясы Иранға Парсы шығанағы елдерінің энергетикалық нысандарына жасалатын шабуылдардың салдары ауыр болатынын ескертті.
Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасаған шетелдік БАҚ хабарлады.
Агенттік дерегінше, егер Иран тарапынан шабуылдар жалғаса берсе, Эр-Рияд АҚШ әскери күштеріне Сауд Арабиясындағы базаларды пайдалануға рұқсат беруі мүмкін. Сонымен қатар корольдік жауап шараларын қабылдауы ықтимал екенін жеткізген.
Мәліметтерге қарағанда, осы аптада Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Фейсал ибн Фархан әл-Сауд ирандық әріптесі Аббас Аракчимен кездесіп, Эр-Риядтың ұстанымын жеткізген. Сауд тарапы аймақтағы шиеленісті азайтуға бағытталған кез келген делдалдыққа дайын екенін білдірген.
Reuters агенттігінің Ирандағы екі дереккөзі Сауд Арабиясы мен Тегеран арасында телефон арқылы байланыс болғанын растаған. Әңгіме барысында Эр-Рияд Тегеранды Сауд Арабиясына және Парсы шығанағындағы көрші мемлекеттерге шабуылдарды тоқтатуға шақырған.
Ал Иран тарапы өз позициясын қайталап, жасалған соққылар Парсы шығанағы елдерінің өзіне емес, сол мемлекеттер аумағындағы АҚШ әскери базаларына бағытталғанын мәлімдеген. Сонымен бірге Тегеран аймақтағы америкалық базаларды жабуды және кейбір елдерге Вашингтонға барлау мәліметтерін беруді тоқтатуды талап еткен.
Айта кетейік, 28 ақпаннан бастап АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы бірқатар нысандарға соққы жасап келеді. Өз кезегінде Иран Израиль аумағына және Таяу Шығыста орналасқан АҚШ әскери объектілеріне жауап шабуылдарын жүргізіп жатқанын хабарлаған.