Сауд Арабиясы Йемендегі портқа әуе соққысын жасады
Сауд Арабиясы бастаған коалицияның Біріккен күштер қолбасшылығы Йеменнің Аль-Мукалла портында шетелдік әскери көмектің жүгін нысанаға алып, әуе соққысын жасады.
Бұл туралы Saudi Press Agency агенттігі хабарлады.
Коалицияның ресми өкілі Турки әл-Маликидің мәлімдеуінше, сенбі және жексенбі күндері коалиция қолбасшылығының рұқсатынсыз Фуджейра портынан Аль-Мукалла портына екі кеме келген. Кемелер бақылау жүйелерін өшіріп, портта қару-жарақ пен әскери техникадан тұратын ірі жүктi түсірген. Бұл жүк Оңтүстік өтпелі кеңес күштеріне арналды делінеді.
Оның айтуынша, Йемен үкіметі азаматтық тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде ресми өтініш жасаған. Әскери жүктің төндірген қаупін ескере отырып, коалицияның әуе күштері аталған нысанға шектеулі соққы берген.
SPA агенттігінің хабарлауынша, коалиция Біріккен күштері деэскалация шараларын жалғастырып, Йеменнің заңды үкіметі мен коалициямен келісілмеген кез келген шетелдік әскери көмекті бұғаттауды көздейді.
Бұған дейін АҚШ пен Ұлыбритания Йемен аумағындағы хуситтер нысандарына бірлескен соққылар жасағаны хабарланған болатын.