Сауд Арабиясында ұсталған қазақстандық спортшы бір жылға сотталды

Жазда Сауд Арабиясында ұсталған қазақстандық спортшыға бір жыл түрме жазасы тағайындалды.
Бұған дейін оның не себепті ұсталғаны белгісіз болған еді, алайда соттан кейін Сыртқы істер министрлігі жағдайдың мән-жайын түсіндірді. Сергей Веселов 27 маусымда Мәдина қаласында қаржылық алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған. 3 қыркүйекте өткен сот отырысында ол кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды.
«Министрлік Сергей Веселовқа қолдау көрсетуді жалғастырады және оның құқықтарының сақталуын қатаң бақылауда ұстайды», - делінген СІМ хабарламасында.
Еске салайық, жазда Сергей Веселовтың әкесі әлеуметтік желіде үндеу жариялап, ұлының 19 маусымда Астанадан Стамбұлға демалуға кеткенін, кейін байланыс үзілгенін хабарлаған. Кейіннен оның Мәдинада ұсталғаны анықталған, бірақ ұзақ уақыт бойы себеп белгісіз болып келген.
19 жастағы Сергей Веселов – Шығыс Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен әлем және Азия чемпионатының жүлдегері.