Сауд Арабиясы өз аумағын Иранға қарсы шабуылдар үшін пайдалануға жол бермейді
Таяу Шығыстағы шиеленіс сақталып тұрған тұста Сауд Арабиясы мен Иран диалог пен деэскалацияға дайын екенін растады.
Сейсенбі күні Иран президенті Масуд Пезешкиан Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен келіссөз өткізді. Иран президенті әкімшілігінің мәліметінше, әңгіме барысында Пезешкиан ислам елдерінің бірлігі мен ынтымақтастығы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің шешуші факторы екенін атап өткен.
"Өңірлік тұрақсыздық ешбір тарапқа пайда әкелмейді, - деді Иран басшысы, сондай-ақ аймақтағы қауіпсіздікті шайқалтуға бағытталған психологиялық және саяси операциялардың тәуекелдері туралы ескертті.
Пезешкиан Тегеранның бейбітшілікке, деэскалацияға және қақтығыстардың алдын алуға ықпал ететін кез келген бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізіп, мұсылман елдерінің Иранға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты.
Өз кезегінде Сауд Арабиясының тақ мұрагері Иранға қатысты кез келген агрессия мен шиеленісті қабылдамайтынын мәлімдеді. Корольдіктің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Мұхаммед бин Салман Эр-Риядтың Ислам Республикасының егемендігін құрметтеуге берік екенін атап өтіп, Сауд Арабиясы өз әуе кеңістігі мен аумағын Иранға қарсы әскери әрекеттер үшін пайдалануға жол бермейтінін нақты айтты.
"Корольдік Иранмен және өңірдегі өзге мемлекеттермен берік бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнату жолында ынтымақтасуға дайын", - деді ол.
Бұл мәлімдемелер Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) тарапынан жасалған ескертулер аясында айтылды. КСИР Әскери-теңіз күштері қолбасшысының саяси орынбасары Мұхаммад Акбарзаде көршілес кез келген мемлекет егер оның аумағы, әуе кеңістігі немесе сулары Иранға шабуыл жасау үшін қолданылса, жау ретінде қарастырылатынын мәлімдеген.